Әлем • 17 Сәуір, 2022

Ресей АҚШ-қа ескерту жасады

546 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қара теңізде Ресейдің «Москва» крейсері суға батқаны туралы ақпарат бірнеше күннен бері қызу талқыланып жатыр. Бұл апатқа не себеп болғаны туралы Украина мен Ресейдің ресми мәлімдемелері бір-біріне қарама-қайшы.

Ресей АҚШ-қа ескерту жасады

Ресей Қорғаныс министрлігі борттағы оқ-дәрілер түсініксіз өрттің салдарынан жарылып, кеме портқа қайтып келе жатқанда суға кеткенін мәлімдеді, ал Украина тарапы кемені өзінің «Нептун» зымырандарымен шабуылдағанын хабарлады. Ресейдің қорғаныс министрлігі дәлел ретінде «Москва» крейсерінің экипажы бейнеленген суреттерді жариялады. Ресей өрттен немесе суға батқан кезде зардап шеккендер туралы хабарлаған жоқ.

Келесі күндері Украинаның бірнеше аймағында тұрғын­дар­ға ескерту жасалып, үйлерінен, жертөледен шықпауға кеңес берілді. Украинаның астанасы Киев қаласының басшысы Виталий Кличко зымыран шабуылынан бір адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алғанын хабарлады. Львовта да жарылыстар естілген. Аймақ басшысы Максим Козицкийдің айтуынша, зенит бөлімшелері Ресейдің Су-35 ұшақтары атқан төрт круиздік зымыранын жойғанын атап өтті. Дүйсенбіден бастап Мариуполь қаласына кіруге және шығуға толығымен тыйым салынады деген де хабар тарады. Бұл дегеніміз қаланың оқшауланып, халықтың эвакуацияға не гуманитарлық көмекке қол жеткізе алмайтынын білдіреді.

Сондай-ақ Ресей өткен аптада АҚШ-қа Украинаға қару-жарақ жеткізу арқылы жағдайды ушықтырып жатқанын айтып, АҚШ пен НАТО бұл әрекетін тоқтатпаса, «аса ауыр салдары болуы мүмкін» деген ескертумен ресми дипломатиялық нота жіберген болатын.

Ресей Ұлыбританияның санкциясына жауап берді. Ұлыбритания үкіметінің лауазымды тұлғалары, оның ішінде премьер-министр Борис Джонсон, премьер-министрдің орынбасары-әділет министрі Доминик Рааб, сыртқы істер және қорғаныс министрлерінің басшылары Элизабет Трасс пен Бен Уоллес және бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй Ресей Федерациясына кіре алмайды.

«Ұлыбритания үкіметінің бұрын-соңды болмаған дұш­пан­дық әрекеттеріне байланысты, атап айтқанда, Ресей Федерациясының жоғары лауазымды тұлғаларына санкция­лар енгізуіне байланысты, Ұлыбритания үкіметінің негізгі мүшелері мен бірқатар саяси қайраткерін Ресейдің стоп-тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды», делінген Ресейдің сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Толық тізімге жоғарыда айтылғандардан бөлек, көлік министрі Грант Шеппс, ішкі істер министрі Прити Пател, қаржы министрі Риши Сунак, бизнес, энергетика және өнеркәсіптік стратегия министрі Квази Квартенг, цифрлық технологиялар, мәдениет, БАҚ және спорт министрі Надин Доррис, қорғаныс министрінің орынбасары Джеймс Хиппи, Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен, Англия мен Уэльстің бас прокуроры Суэлла Браверман кірген.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі 13 саясаткердің Ресейге кіруіне тыйым салынуына байланысты тікелей жауап берген жоқ, бірақ үкімет өкілі Ресейдің басып кіруін тағы бір рет айыптаған мәлімдеме жасаған.

24 ақпаннан бастап Ресейге енгізілген Батыс санкциялары ірі экономика иесіне қарсы жасалған ең ауыр шара екені айтылды.

БҰҰ қақтығыс басталғаннан бері 1900-дан астам бейбіт тұрғынның өлімін тіркеген, бірақ бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін ескертеді. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының (АҚЖКБ) мәліметі бойынша 24 ақпан мен 14 сәуір аралығында қаза тапқан 1982 азаматтың 162-сі балалар болған. Тағы 2 651 бейбіт тұрғын жарақат алған, оның 256-сы бала. Өлім мен жарақаттардың көпшілігіне атыс пен әуе соққылары себеп болған.

Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар Мишель Бачелет бұған дейін Киев астанасының жанындағы Буча қаласында қаза тапқан бейбіт тұрғындар туралы хабар­ла­ма­лар­дың жантүршігерлік болғанын және «соғыс қылмыстары туралы маңызды және алаңдатарлық сұрақтар» көтеретінін айтқан, сондай-ақ ол дәлелдерді сақтауға шақырды.

Украина президенті Володимир Зеленский қазіргі уақытта соғыс кезінде 2 500-ден 3 мыңға дейін украин әскері қаза тауып, 10 мыңға дейіні жарақат алған деп мәлімдеді.