«Биыл бүкіл шекара ашылады – құрлықтық шекара да, әуе шекарасы да. Визасыз режим бойынша да шектеулер алынып тасталды. Қазір 73 бағыттағы мемлекет бойынша визасыз сапарға жол ашық. Осыған байланысты бізге туристерді тарту жұмысын жандандыру керек. Оның үстіне, өздеріңіз білетіндей, туризмді дамытуға арналған Ұлттық жоба қабылданды. Соның аясында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бірқатар мақсат қойылған. Нақтырақ айтсақ, ел ішінен елордаға қатынайтын туристердің де, өзге мемлекеттерден келетін туристердің де санын көбейту қажет. Пандемия кезінде ішкі туристердің саны артқанын көрдік. Жалпы қазақстандықтардың туристік объекттерге деген қызығушылығы артты. Шетелден келетін туристер туралы айтсақ, өкінішке қарай, олардың саны кеміді. 1 жылда Нұр-Сұлтанға шамамен 78 мың турист келген. Ұлттық жоба бойынша, биыл 263 мың шетелдік турист тарту жоспарланған», деді басқарма басшысы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында.
Сондай-ақ ол қала ішінде туристер тасымалдайтын қосқабатты автобустар әлі де қызмет көрсететінін атап өтті.
«Бұрын 3 автобус бар еді. Пандемия кезінде оның біреуі Ақтауға жіберілді. Ол жақта да туризм дамып келеді. Сонда биыл екі автобус турист тасымалдайды. Бұл шараға 5 млн 600 мың теңге қарастырылған», деді Ержан Балтаев.
Kazakh Tourism-нің мәліметі бойынша, елде ішкі туризмге сұраныстың артуына байланысты қонақ үйлер мен демалыс орындары қызметі 90%-ға артқан.