Қазақстан • 19 Сәуір, 2022

Президент өкілеттігін шектеу қалай жүзеге асады?

1006 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Әділет министрі Қанат Мусин Мемлекет басшысының өкілеттілігін қайта қарау мәселесіне тоқталып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы баяндады.

Президент өкілеттігін шектеу қалай жүзеге асады?

Әділет министрі Прези­дент­тің өкілеттігін қайта қарауға және оның Мемлекет басшысы лауазымында болуына байланыс­ты қызметіне енгізілетін шектеулер жайында атап өтті.

Ең алдымен, заңдар мен заң­дық күші бар жарлықтар шыға­ру жөніндегі өкілеттіктер алып тасталғаны айтылды. Пре­зи­денттің заң шығару саласындағы жекелеген өкілеттіктері шек­те­летін болады. Қ.Мусиннің айтуынша, Президенттің Үкімет актілерінің күшін жою және қолданылуын тоқтата тұру құқығы жойылды. Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалар және мемлекеттік органдар мен ұйым­дарды қаржыландыру жүйесін бекіту міндеті де Үкіметке беріл­ді. Бұрын Президенттің шеші­мімен орындалып келген ау­дан және ауыл әкімдерін қыз­метке тағайындау немесе сай­лау тәртібі де өзгерді. Бұл ре­формалар Парламенттің, Үкімет­тің, жергілікті атқарушы орган­дардың рөлін күшейтуге бағыт­талғаны хабарланды.

«Жолдауда Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұру­ға міндетті екенін заң жүзін­де рәсімдеу ұсынылды. Мұн­дай тыйым Орталық сайлау комис­сиясының, Есеп комитетінің және Конституциялық кеңестің төр­ағалары мен мүшелеріне, әкімдер мен олардың орынба­сар­ларына да қатысты болатынын атап өткен жөн. Бұл жаңалық бар­лық мемлекеттік аппараттың жұмысына оң әсерін тигізіп, саяси бәсекелестікті арт­тыруға ықпал етеді және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасайды», деді Әділет министрі Қ.Мусин.

Қасым-Жомарт Тоқаев ха­лыққа Жолдауында Мем­ле­кет басшысының жақын туыс­тары­ның мемлекеттік және квазимем­ле­кеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына Конс­­­ти­туция деңгейінде тыйым са­лу жөнінде ұсыныс жариялады.

Әділет министрі заңнамаға сәйкес жақын туыстарға кімдер жататынын атап өтті. «Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір немесе ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамада жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгіленген», деді Қ.Мусин.

Сенат депутаттарын таға­йын­дау мәселесіне келсек, Мем­лекет басшысы Парламент Се­на­тындағы президенттік кво­таны 15 депутаттан 10 депу­татқа дейін қысқартуды ұсын­ды, олардың бесеуін Қазақстан хал­қы Ассамблеясы ұсынатын бо­лады. Осылайша Президент Пар­ламенттің жоғарғы палатасына 5 депутатты, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы 5 депутатты анықтайтын болады. Ассамблея депутаттарды бұрынғыдай сайлау арқылы анықтамайды.

Президенттің Жоғары Сот кеңесінің құрамына қатысты өкілеттіктері де өзгереді. «Конс­титуцияда белгіленген қолданыс­тағы тәртіпке сәйкес, Прези­дент Жоғары Сот кеңесі­нің құрамын жасақтап, Консти­ту­циялық кеңестің төрағасын тағайындайды. Енді Консти­туциялық кеңес пен Жоғары Сот кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Парламент Сенатының депутаттарына беру ұсынылды. Жоғары Сот кеңесінің құрамы заңмен айқындалатын болады», деп атап өтті Әділет министрі.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жергілікті жерлерде әкімдер мен мәслихаттарға шешім қабылдау кезінде көбірек дербестік беру мәселесін көтергені белгілі. «Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерін тоқтатып, күшін жою жөніндегі құқығын, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерін жұмыстан босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіктері жойылады», деді Әділет министрі Қ.Мусин баспасөз жиыны барысында.

Бұл ретте жарияланған бас­тамаларды жүзеге асыру үшін «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Консти­ту­циялық заңына және басқа да бір­қатар заңға өзгерістер енгізі­летіні айтылды. Тиісті заң жобалары Парламенттің қарауына тамызға дейін енгізіледі, ал оларды жыл соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.