Тараз қаласындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және білім бөлімдерінің ұйымдастыруымен “Отбасы – Отанның ошағы” атты мәдени іс-шара болып өтті.
...отабасы мерекесі болды
Ол үлгілі отбасылар арасындағы спорттық жарыстармен басталды. Мақсаты отбасы құндылықтарын насихаттау болып табылатын аталған іс-шарада Тоқсанбаевтар отбасы – 1, Рожко отбасы – 2 және Зубков отбасы 3-орынды жеңіп алып, арнайы тағайындалған бағалы сыйлақтарға ие болды. Ән-күй байқауында Малдыбаев, Аманов және Сайтжанов отбасыларының өнерлеріне көрермендер ризашылықпен қол соқты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,Тараз.
...акция бастау алды
“Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалы мен экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық департамент бірлесе отырып, “Сіздің “Жемқорлыққа жол жоқ” деуіңіз маңызды” республикалық ақпараттық-насихаттық акциясының тұсауын кесіп, баспасөз мәслихатын өткізді.
Сөйтіп, адамдардың сыбайлас жемқорлыққа деген төзбестік көзқарасын қалыптастыруға, сондай-ақ, оның белең алуын төмендетуге қол жеткізуге маңыз беріліп отыр. Осы акция аясында қоғамдық қабылдаулар өткізу, сенім телефондары бойынша жұмыс істеу, “Жас Отан” жастар қанатының күшімен сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған семинар-тренингтер ұйымдастыру, рейдтерге шығу қарастырылған.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,Ақтөбе облысы.
...“Ашық есік” күні өтті
Қай салада да бірігіп атқарған жұмыс берекелі болатыны заңдылық. Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Серік Байбатыров бастаған әскерилердің “Ашық есік” күніне саладағы судьялар мен прокуратура, өңірдегі әскери бөлімдер мен гарнизон басшылары қатысты. Жиын барысында әскери бөлімдер мен гарнизондардағы тәртіп, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуі ортаға салынды.
Халықтың тыныштығын сақтауды басты борыш санайтын әскерилер өміріндегі тұрғын үй, тағы басқа түйінді жайлар көтеріліп, оған Әскери сот төрағасы жан-жақты жауап берді. Мәселен, әскери қызметте жүріп, түрлі себеппен бірер жыл үзіліс жасап, қайтадан әскер қатарына кіргендерге зейнетақы тағайындауда мәселе туындайды екен. Осы кезде жасалатын жеңілдіктер жайлы қойылған сауалдарға заң аясында жауап қайтарылды.
Күмісжан БАЙЖАН,Алматы облысы.