Өндіргенімізден тасымалдағанымыз көп
«Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығының жетекшісі Светлана Романовская наурыз айында көптеген өнім бағасы 30-40 пайызға қымбаттағанын, тіпті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс азық-түлік өнімдерінің де қымбаттағанын жеткізді. Жеңілдетілген несие бағдарламасы да қымбатшылықты тоқтатуға қауқарлы болмады. Әйтпесе, Magnum Cash&Carry желісіне жылдың соңына дейін барлық 19 NWPT (өнім тізімдері) позициясының бағасын тұрақтандыру үшін 5,7 млрд теңге, «Тоймарт» желісіне 4,8 мың тонна 12 түрлі өнімді арзандатылған бағамен сатып алу-сату үшін 430,2 млн теңге бөлінген. Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің басым көпшілігі импорт. Тіпті өзіміздің өнімдердің де қаптамасы Ресейден жетеді.
Ұлттық статистика бюросының деректерінде азық-түлік өнімдерінің 22 пайызы, азық-түлік емес өнімдердің 60 пайызы импорт екені айтылған. Азық-түлік импортының 20 пайызы Ресейдің үлесінде.
Наурыз айындағы инфляция деректерінде тауар номенклатурасы бойынша ақ қырыққабат – 49,6 пайыз, түйіршіктелген қант – 34,3 пайыз, пияз – 31,2 пайыз, сәбіз 15 пайызға қымбаттағаны айтылған. Сондай-ақ наурызда газ бағасы – 50 пайызға, бренд мұнайы – 38 пайызға, бидай – 30 пайызға, алтын 6 пайызға өсті. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та Қазақстандағы инфляция деңгейіне азық-түлік бағасы көбірек «үлес қосып» отырғанын айтып қалды.
Азық-түлік өнімдерін тұтынудағы импорт үлесі 22 пайыздан, азық-түлік емес тауарлар 60 пайыздан асады. Демек сырттан алып келген тауарға доллар ғана емес, логистикалық шығындар да әсер етеді. Формулаға салсақ, өнім бағасының 20 пайызы – логистикалық шығын, 30 пайызы – шетелдік валюта, өзгесі қосымша құн салығы және маркетингтік шығындар.
Наурызда доллар 485,5 теңгеден 472,8 теңгеге, сәуірдің бірінші аптасында 463,2 теңгеге дейін төмендеді. Бірақ бұл фактор да тауар бағасына әсер еткен жоқ. Алдағы бірер жылда әсер етуі де екіталай. Демек, импорттан ірге бөлмей жатып, азық-түлік бағасын долларға тели беруге болмайды.
Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, доллардың қысқа мерзімге құлдырағаны немесе мұнайдың қысқа мерзімде өскені жағдайымызды жақсартпайды.
Экономист Сапарбай Жобаев пандемия кезінде мұнай бағасы 25 долларға дейін арзандап кеткенін еске түсірді. Демек, жоғалтқанымыздың орны әлі толған жоқ. 2021 жылды 5,7 млрд доллар көлеміндегі шығынмен жаптық. Өндіргенімізден тасымалдағанымыз көп болды. «Бюджет табысының 8 трлн теңгесі салықтан түсті. Ал шығынымыз – 15,5 трлн теңге. 5 трлн теңгені Ұлттық қордан алдық. Мұнай түсімі олигархтардың қалтасында, одан қалғаны офшорға кетіп жатыр. Теңгеге де, ІЖӨ-ге дем беретін факторлар тым әлсіз», дейді С.Жобаев.
Сарапшы Мағбат Спанов та елдегі азық-түлік бағасы долларға ғана емес, логистикалық тізбектерге де тәуелді екенін айтады. Оның айтуынша, көрші Ресей санкциялар құрсауында тұр. Көлік-логистикалық жолдарымыздың бәрі Ресей арқылы өтеді. Демек, көрші елдегі санкциялардың салқыны біздің нарықты да қалтыратып жатыр.
«Біз бұл жағдайды реттей алмаймыз. Үкіметтен де кесімді шешім жоқ. Санкциялар шектелмесе, жағдайдың біршама тұрақталғанын күтуіміз керек. Себебі Ресеймен сауда айналымы тым тереңдеп кеткен. Өзге елдермен сауда байланысын шектегендіктен, Ресей тауарларының біздің нарықты да жаулап алу қаупі жоғары. Мұндай жағдайда нарықтың бағасын доллар ғана емес, рубль де реттейді», дейді сарапшы.
