Жақсының жалпақ даласында ел ырыздығы алтын дәннің тұқымын себуге қапысыз қамданған диқандар биыл 480 мың гектар алқапқа дән сіңіруді межелеп отыр. Қыс бойы қолда бар техниканы жөндеп, шама-шарқынша машина-трактор паркін жаңалап, еңбек майданынан әзірлік жасаған олар үшін қолбайлау жоқ тәрізді. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 7 мың тонна жанар-жағар май бөлінді.
Негізінде Жақсы ауданы берекелі аудандар санатында. Мұнда 15 ірі серіктестік бар. Соның бірі – Ишим ауылындағы «ИмранАгро» серіктестігі. Серіктестік жауапты науқанға жүзден астам адамды жұмылдырып отыр. Биылғы жылы 16 мың гектар алқап игерілмек.
– Дайындық жұмыстары сәуірдің алғашқы күндерінен басталды, – дейді серіктестік басшысының орынбасары Евгений Полежаев, – қосалқы бөлшектер сатылып алынды. Қолда бар алты К-700 тракторы мен алты тұқым себетін кешенді сақадай сай етіп қойдық. Ендігі мәселе – қолайлы мерзімді өткізіп алмау. Топырақ жаңа ғана жылына бастады. Қазір алқаптың не тілейтінін де ұғына алмайсың. Кей жылдары ерте сепкеннің есесі түгел болады да, кей жылдары сәл кештеу еккен диқандардың егіні жақсы шығады. Сондықтан ұрымтал тұсты қалт жібермей, қимылдап қалмақшымыз.
Ақкөл ауданында да көктемгі егіс науқанына дайындық аяқталып, еңбек жорығын өрістетуге бел буып отыр. Аудандағы 41 ЖШС мен 79 шаруа қожалығы 155 мың гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сеппек. Өткен жылға қарағанда алқап көлемі 987 гектарға артады. Оның ішінде 139 мың гектар жерге дәнді және бұршақ тектес дақылдар егілмек. Көнекөз диқандардың айтуына қарағанда, көктемгі далада еңбек көрігі қызған кезде бір тәулік емес, бір сағат қаңтарылып тұрудың өзі айтарлықтай шығын. Қолбайлау болмау үшін шешуші шақта маңызды жауапкершілік жүктелетін машина-трактор паркін әзір етуге бар күш-жігер жұмылдырылған. Ел ырыздығын еселеуге бағытталған тыңғылықты жұмыстың тындырымды нәтижесінде 1 127 трактор, 217 жүк машинасы, 370 дән себу қондырғылары, 950 жер өңдеу агрегаттары дайындалған.
Жыл сайын тәжірибе жинақтаған диқан егістік алқаптардың құнарлылығын арттыруға да мейлінше көңіл бөлуде. Ең бастысы, ылғал. Көктем туғалы көктен нәр тамған жоқ. Біз сөйлескен диқандар мұндай жылдары ылғал жабудың маңызы зор екенін айтады. Қара жердің қойнына сіңірілген дән осы алғашқы ылғалмен көктеп, жер бетіне шықпақ. Міне, сол кезде жауын молынан бір жауса егін басталғанша қорек етуіне жетіп жатыр. Аудан диқандары 7,5 мың гектар егістік алқапқа ылғал жауып үлгерген. 150 мың гектар алқап өңделген. Машина-трактор паркін заман талабына сай жаңғырту үшін 194,8 млн теңге қаражат жұмсалып, өнімділігі жоғары бірнеше жаңа техника сатып алынды. Қолдарында осындай қуатты техника болса, күні бұрын межеленген жұмыстың уақытында атқарылатынына нық сенімді.
Жақсы, сапалы тұқым – мол астықтың кепілі. Бүгінде шаруашылықтар тұқымын зертханалар арқылы сараптап, тексеруден өткізіп алған. Қолда бар тұқымның 13,5 мың тоннасы І класты.
– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ағымдағы жылы форвордтық сатып алу аясында несиелеу бағдарламасына қатысты. Бес шаруашылық көктемгі дала жұмыстарын уақтылы атқарып шығу үшін 1,16 млрд теңге несие алды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлжан Кенжина, –
аудан диқандарына 2 300 тонна жанар-жағар май қажет болса, оның
2 013 тоннасы жеткізілді. Ұйымдасып атқарған жұмыс барысында пәлендей қолбайлау болмауға тиісті.
Өңірде өткен жылы қуаңшылық болғанның өзінде гектар берекесін молайтып, ел ырыздығын еселеген ауданның бірі – Сандықтау. Биыл Сандықтаудың саңлақтары 324,8 мың гектар алқапқа тұқым сеппек. Оған қажетті тұқым да дайын. Шаруашылықтар барлық дәнді дақылдардың тұқымын зертханадан өткізіп, сапалы екеніне көз жеткізіп отыр.
Мол өнімнің бір негізі саналатын ылғал жабу жұмыстары 124,4 мың гектарда жүргізілмек. Егіс алдында 70,6 мың гектар алқап өңделуде. Егістік жер көлемі көп аудан шаруашылықтары 935 тракторды, 131 тұқым сепкіш кешенді, өзге де техниканы уақтылы дайындады. Құнарлы өлкенің даңғайыр диқандары биыл 55 мың гектар жерге қар тоқтатты. Демек ылғалсыз емес.
– Алдағы уақытта құрғақшылыққа шыдамды тұқым көлемін молайту қажет шығар, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – суармалы егістік алқаптарын көбейте түсуге талпынудамыз.
Ақмолалық диқандар қапысыз қамданған сыңайлы. Бар дайындықтың деңгейі уақытпен санаспай, қызу еңбек қайнаған кезде көрінеді. Қалай болған күнде де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар қажыр-қайратты жұмылдырып, ақық дәннің тасқынын молайтқанға не жетсін, шіркін?!