Экология • 19 Сәуір, 2022

Орнитолог ғалымдар бас қосты

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне қарасты педагогика интитутында Азия даласының биологиялық әралуандығын сақтап қалу және зерттеу мәселесіне арналған халықаралық конференция өтті. Аталған білім ордасында осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған ғылыми жиынға Қазақстанның өзге өңірлері мен АҚШ, Израиль, Украина, Германия, Литва және Ресей елдерінің ғалымдары Zoom арқылы қосылды.

Орнитолог ғалымдар бас қосты

Ауқымды іс-шараның ашылу рә­сімінде құттықтау сөз сөйлеген университет ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев алдымен халықаралық конференцияның қазақтың көрнек­ті геолог-ғалымы, Ғылым акаде­мия­сының тұңғыш президенті Қаныш Сәтпаевтың туған күніне орайластырылғанын атап өтіп, жиында қаралатын мәселелердің бүгінде әлем ғалымдарының назарын аударып отырғанын айтты.

– Бүгінде климаттың өзгеріп бара жатқаны, өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрінің азайып кетуі, тіпті жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр­ғандығы, жаңа аурулардың пайда болуы жұмыр жердің бетін мекен еткен барша адамзат баласын алаңдатып отыр. Бүгін Ахаң университетінің қабырғасында 7 елден 140 ғалым бас қосып, осы өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірнеше бағыт бойынша қарастырмақ, – деді Ербол Исақаев.

Конференцияға қатысушылар отыз жылдан астам ғұмырын Солтүстік Қазақстанның орнитофаунасын, жырт­қыш құстар миграциясы мен ұя салу ерек­шеліктерін зерттеуге арнаған бел­гілі орнитолог Евгений Брагинді еске алды. Ғалым 2020 жылы корона­вирус індетінен көз жұмған болатын. Профессормен бірге әр жылда­ры Науырзым қорығы мен Алтын дала табиғи резерватында зерттеу жұ­мыстарын жүргізген шетелдік ғалым­дар Евгений Александровичтің әлемдік орнитология ғылымына қосқан үлесі елеулі екенін атап өтті.

– Евгений Александрович Науыр­зым қорығындағы құстар әлемін зерт­тей жүріп, 2002 жылдан бері Қоста­най мемлекеттік университетінің студент­теріне дәріс оқи бастады. 2012 жылы біржола университетке жұмысқа келді. Орнитологиялық зерттеулерін осы жерде жалғастырды. Ол жыл құстарының көшу жолын зерттеу үшін Қазақстанда алғашқылардың бірі болып спутник белгі бергіш құрыл­ғыларды пайдаланды. Ал қанатты жыртқыштардың бір-бірімен өзара қатынасын және басқа да құстармен қарым-қатынасын зерттеу үшін шетелдік әріптестерімен бірлесіп молекулалық-генетикалық әдістерді жиі қолданды, – деді ғалымның жары, биология ғылымдарының докторы Татьяна Брагина.

Конференцияның негізгі бөлі­мінде техногендік агроэкожүйе жағ­дайындағы дала өсімдіктері, Қазақ­станның далалық ландшафты және оның туристік әлеуеті, Қазақстандағы дала экожүйесі және оның қорғалуы деген мәселелер сөз болды. Ғалымдардың айтуынша, далалық ландшафтардың адамзат өркениетінің даму тари­хындағы орны ерекше. Сондықтан дала табиғатының ерекшелігін жан-жақ­ты зерттеу маңызды. Осыған орай, 2008 жылы Қазақстанның да­ла­лық аумақтары ЮНЕСКО-ның Әлем­дік мұралар тізіміне енгізіліп, Науыр­зым және Қорғалжын қорықтары ха­лық­аралық деңгейде зерттеле баста­ған. Конференцияда осы зерттеу жұмыс­тарының нәтижелерін жинақтап, жоғары білім беру бағдарламасына енгізу туралы ұсыныстар айтылды.

 

Қостанай облысы