Оның пікіріне қарағанда, доллар арзандаса азық түлік те арзандайды деген түсінік нарықтың заңына қайшы. Бағаның нарық заңымен қалыптасуы үшін доллар да, теңге де, тіпті мұнай бағасы да кемі жарты жыл бойы тұрақты бағада болуы қажет. Бұл фактор теңгеге барынша жайлы климатты қалыптастырады. Бағаның қырық құбылып тұруын және бәсекеге ғана тәуелді болуын нарық заңы да құп көреді. Ал Қазақстан жағдайында баға мемлекеттік жолмен ғана тұрақталады немесе реттеледі. «Демек, бағаның кері шегінуі туралы айту қиын. Нарықтағы құбылмалылық та жоғары болып тұр. Доллар арзандаса, баға да арзандайды деген түсінікті ұмытып, тұтыну және азық-түлік нарығындағы үлесімізді көбейтуге ұмтылғанымыз жөн. Жуырда Үкіметте алдағы бес-алты жылдың ішінде халық жиі тұтынатын тауардың бес-алты түрін өзімізде шығару қажеттігі ашық айтылды. Бағаның тұрақтылығына жол ашатын басты фактор осы екенін Үкімет мойындады», дейді М.Спанов.
Сарапшы құрылыс және автокөлік нарығында қалыптасып отырған жағдайды да қаперге салып өтті. Бағасы еселеп өсіп жатқан автокөліктердің қосалқы бөлшектері Ресей транзиті арқылы шетелден келеді. Ал тұрғын үй нарығында қолданылатын құрылыс тауарларының 80 пайызы Ресей транзиті арқылы жетеді. Сондай-ақ Украина автокөлік пен құрылыс тауарлары тізбегінде жетекші рөл атқарып келгені де енді белгілі болып жатыр. Айталық, автокөлік электроникасына арналған бөлшектердің 40 пайызы – украиналықтардың еншісінде. Ал қазіргі жағдайды Ресейге 2014 жылы салынған санкциялармен салыстыруға келмейді. Сарапшы айтып өткендей, ол кезде рубль құлдырағанымен, санкциялық шектеулер әлдеқайда жеңіл болған.
Басқа сарапшылар да доллардың наурыз айындағы жағдайы мен азық-түлік бағасының көрсеткіші нарық заңына сәйкес еместігін айтады. Наурыз айында доллар 485,5 теңгеден 472,8 теңгеге дейін, сәуірдің алғашқы аптасында 463 теңгеге дейін арзандаса да азық-түлік бағасында өзгеріс жоқ. Ал мұнай бағасы жақын арада төмендемейтіні белгілі. Бірақ биылғы бюджетте мұнай баррелі 90 доллар деп белгіленді. Демек, Үкіметке теңгеге қысым жасайтын фактор емес, импорттың қымбат болып қала бергені маңызды.
Жағдай экономистердің болжамынан алыстап барады
«Болашаққа болжамды экономистер емес, халықаралық саланың мамандары ғана дөп басып айта алуы мүмкін. Жағдай экономистердің болжамынан алыстап барады. Санкция бүгін салынып, үш айдан кейін қайтып алынса да зардабы ондаған жылдарға дейін созылатыны халықаралық тәжірибеден белгілі. Сарапшылар мамыр айының басында Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс тоқтайтынын айтып жатыр. Әлемдік экономика тараптар арасындағы келісімнің беталысына қарап қайта түзілуі мүмкін. Жаңа тәртіп және көзқарас қалыптасады. Демек, біздің ішкі нарықтағы атмосфера да сол келісімдердің нәтижесіне қарай айқындалады», деп атап өтті М.Спанов.
Инфляцияны жеделдететін, бағаны қымбаттататын фактор долларға, рубль мен теңгеге ғана тәуелді емес екені белгілі. Бұған әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай да ықпал етеді.
Сарапшы Ерлан Ибрагим теңгенің құлдырап барып, дәл қазіргідей «есін жиып» алған кезі есте жоқ екенін айтады. Доллар бағамы да дәл қазіргідей деңгейде кері шегінген жоқ. «Рубль АҚШ валютасымен салыстырғанда 10 пайызға құнсызданса, ішкі нарықтағы баға 1 пайызға өседі. Ал доллар мен теңге дәлізінде теңге 10 пайызға құнсызданса, баға 1,5 немесе 1,7 пайызға өседі.
