Сарапшылардың айтуынша, елімізде соңғы күндері тәуліктік мұнай өндіру деңгейі 225 мың тоннаны құраған. Бұл КТК терминалында төтенше жағдай болғанға дейінгі көрсеткіштен 12 пайызға төмен.
«Теңізшевройл мұнайдың бір бөлігін – айына 200-300 мың тоннаны Атырау-Самара арқылы және теміржол тасымалы көмегімен айына 180 мың тоннаны Батуми портына жөнелте бастады. Сондай-ақ «КТК-К» жүйесінен мұнай жеткізілімдерін қайта бөлуге байланысты компания Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан жеткізілімдердің ұлғаюын күтуде. Сәуірде «Атырау-Самара» бағыты арқылы 157,4 мың тонна деңгейінде Қарашығанақ мұнайын, 60 мың тонна Қашаған мұнайын экспорттау жоспарланған. Атасу-Алашанькоу арқылы 40 мың тонна Қашаған мұнайы Қытайға жіберілмек», деп жазады Energy Monitor.
Сәуірдің басында Қазақстан кен орындары тәулігіне 192 мың тонна мұнай өндірген және бұл наурыздың басындағы көрсеткіштен 25 пайызға төмен. Сол кезде сарапшылар «Бұл – Қазақстан соңғы күндері тәулігіне 420 мың баррель мұнайға аз өндіріп жатыр деген сөз. Демек күн сайын мұнайдан түсетін 43 млн доллар экспорттық түсімнен айырылып отырмыз», деген еді.
Ал қазіргі 225 мың тонна көлеміндегі өндіріс – сәуірдің басындағыдан сәл де болса жоғары. Соған қарамастан күніне кемі 20-25 млн доллар экспорттық түсімнен айырылып жатқанымыз белгілі.
Мұнай саласының мамандары осы орайда Ұлттық қор қаражатын оңды-солды ала берудің де тәуекелі жоғары боларын еске салады.
«Бүгін (5 сәуір – ред) Үкімет экономиканы қолдау мақсатында Ұлттық қордан қосымша 1,6 трлн теңге алу туралы шешім қабылдады. Қазір қордағы ақша көлемі – 55 млрд доллар. Үкімет бюджетті мұнай бағасы барреліне 90 доллар, теңге курсы 460 кезінде қайта қарап, осындай шешім қабылдап отыр. Егер мұнай бағасы барреліне 90 доллардан төмендеп кетсе, онда 2023 жылы Ұлттық қорға сүйену үлкен тәуекел тудырады. Өйткені қордағы шекті төменгі қалдықтың ІЖӨ-ге қатынасы 30 пайыздан кем болмауы тиіс», дейді.
Мұнай саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, егер мұнай бағасы қазіргі күйінде сақталып қалса, онда Ұлттық қор жылды 0,2 трлн теңге табыспен аяқтайды. «Бірақ қордағы қаржы көлемі 2014 жылғы 77 млрд доллардан 2022 жылғы 56 млрд долларға дейін азайғанын ескерсек, қордың жылды кіріспен аяқтайтынына сену қиын», дейді А.Нарымбетов.
Оптимизмге ерік бергіміз келсе де, биыл шығын болары айқын. Яғни Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, КТК-дағы апат салдарынан Қазақстанға келетін шығын мөлшері 100-150 млрд теңге көлемінде есептеледі. «Ешкім де дәл қазір нақты цифрды айта алмайды. Бәрі апат салдарын жоюдың қанша мерзімге созыларына, әрі қарай санкциялық шаралардың болу-болмауына байланысты. Ал негізі шығын мөлшері 100-150 млрд теңге мөлшерінде бағаланып отыр», дейді министр.
