14-17 мамыр аралығында ҚР СІМ-інің Жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаевтың жетекшілігіндегі делегацияның Португалия мен Мальтаға сапары болды, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Лиссабонға сапар мақсаты дипломатиялық паспорт иелеріне визалық талаптарды жою жөніндегі қазақстандық-португалиялық келісімнің келіссөздер үдерісін аяқтау, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша екіжақты қатынастарды нығайту, сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ны қоса алғанда халықаралық ұйымдар форматындағы мәселелерді талқылау болды.
Сонымен қатар, Португалия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысымен келіссөздер барысында ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне дайындық, Португалия сыртқы істер министрі Луиш Амадудың Қазақстанға сапары және өзге де бірқатар мәселелер қозғалды.
Португалия сыртқы саясат ведомствосының басшылығы біздің еліміздің сыртқы саясат және экономикалық жетістіктерімізге жоғары баға берді, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қызығушылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да қазақстандық бастамаларға қолдау көрсете беретіндіктерін жеткізді.
СІМ делегациясының Оңтүстік Еуропа елдеріне жасаған сапары 17 мамыр күні Мальта астанасы – Валлеттеде жалғасты. Онда ҚР СІМ-інің Жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаев Мальта СІМ-інің Хаттама және консулдық қызмет департаментінің бас директоры Джоанна Пизани ханыммен келіссөздер жүргізді. Тараптар түрлі салалардағы екіжақты мәселелерді талқылады, соның ішінде консулдық өзара ықпалдастық саласы да назардан тыс қалған жоқ.
Мальта тарапы екіжақты байланыстардың дамып келе жатқанын ескере отырып, қазақстандық дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату жөнінде Мальта үкіметі тиісті шешім қабылдағаны туралы хабардар етті. Өз кезегінде Р. Жошыбаев әріптесіне достық ниеті үшін алғысын білдіріп, Қазақстан да мемлекеттік ішкі процедураларды аяқтаған соң мальталық дипломатиялық паспорттардың иелеріне тиісті тәртіп орнататындығын атап өтті.
Қорытындысында қазақстандық дипломат Мальтада ҚР Құрметті консулын тағайындау ниеті бар екендігін жеткізді. Аталған шара қазақстандық-мальталық қарым-қатынастың барлық бағытын, әсіресе, сауда-экономика саласын едәуір белсенділендіретіні күмәнсіз.