Қаржы • 20 Сәуір, 2022

Салымшылар кепілді өтем алады

154 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда барлығы 9 банкте тарату үдерісі жүріп жатыр. Олар­дың салымшыларына кепілдік берілген өтем сомасының 98%-дан астамы төленген. Бұл шамамен 113,1 млрд теңгені құ­рай­ды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының маман­дары кепілдік берілген өтемді төлеу және талап етілмеген өтем со­маларын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару тәртібін түсіндірді.

Салымшылар кепілді өтем алады

Таратылатын сегіз банктің са­лымшылары өздеріне тиесілі өтем ақшаларды соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 1 м­а­мы­­рына дейін ала алады. Бұл «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Эксимбанк Қазақ­стан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank» АҚ салымшылары. «Capital Bank Kazakhstan» АҚ лицензиясынан ке­йінірек айырылғандықтан, оның салымшыларының кепілдік бе­рілген өтемді соңғы күнін қоса алғанда биылғы жылдың 3 шіл­де­сіне дейін алуға мүм­кін­дік­те­рі бар.

Өтем алуға өтінішті дәстүрлі тә­сілмен немесе Төлем­дер­дің элек­трон­ды порталы (ТЭП) арқылы онлайн бере аласыз. Онда төленуге қолжетімді соманы тексеруге және өтініштің орындалу барысын қа­да­­ғалауға болады. Сонымен қатар салымшылар лицен­зиясынан айырылған банктің салымшыларына өтем төлеуге та­ғайындалған агент банктер ар­қылы да өті­ніш бере алады. Ке­піл­дік берілген өтемді төлейтін агент банктердің бөлімшелері туралы ақпаратпен олардың сайттары арқылы танысып шығуға мүм­кін­дік бар.

Төлем мерзімі аяқталған соң, талап етілмеген өтем сомалары са­­лымшылардың БЖЗҚ-да ашыл­ған, ерікті зейнетақы жарна­ла­рын есепке алуға арналған жеке зей­нетақы шоттарына ауда­ры­ла­ды. Бұл шараны қор «Қазақ­стан Республикасының екiншi дең­гейдегі банктерiнде орналас­ты­рылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Қазақстан заңына сәйкес күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырады. Осылайша, таратылатын сегіз банктің клиенттері өтем ақшаларының БЖЗҚ-ға аударылуын осы жылдың 31 мамырына дейін, ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары 2 тамызға дейін күте алады.

Еске саламыз, төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшы жазбаша өтінішпен қорға тікелей жүгінеді. Өтінішпен бірге дәлелді себептерді растайтын құжаттар да қоса беріледі. Дә­лелді себептерге: әскери қыз­мет­ке орналасу, депозитордың шетелде, бас бостандығынан айы­ру орындарында болуы, салым­шы­ның мұрасын қабылдау және мұраны ашу және алуға қатысты өзге де себептер, сондай-ақ сот анықтаған басқа да мән-жайлар жатады.

БЖЗҚ мамандары өз кезе­гін­де таратылатын банк­тер­­дің са­лымшыларының талап ет­пе­­­ген өтем сомалары Қазақ­стан Рес­публикасының зейнет­ақы­­­мен қамсыздандыру заңна­ма­­­сында көзделген тәртіппен са­лым­шылардың атына ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есеп­ке алуға арналған жеке зей­нет­­ақы шоттарына аударылатынын атап өтті.

Талап етілмеген кепілдік бе­ріл­ген өтем сомасы БЖЗҚ-ға са­лым­шының дербес деректері БЖЗҚ-дағы деректермен сәйкес келгенде және салымшының жеке басын куәландыратын құжаты бар болған жағдайда аударылады. Сондай-ақ салымшыда міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары есебінен ашылған, зейнетақы жинақтары бар ЖЗШ бар болуы қажет.

Бірақ бұл үшін салымшыларға БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ – егер барлығы талапқа сәйкес келе­тін болса, өтем сомасы БЖЗҚ-ға автоматты түрде аударылады.

Бұдан басқа БЖЗҚ мамандары ЖЗШ-ға есептелген өтем сомаларының басқа зейнетақы активтері секілді инвестиция­ла­натынын мәлімдеді. Яғни бұл сома салымшыға (алушыға) ин­вес­тициялық табыс әкелетін болады.