1 пайызы – доллар есебінен, 0,7 пайызы рубль есебінен құнсызданды. Біз қазір қосарланған валютаның қыспағында тұрмыз. Қытайдан контейнерді тасымалдау құны 3 мың доллардан 13 мың долларға дейін өсті. Металдардың, мұнайдың және газдың қымбаттауы өндірілген өнімдердің өзіндік құнының өсуіне әкелді. Тыңайтқыштардың қымбаттауы, өндіріс тізбегінің бұзылуы қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы шикізаты мен азық-түлік құнына әсер етіп жатыр. Бұл «өз жерімізде өссе де жеміс-жидек неге қымбат?» дейтіндерге жауап», дейді Е.Ибрагим.
Экономикадағы қарапайым заңдылық – айналымдағы ақша массасы мен тауарлардың арасында белгілі бір дәрежеде тепе-теңдік сақталмаса, ақша массасы ұлғайып кететін болса, тауар қымбаттайды. Сарапшының айтуынша, біздегі жағдай мүлдем бөлек. Экономикалық өсім аз, өндіріс әлсіз. Біздің ішкі экономикалық проблемалар сыртқы факторлардан да күрделі. Орындалуға тиіс, шешілуге тиіс жайттар дер кезінде орындалмағандықтан жағдай бақылаудан шығып, интервенцияның жалына жармасудан өзге жол қалмады. Осының бәрін Үкімет пен Ұлттық банк сыртқы фактормен байланыстырғысы келетінін көп сарапшы құп көре қоймайды.
Ұлттық банктің сайтында елдегі айналымдағы ақша массасы 26 трлн 800 млрд теңге екені айтылған. 2015-2018 жылдары 1 жылдың ішінде 3,5 трлн теңге басып шығарған кездер де болған. Мұндай жағдайда Үкімет бағаны реттегісі келсе де реттей алмайды.
Субсидия жолымен реттеу нарық заңына қайшы
Біздегі қымбатшылықтың ақша массасы мен тауар арасында үйлесімділік жоқ. Осыны айтқан сарапшы ақшаның көптігінен тауардың қымбаттап жатқанын жеткізді. «Біздегі қымбатшылыққа доллар мен рубльдің үлесі 1,5-1,7 пайыз екенін жоғарыда айттық. Экономика теңге мен доллардың ғана емес, көлеңкелі экономиканың да қыспағында тұр. 2021 жыл мен 2022 жылдың осы мерзімінде елден қанша ақша кеткенін білмейміз. Инвесторлар қаржыны Қазақстанда тауып, өзге елде жаратуға басымдық береді. Шикізат экспорты, импортқа тәуелділік деңгейі экономикада таңбаланып қалады. Елден шығарылған қаржы көлемі 100 млрд доллар екендігі айтылып жатыр. Бұл қаржыны елге қайтаруды ойлаған Үкімет оны қай бағытқа инвестициялау қажеттігін де қаперге алуға тиіс. Қысқасы, әзірге қазақ теңгесіне дем беріп тұрған фактордың шығар-шықпас жаны бар. 2021 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млрд доллардан асқаны біздің өзге мемлекеттерге тауараралық тәуелділігімізді көрсетеді. Осының бәрі экономикалық дағдарыстың туындауына алып келді», дейді Е.Ибрагим.
Сондай-ақ сарапшы теңге мен доллар дәлізі екі жолмен реттелетінін де айтып өтті. Бірі – әкімшілік, екіншісі – нарық заңы. Әкімшілік жолды таңдасақ, 1 доллар – 450-460 теңге, нарықтық жағдайда – 500-600 теңгенің айналасында болуы мүмкін. «Нарықтық экономикасы қалыптаспаған біздің ел үшін нарықтық тәсіл тиімсіз. Сондықтан екінші жолға басымдық беру арқылы инфляцияны шектеуге, базалық мөлшерлемеге мүмкіндік беріледі. 2021 жылды 10 пайыздық инфляциямен жаптық. Ал наурыздағы көрсеткіш 12 пайызды көрсетіп тұр. Мұндай жағдайда доллар 100 теңгеге дейін арзандаса да қымбат бағадан құтыла алмаймыз. Қымбатшылықты доллардың қанатына тели беру Үкімет пен Ұлттық банктің экономика алдындағы жауапкершілігін өзінен алыстатып жібереді», деп түйіндеді Е.Ибрагим.
АЛМАТЫ