АЛТЫННАН, КҮМІСТЕН АЛҚА ТАҚТЫ
Қарағандыда бұл биік құрметке бөленген әйелдер қатары 61 анамен толықты. Жеті және алты балаға әлемнің жарығын сыйлаушылар шаһардың ең әсем демалу орнына арнайы шақырылып, салтанатты жағдайда марапатталды. Қала әкімі Бауыржан Әбдішев 27 анаға “Алтын алқаны”, 34 анаға “Күміс алқаны” табыс етті. Бір уақ күнделікті қарекеттен қолдары босап, өнерпаздардың ән мен күйден шашуына көңілдері өскен көпбалалы аналар бір жасап қалды.
Қазір қала бойынша 90 ананың кеудесінде осындай алқалар жарқырайды. Кейінгі үш-төрт жылда шаһарда шаттығы шалқыған көпбалалы шаңырақтар саны арта түскен.
Айқын НЕСІПБАЙ, ҚАРАҒАНДЫ.
ҚАРАЖАТТЫҢ ИГЕРІЛУІ ҚАРАЛДЫ
Өткен жұмада облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаровтың төрағалық етуімен дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін бөлінген бюджет қаражатын толық, тиімді және мақсатты пайдалану жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы болды.
Отырыста “Жол картасы” бағдарламасының инвестициялық жобалар бағыты бойынша жоспарланған қаражаттарға өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындылары, әлеуметтік жұмыс орындары мен жас кадрларды дайындауға, қайта даярлауға бөлінген қаражаттың игерілуі қаралды.
Аймақта 5291 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызатын 128 жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар басталып та кеткен.
Өткен жұмада облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаровтың төрағалық етуімен дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін бөлінген бюджет қаражатын толық, тиімді және мақсатты пайдалану жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы болды.
Отырыста “Жол картасы” бағдарламасының инвестициялық жобалар бағыты бойынша жоспарланған қаражаттарға өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындылары, әлеуметтік жұмыс орындары мен жас кадрларды дайындауға, қайта даярлауға бөлінген қаражаттың игерілуі қаралды.
Аймақта 5291 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызатын 128 жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар басталып та кеткен.
Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.
БАТЫР ТОЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Бауыржан Момышұлының туғанына биыл 100 жыл толады. Мерейтой ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін болғандықтан, оны қазақстандықтардың ғана емес, сонымен бірге, көзі ашық, көкірегі ояу күллі әлем жұртшылығының қуанышы деуге де болғандай.
Дегенмен, “Тас түскен жеріне ауыр” дейді халық. Мерейтой алдындағы салмақ, әсіресе, қаһарман дүниеге келген өңір басшылығына түсері анық. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өткен аптада Жуалы ауданында болып, ондағы батыр тойы қарсаңындағы дайындық барысымен танысты. Аудан әкімі Бағлан Қарашолақовтың айтуынша, бүгінде батыр тойына дайындық жұмыстары жақсы жүргізіліп жатыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
ҚОС КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ
Облыстық мұрағат және құжаттамалар басқармасы Қызылжар өңірінің тарихынан саналуан сыр шертетін қос кітаптың тұсаукесерін өткізді. Бірінші туынды “Солтүстік Қазақстан облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында” деп аталады. Онда майдан мен тылда ерен ерліктің үлгілерін көрсеткен солтүстікқазақстандықтар туралы тың деректер ұсынылған. Кеңес Одағының Батырлары мен “Даңк” орденінің толық кавалерлері жайлы да кең мағлұматтар берілген.
Екінші жинақ облыстың, ауданның бірінші басшылары жайлы өмірбаяндық анықтама түрінде құрастырылған. Онда әр жылдары басшылық қызмет атқарып, облыс экономикасына зор үлес қосқан М.Аммосов, Ж.Қизатов, Е.Әуелбеков, Ж.Тәшенов, М.Сағдиев, В.Демиденко, Н.Болатбаев, Ф.Моргун, тағы басқа айтулы тұлғалар, қоғам қайраткерлері жөнінде баяндалады.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
АРДАГЕР ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Ұлы Отан соғысына қатынасқандар арасында мұнайшылар да бар. Солардың бірі – Оспан Шәрімұлы. Ол мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы жұмысын алғашында ағаш ұстасы болып бастаған екен. Соғыстан “Қызыл Жұлдыз” орденімен оралған мұнай өнеркәсібін өркендету үшін Ескене кәсіпшілігінде түрлі қызметтер атқарған. Күрделі жөндеу цехында, бензин зауытында тынымсыз еңбектеніп, жастарға өзінің тәжірибесін үйретуден жалықпаған.
Өткен аптада ардагер-мұнайшының есімі Доссор кентіндегі үлкен көшенің біріне берілді. Осыған орай өткен салтанатта Мақат ауданының әкімі Сырым Рысқалиев, ұлы Ибағали Шәрімов, жазушы Аманкелді Жылқышиев және Оспан қарттың тәрбиесін көрген мұнайшылар естеліктер айтты.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӨШПЕЛІ СЕМИНАР
Саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы адам денсаулығын нығайту мәселесіне ерекше назар аударылуы тиіс. Осы мақсатты көздеген екі күндік республикалық көшпелі семинар Талдықорғанда өтіп, оны Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары ұйымдастырды.
Семинарда ана мен бала денсаулығын қорғау, дұрыс тамақтану, жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері жайлы жұртшылықпен кеңінен пікір алмасылып, оның нақты жолдары ортаға салынды. Қазіргі кезде өңірдегі аудандар мен қалаларда аталған орталықтар жұмыс істесе, “Дос” жастар денсаулығын қорғау орталығының жұмысына жақсы баға беріліп, оның тәжірибесі кеңінен насихатталды.
Соңғы күні тыңдаушыларға сертификаттар тапсырылып, белсенділер марапатталды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
“ПОЙЫЗДАН САҚТАН” АЙЛЫҒЫ
Сібір мен Орталық Азияны жалғастырып жатқан Семейді тоғыз жолдың торабы десе де болады. Бұрынғыдан әлдеқайда азайып кетті дегеннің өзінде бұл қаланың үстінен күніне әлденеше жүк және жолаушы пойыздары өтіп жатады. Соған орай, оқыс оқиғалар да жиі кезігеді. Айталық, жыл ішінде темір жол бойында бес адам мерт болған. Соның бәрі екі жақтан да сақтық шараларының төмендігінен бе дейміз.
Осыны ескергендіктен, қазірде мұнда “Пойыздан сақтан” деген атпен айлық өткізілуде. Айлық барысында тәртіп сақшылары болат жол бойында, оқу орындарында қала тұрғындарымен, оның ішінде, әсіресе, жол тәртібін сақтай бермейтін жастармен түсініктеме жұмыстарын жүргізуде.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.