«Наурызда Қазақстанның Украинадағы елшілігі Львов қаласына уақытша көшірілгені белгілі. Сонымен қатар Польша мен Молдовадағы елшіліктерімізге уақытша өз қызметін атқару үшін екі қызметкерден жіберілді. Елші Дархан Кәлетаев жақында кеңес өткізу үшін Қазақстанда болды. Оның қорытындысы бойынша қазіргі кезеңде екі қызметкерді - әскери атташе мен кезекші комендантты тұрақты орналастыру үшін Киев қаласына қайтару туралы шешім қабылданды», дейді А. Смадияров.
Ведомствоның ресми өкілі елшіліктің басқа қызметкерлері әзірге Львов пен Киев арасында қатынай жүріп қызмет істейтінін атап өтті. «Елші және басқа қызметкерлер Львов пен Киев арасында қатынап жүреді. Өйткені біздің Киевтегі елшілігіміздің ғимараты қажетті жұмыс пен консулдық қызмет көрсетуге бейімделген. Сонымен қатар құжат айналымы үшін барлық қажетті техникалық коммуникациялары бар. Қазіргі таңда елшіліктің Львов қаласында орналасуы азаматтарымыз бен қандастарымызды эвакуациялаудың жалғасып жатқан процесі, соның ішінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен түсіндіріледі», деді СІМ өкілі.
Оның мәліметі бойынша, ҚР елшілігін Киевке толық қайтару туралы түпкілікті шешімді елшінің ұсынысы бойынша ҚР Сыртқы істер министрі қабылдайды.