Спорт • 21 Сәуір, 2022

Юлия Путинцева Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шықты

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Ыстанбұл WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Юлия Путинцева Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 57-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетпен өткізді. Бұған дейін қарсыластар өзара бес рет кездесіп, соның төртеуінде М.Линетт жеңген еді. Бұл жолы бірінші партияда Путинцева 4:1 есебімен алға ұзады. Поляк қызы да қалыспай, таразы басын теңестіргенімен, қазақстандық теннисші тай-брейкте сәтті ойнады. Есеп 7:6 (8:6). Екінші сетте Юлия 6:4 есебімен басым түсті.

Екі сағат 8 минутқа созылған тартысты матчта Путинцева 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Юлия жүлде қоры 239 477 АҚШ долларына бағаланған жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 76-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен сайысқа түседі.