«Теңізшевройл» осы айда алдын ала жоспарланған 23 партияның (2,6 млн теңге) орнына 17 партия (2,12 млн теңге) мұнай шығаруды жоспарласа, «Қашаған» ертеректе жоспарланған 16 партияның (1,75 млн теңге) орнына 12 партия (1,5 млн теңгеге таяу) мұнаймен шектелмек. «Қарашығанақ» та әуел баста жоспарланған 11 партияны алтауға дейін қысқартпақшы. Сәйкесінше, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтингтің» табысы 870 мыңнан 715 мың теңгеге төмендейді.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, егер КТК биыл жұмысын толық қалыпқа келтірмесе, Қазақстан мұнай өндірісін 2,5 млн тоннаға дейін кемітуге мәжбүр болады. Министрдің айтуынша, терминалдағы жұмысы бұзылмаған жалғыз айлақ тәулігіне 110 мың тонна қазақстандық мұнайды тиеп жатыр.
Соңғы күндері баға біршама өсіп, Brent мұнайы барреліне 113 долларға жетті. «Қара алтынның» ерекше екпінмен қымбаттауына Ливиядағы аса ірі аш-Шарара кен орнындағы мұнай өндірісінің тоқтауы (елдегі саяси демонстрацияға байланысты) себеп болды. Алайда сарапшылар әлемдік бағаның өсуі Қазақстан үшін қуаныш емес, біз тап қазір экспорт ағындарын әртараптандыруға баса мән беруіміз керектігін айтады.
«Қазір Қазақстан тәулігіне 300 мың баррель мұнайды экспорттай алмай отыр. Түрікменстан мен Әзербайжан кезінде өздерінің экспорттық логистикасын сәтті диверсификациялай алды. Бұл екі елде де үш-үштен бағыт бар. Қазіргі жағдайда баяғы өндіріс көлемін сақтап қалу мүмкін емес. Сатылым көлемі «Атырау – Самара» мұнай құбыры арқылы ұлғайды. Бірақ бұл жерде де кемшілік бар. Өйткені еліміз КТК арқылы барреліне 100 доллардан жоғары сатылатын CPC Blend маркасын сатса, «Атырау – Самара» арқылы қазақстандық мұнай ресейлік Urals мұнайымен араластырылған қоспа ретінде саудаланады. Тиісінше бағасы барреліне 35 доллардан төмен болады. Яғни баррельдік коэффициентке байланысты да шығындар туады», дейді Energy Analytics телеграм-каналының авторы, мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.
Оның айтуынша, қазақ мұнайын Қытай, Әзербайжан, егер санкциялар алынса Иран арқылы да сатуға болады.
«Нарықтағы қазіргі бағадан молынан табыс тауып, оны маңызды тапсырмаларды шешуге жұмсаған жақсы еді. Алайда туындаған күрделі ахуал кезінде Қазақстан жедел түрде өзінің ұзақ мерзімді жоспарларын іске асыра бастауы тиіс. Ұзақ мерзімді стратегиямен айналысатын бәлкім жеке бір орган құрылуы қажет шығар. Бізде әртараптандыру жоспары, бірнеше жылға жоспар, ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар болуы тиіс», дейді ол.
«Қазтрансойл» сәуір айында Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында өндірілетін мұнайды экспорттау көлемін арттыратынын мәлімдеді. «Атасу – Алашанькоу» арқылы Қытайға қарай 40 мың тонна мұнай тасымалданса, «Өзен – Атырау – Самара» маршрутымен Ресейге 214,7 мың тонна мұнай жеткізілмек. Қытайдағы эпидемиялық ахуалдың тұрақтала бастауы және Еуроодақ елдерінің ресейлік мұнайдан түбегейлі бас тартуының мүмкін екені мұнай бағасын әрі қарай өсіре түсуге себеп болмақ. Қазір Еуроодақ банк секторы, оның ішінде «Сбербанкке» және Ресейдің мұнай жеткізу ісіне (Ресей мұнайына толық эмбарго жариялануы мүмкін) қатысты санкциялардың алтыншы пакетін әзірлеп жатыр.