Аймақтар • 20 Сәуір, 2022

Жас отбасылар аллеясы

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде екі айлық санитарлық тазалық шаралары басталды. Осыған орай Қостанайда ұйымдастырылған алғашқы сенбілікте қала көшелері мен саябақтар қар астынан шыққан қоқыстан тазартылып, жүздеген ағаш көшеті отырғызылды. Ал қаладағы триатлон-парктің жанындағы алаңқай енді «Жас отбасылар» аллеясы деп аталатын болды. Бұған дейін ашық жатқан тақыр жерге волонтер жастар, спортшылар, ұстаздар мен экобелсенділер, сондай-ақ он шақты жас отбасы арнайы келіп қайың көшеттерін отырғызды.

Жас отбасылар аллеясы

Көпшілік тарапынан қолдау тапқан игі бастаманы көтеріп жүрген «Жанашыр бол» қоғамдық қоры екен.

– Бүгін отырғызылған көшеттер тамыры бекіп, бойлап өскенше суары­п, күтімге алу жағын біздің еріктілер өз мойындарына алып отыр. Биыл отырғызылған отыз шақты көшет, осындай игі шаралар жиі болып тұрса, жыл сайын көбейіп, алдағы уақытта үлкен саябаққа айналар деген үмітіміз бар. Әсіресе көктемде бас қосып, шаңырақ көтерген жас отбасылар осы жерге келіп екі түп ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырады деген ойдамын, – деді қордың төрайымы Сәбина Распекова.

Іс-шараға атсалысқан әрбір отбасы өздері отырғызған қос түп ағаштың жанында естелік суретке түсіп, ағаш өсіп тұрған орынды кейін адаспай тауып алатындай етіп белгі қойып жатты. Былтыр ғана шаңырақ құрған ерлі-зайыпты Руслан Ясменко мен Анна Смирнова үш түп ағаш отырғызыпты.

– Мұндай шараларға алғаш рет қатысып отырмыз. Бірін­ші­ден, өзіміздің қоршаған ортаны жа­сыл­дандыруға атсалыс­қа­нымызға қуанамыз. Екіншіден, келешекте бала-шаға­мызды осы жерге ертіп келіп, өзіміз отыр­ғыз­ған ағаштарды көр­се­тіп, оларға өз ісімізді үлгі-өнеге етеміз, – дейді Руслан Ясменко.

Neco қоғамдық қорының же­текшісі Наурызбек Бірмағам­бетовтің айтуынша, Жас отбасылар аллеясына келешекте қайың­­нан бөлек әр түрлі ағаш көше­т­терін отырғызған абзал. Жалпы, биыл облыс аумағын жасыл­­дан­дыруға 700 млн теңге бөлініп отыр.

 

Қостанай облысы