Осы процесті Мемлекеттік несие бюросының ресми сайтындағы «Ақпаратты қалай даулауға болады» және Бірінші несие бюросы сайтындағы «Ақпаратты даулау» бөлімдері арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Қызмет тегін ұсынылады. Өтінім қабылдау онлайн түрде іске асып, өтінім 15 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Кредитордан тиісті жауап келгеннен кейін өтінім берушіге несие бюросы тарапынан қажетті нәтиже (жауап) жіберіледі. Егер қате ақпарат анықталса және несие беруші түзетулер енгізсе, бұл өзгерістер өтініш берушінің несиелік есебінде көрсетіледі.
Жеке несие есебінде көрініс табатын ақпаратты даулау оқиғалары мынадай: Несие тарихында өтелген төлем кешіктірілді деп көрсетілсе; Жабылған келісімшарт бойынша қарыз бары анықталса; Алаяқтық жолмен өтініш берушінің атынан несие рәсімделсе; Егер кредиттік есепте өтініш беруші келісім бермеген ұйымның кредиттік тарихты алу туралы өтінішін көрген болса; Жеке деректер ішінде дұрыс емес ақпараттар жүрсе; Оңалту ережелерiнiң талаптарына сәйкес келетiн қарыз шарттары бойынша «оңалту» мәртебесi болмаған жағдайда.
Егер сіз жеке несие есебінде көрсетілген қандай да бір ақпаратпен келіспейтін болсаңыз, Бірінші несие бюросына (немесе Мемлекеттік несие бюросына) арыздана аласыз. Ол үшін fingramota.kz сайтындағы арнайы форма арқылы жеке деректер – ЖСН және телефон нөмірін енгізесіз. Дауласу үшін мерзімі 15 күннен кешікпеген өзекті несие есебін алуыңыз қажет. Оны да Мемлекеттік несие бюросынан (id.mkb.kz) немесе Бірінші несие бюросынан (www.1cb.kz) сұрай аласыз. Жеке несие есебі жылына бір мәрте тегін беріледі.
Несие тарихындағы даулау мәртебесін Мемлекеттік несие бюросының корпоративті WhatsApp чаты (+7 701 485 08 34) немесе Бірінші несие бюросындағы жеке кабинет арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік қарастырылған.