Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Әлихан Абақановтың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап тұрақты даму қағидаттарына қырын қараған емес. Бұған еліміздің БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне қосылуы дәлел. Осылайша, Қазақстан тұрақты даму жолында кезең-кезеңімен жұмыс жүргізуде. Бүгінде елімізде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін институционалдық архитектура енгізіліп, тиімді жұмыс істеуде.
Қазақстанда Тұрақты даму жөніндегі үйлестіру кеңесі бар. Бұл барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, мәселелерді талқылауға арналған ашық алаң. Кеңес жұмысы тұрақты даму мақсаттарының бес негізгі бағыты (адамдар, жер, өркендеу, серіктестік және бейбітшілік) бойынша жүзеге асырылады. 2021 жылғы мамырдан бастап тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді мониторингтеу комитеті іске қосылды. Ол Ұлттық экономика министрлігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналады.
– Ұлттық шолу жетістіктерді дербес талдау және тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы сын-қатерлерді анықтау үшін қажет. Бұл дегеніміз – тұрақты даму бойынша 2030 жылғы күн тәртібінің жаһандық мақсаттары мен міндеттерін орындаудағы прогресті бағалауды жүргізетін және есеп беретін процесс, – дейді Ә.Абақанов.
Қазақстан алғашқы ерікті ұлттық шолуды 2019 жылғы 16 шілдеде Нью-Йорктегі БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі саяси форумында ұсынған болатын. Екінші ерікті ұлттық шолуды Экономикалық зерттеулер институты Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп дайындауда.
Екінші ерікті ұлттық шолуды дайындау үшін БҰҰ жыл сайын мемлекеттерге бес басым мақсатты ұсынады. Осы жылы бес басым бағытқа «Сапалы білім», «Гендерлік теңдік», «Теңіз экожүйелерін сақтау», «Құрлық экожүйелерін сақтау» және «Серіктестік» еніп отыр. Әр елдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, басым бағыттарды анықтауға мүмкіндік бар. Қазақстан да осы жолды таңдады.
Экономикалық зерттеулер институтының тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры Бақытгүл Хамбардың айтуынша, біздің ел басым бағыт ретінде келесіні таңдаған: «Кедейлікті жою», «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», «Сапалы білім беру», «Гендерлік теңдік», «Таза су және санитария», «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу».
– 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетудегі және Қазақстанның міндеттерді орындауындағы маңызды сәт – 2021 жылдан бастап мемлекеттік жоспарлаудың жаңа архитектурасын қалыптастыру. Бұл ретте 2021 жылы тұрақты даму мақсаттарының ұлттық индикаторлары бекітілді. Олар елдегі тұрақты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізуге ықпал етеді, – дейді Б.Хамбар.
Оның айтуынша, ерікті ұлттық шолудың алғашқы таныстырылымынан бергі үш жылдық кезеңде Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша бірқатар маңызды іс-шараны жүзеге асырды. Атап айтқанда, халықты атаулы әлеуметтік қолдау шаралары әзірленді. Тұрақты даму саласындағы жобаларды қаржыландырудың кешенді ұлттық стратегиясын әзірлеу бойынша жұмыс басталды. Экономиканың көміртекті бейтараптығы бойынша жұмыс жүргізілуде. Гендерлік теңдіктің болуы, білім беру және медициналық мекемелерге қолжетімділікті кеңейту және басқа да бағыттар бойынша мемлекеттік органдардың құжаттары талданды.
Экономикалық зерттеулер институты Қазақстанның дамуын қаржыландыруды және жедел кешенді бағалау сияқты құралдарды пайдалана отырып, үлкен талдау жұмысын жүргізді. Оның нәтижелері де екінші ерікті ұлттық шолуда көрініс табады.
– Қазақстанның дамуын қаржыландыруды бағалау тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ағымдағы прогресті, проблемалық салаларды да бағалауға мүмкіндік берді. Бағалау мемлекеттік бюджет елдің стратегиялық мақсаттарын қаржыландырудың негізгі көзі болып қала беретінін көрсетті. Дамуға бағытталған қаржыландыру 2015 жылдары ішкі жалпы өнімнің шамамен 75 пайызына жетті. 2016-2019 жылдарда ішкі жалпы өнімнің 54,9 пайызы дамуға бағытталды. Бұл ретте елдің басқа көздерден, оның ішінде жеке ресурстардан дамуды қаржыландырудың үлкен әлеуеті бар. Дамуды қаржыландыруды бағалау бюджет процесі жүйесіне тұрақты даму мақсаттарын бюджеттеу қағидаттарын біріктіру қажеттігін көрсетті, – дейді Б.Хамбар.
БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш Қазақстанды тұрақты даму мақсаттарын 2015 жылы қабылданған сәттен бастап қолдап келе жатқанын жеткізді.
– Биыл екінші ерікті ұлттық шолу еліміздің 17 өңірінде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге мүдделі тараптар мен халықтың белсенді қатысуымен дайындалды. Бұл тұрақты даму мақсаттарының «ешкімді артта қалдырмау» негізгі қағидатына сәйкес келетін инклюзивті процесс ретінде ерікті ұлттық шолудың сапасы мен объективтілігін арттыруға ықпал етеді. Ерікті ұлттық шолу консультацияларына 2 мыңға жуық адам қатысты. Шолуда олардың пікірлері ескеріледі, – дейді В.Времиш.
Еске сала кетейік, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің жаһандық рейтингінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ықтимал 100 балдан 71,6 балл жинап, 165 елдің ішінен 59-орынды иеленді. 2020 жылмен салыстырғанда өз позициясын 6 тармаққа жақсартты (71,1 балл, 65-орын).