Өзін «банк менеджері» ретінде таныстырған ер адам әйелге қоңырау шалып, біреу оның атына несие алуға өтініш беріп жатқанын айтты. Петропавл тұрғыны бұл ақпаратты растамады. Содан кейін ер адам оған «қауіпсіздік қызметкері» хабарласатынын ескертті.
Екінші қоңырау WhatsApp-тан түскен. Жәбірленушіге есепшотына қатысты қолсұғушылықты болдырмау үшін ірі сомада несие алып, ол ақшаны қосалқы шотқа жіберу ыңғайлы болады деп сендірген.
«Алаяқ банк қауіпсіздігі қызметі тергеу жүргізіп жатыр деп айтқан, сондықтан банкке барғанда, «қылмыскерлерді үркітіп алмау үшін» ешкімге ештеңе айтпау қажеттігін ескерткен. Қала тұрғыны банкке барып, 4,5 миллион теңгеге несие ресімдеген және өзінің жинаған қаражатын қосып, қылмыскерлер айтқан шотқа аударған. Бұдан кейін алаяқ әйелді екінші банкке барып өз атынан тағы бір несие ресімдеуге көндірген. Әйел ол ақшаны да «арнайы есепшотқа» салдырған», деп түсіндірді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Тек бірнеше күннен кейін ғана Петропавл тұрғыны алаяқтарға алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
«Аталған дерек Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жалпы шығын - 10 млн теңгеге жуық. Адамдарды қандай жағдай болмасын, банктен шалынатын қоңырауларға сенбеуге шақырамыз. Егер қаражатыңыздың сақтығына қатысты күмән болса, банкке барып, сол жерде анықтаңыздар», дейді М. Жұмалиев.