Дегенмен екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһарда шешімін күткен мәселе де жетерлік. Мәселен, орталықтан шалғай жатқан «Шөлдала», «Құмшағал» тұрғын үй алаптарын ауызсумен қамту әлі күнге дейін өзекті. Сол сияқты шеткі саяжайларға су құбыры тартылмаған соң, асфальт салу да мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар қазір қала ішіндегі бағдаршамдардың жағдайы мүшкіл. Жел тұрса болды, жалп етіп өшіп қалады. Одан кейін қала көшелерінде ұзын-сонар кептеліс басталып, тіпті жолаушылардың өміріне қауіп төнетін жағдайлар жиі кездеседі. Сондай-ақ тұрғындардың дені қала көшелерінің тозғанын, салынған балалар ойын алаңқайларының талапқа сай емес екенін және өзге де әлеуметтік мәселелерді жиі көтереді. Биыл да 716 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екен. Әрине, бұл айтылғандар қаладағы мәселелердің бір бөлігі ғана.
Тараз қаласындағы күрделі мәселенің бірі – тұрғын үй мәселесі. Жыл сайын мемлекет көмегінің нәтижесінде жүздеген адам баспаналы болса да, бұл мәселе өзекті күйінде қалып тұр. Бүгінгі таңда қала бойынша 20 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде, 60 мыңнан астам тұрғын жер телімінің кезегінде тұр. Былтыр 1 460 адамға жер телімі берілген. Бірақ биыл бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жүйесіз жұмыстарды сынға алған болатын. Облыс басшысы Тараз қаласының дамуы жөнінде жиын өткізгенде, жергілікті шенеуніктер оған дайын болмай шықты. Бірқатар басшылар құрғақ сөз бен қағаз бетіне түскен деректерді оқумен ғана шектелді. Тараз қаласында қазір 4 432 жұмыссыз тіркелген. Ал қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариевтің айтуынша, биыл 1 024 адам жұмыспен қамтылған. Бір қарағанда қалада жұмыссыздық мәселесімен күрес қызу жүріп жатқан сияқты. Ал шындығында солай ма? Бірақ оған Н.Нұржігітов жыл басынан бері осынша адам жұмыспен қамтылса, айналасы үш-төрт жылдың ішінде жұмыссыздық мәселесі мүлдем болмайтынын, бұлай қағаз жүзінде ғана жұмыс істеуді қою керек екенін айтты. Қағазбастылық пен құрғақ сандарды «сөйлетудің» қарапайым халыққа керегі жоқ. Нақты, нәтижелі жұмыс болмаған соң, әлгіндей әкімдердің сырғытпа жауабы жұмысты жүйеге түсірмейтіні анық.
Қазір Тараз қаласындағы аумақтық инспекторлардың да жұмысы көңіл көншітпейді. Әр аумаққа бекітілген инспекторлар сол аумақтың басшысы болғандықтан, күрделі мәселелерді назарға алып, шешілуіне атсалысу керек. Бірақ бүгінде бұлай болмай тұр. Жиында №1 аумақтың инспекторы Сағындық Үсіпбеков, №4 аумақтың инспекторы Нұржан Жұмағұлов, №8 аумақтың инспекторы Болат Баудинов және №10 аумақтың инспекторы Нұрлан Қанатов атқарған жұмыстарын баяндағанымен, оларды облыс әкімі сынға алды. Себебі инспекторлар өздері жұмыс істеп отырған аумақта қандай мәселе бар екенін білмейді. Осы уақытқа дейін мәселе де көтермеген. Бір сөзбен айтқанда, елдің ішінде жүріп, мәселелерін тыңдап, оны тиісті орындарға жеткізбеген. Тек жұмысты бөлім басшыларына сілтеумен келеді. Ал аумақтарда қордаланған мәселе шашетектен. Тіпті көптеген аумақтың қоқыс мәселесіне дейін шешілмеген.
Алда Тараз қаласын жаңаша дамыту жоспары тұр. Бұл үшін көне шаһардың басшылығынан бастап, аумақтық инспекторларына дейін санға емес, сапаға жұмыс істеуі маңызды. Халықтың талап-тілегі де осы. Көп басшылардың әлеуметпен тығыз байланыста бола алмай отырғанын айтқан Н.Нұржігітов енді сылтауды көп айтып, халыққа жақын болмаған басшылармен, аумақтық инспекторлармен бірге жұмыс істей алмайтынын айтты. Ал «Жұмыс жедел, жаңаша жүретін болсын» деген талабына жергілікті шенеуніктердің қаншалықты шыдап бере алатыны белгісіз...
Жамбыл облысы