Әдебиет • 22 Сәуір, 2022

«Періштелердің өлімі» әдебиетімізге бетбұрыс әкелді ме?

1552 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» – «Маузер». Бұл кітапта әдемі сезім атымен жоқ. Әдемі сезім деп отырғанымыз – лирика. Ал лирика жоқ болатын себебі, оған повесте орын да жоқ. Мұнда лирика сөйлемейді, маузер сөйлейді. Немістерден сатып алынып, орыс-жапон соғысында қолданылған қару. Соғыстан соң қазақ даласына көтерілісті басуға келген офицерлер ұстаған. Сондықтан да повестің «Бесатар» деп аталуы үлкен рөл ойнап тұр. Бірақ бізде кітаптардың аттары көбінесе бейтарап болып келеді. Соған сай шығарма мазмұны да бейтарап, беймарал.

«Періштелердің өлімі»  әдебиетімізге бетбұрыс әкелді ме?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазір бұқаралық коммуникацияның заманы. Сіз бен біздің қолымыздағы кітап та сол бұқаралық коммуникацияға жатады. Себебі, қанша көркем дүние жаздым десеңіз де, оқырман оны ақпарат ретінде қабылдайды. Сіз де заман, уақыт, қоғам, адамдар туралы толғанысыңызды ұсынып отырсыз. Ендеше ол жазған дүниеңіздің болып жатқан оқиғалардың бәрінен бейтарап тұруы мүмкін бе? Мүмкін болғанның өзінде, ондай қанша кітап макулатураға кеткенін білесіз бе? Себебі, оның бәрінің біздің ұлттық мүд­демізге де, күнделікті тіршілігімізге де қатысы шамалы.

Жазған кітабыңыздағы оқиға өмірде болған ба, әлде ойдан шығарылған ба? Бұл сұраққа Максим Горькийден бастап, талай жазушы жеріне жеткізіп жауап берген. Бұқаралық коммуникацияның дәурені жүре бастағалы бері осы сұрақ қайта тірілді. Оқырман бүгінде дерегі шамалы лириканы емес, қаны сорғалап тұрған ащы-тұщы тақырыптарды жазуды көбірек талап етуде. Бірақ оны қалай жазасың, қанын сорғалатып жазасың ба, мәселе сонда. Осындай тақырыптарды жазуды талап еткен оқырманның өзі де, қанша ауыр тақырып болса да көркем шығарма оқығандай ләззат алуы керек емес пе?!

Алдымен кейіпкерлерге келейікші. Қазір әдебиетімізде қаһарман көп. Бірақ бақсы мен диуана жоқ. Бақсы мен диуан­а бұрын мистикалық кейіпкер болған шығар. Ал бүгін олар маскарадтық, карнавалдық кейіпкерге айналуға тиіс еді. Шындығында ол ойын-сауықтан бұрын, трагикомедияға тән нәрсе.

Трагикомедиялық, маскарадтық, карнавалдық кейіпкерлер бір-бірімен өзектес, рухтас, тамырлас. Бақсылық тәннен бұрын, жанның дертін емдейтін тылсым күш. Диуаналық шындықты біреу айту керек деген ниеттен туған қасіретті образ.

Ал енді бүгін сол трагикомедия, мас­карад, карнавалдықтың бәрі әлеуметтік желіде жүріп жатыр. Қазіргі фейсбук, твиттер, мессенджер, телеграм, инстаграм дегеніңіз жатқан бір шеру. Оған өз саласында кез келген ақпаратқа қо­лы жететін инсайдерлікті қоссаңыз, оларға деген құрметіңіз арта түседі. Трагикомедиялық деп отырғанымыз, елден жасыратын ештеңе қалмады деген сөз. Маскарадтық деген сол, маскасын сыпырсаңыз, масқарасы шығады. Карнавалдық дейтін себебіміз, онда шындықты айдай әлемге жалаңаштап көрсетіп, артын шоуға айналдырып жіберу басым.

Қазір бізде онсыз да қасіретті күндерді қап-қара түнек етіп төндіріп жазу етек алған. Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» сияқты қылыштай суырып жазатын дүниелер сирек. Қас шеберлердің заманы өтті ме, білмеймін, бірақ кейінгі уақытта өтімді, өткір тақырыптар жылауық дүниелерге айналды. Ал жазушы қайткенде де сол тақырыпты жазуға тиіс, жазбаса ішін кернеп барады. Болса да, болмаса да лирикаға орын жоқ, ендеше оның орнын немен толтырады? Міне, осы кезде оқырманның көңілін аулайтындай сиқырлап жазу, магиялық әдіс-тәсілдерді қолдану, кез келген тақырыпты шоу мен шеруге айналдыру мәселесі алға шығады.

Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Пе­ріш­телердің өлімі» атты романы осы қалыпқа салып талдауға бірден-бір лайық шығарма. Бір кезде жазушының өзі де белді өкілі болып саналған дәстүрлі әдебиеттің шебін бұзған тосын да табысты туынды. Бұл роман жөнінде біз автордың өзімен ашу шақыратындай қатты пікірталасқа бардық. Сондықтан ол өзгеше мінезді қаламгер ретінде төмендегі пікірлерімізбен де келіспей жатса, еш таңғалмаймыз. Әдетте, жазушы шығармасын басқаша оймен жазып, сыншы басқаша қырынан танып жатса, онда тұрған да ештеңе жоқ. Мәселе біз заманға сай кітап іздегенде, қаһармандар туралы қалың шығармалардың арасынан осы романды тапқанымызда болып отыр.

Алдымен романды ұстап тұрған үш ұстынның басын ашып айтқанды жөн санадық. Ол – маскарадтық кейіпкер, трагикомедиялық сюжет, карнавалдық композиция. Маскарадтық кейіпкер дегенді ойын-сауықтық қана образ десек, қатты қателесеміз. Әлемдегі маскарадтық шоуларға байыппен қарасаңыз, оның ар жағынан үрей мен қайғыны көресіз. Ал карнавалда басты кейіпкер – орысша айтқанда шут, қазақша айтқанда масқарампаз. Масқарампаз осынау қызылды-жасылды, аста-төк той-думан­ның ішінде түрлі әшкерелеуші әрекеттер жасауымен көзге түседі. Осының бәрі­нің астарында қандай трагикомедия жатқанын тәптіштеп айта берген де артық шығар.

 Роман трагедиялық сюжетке құрылса да, қиял-ғажайып ертегі сияқты басталады. Қалаға жұмыс іздеп кеткен Ералы деген жігіттен бала-шағасына мол ақша үзбей келіп тұрады. Ақша да келеді, хат та келеді, бірақ өзі жоқ. Елдің бәрі ол мол ақшаға кірген болар деп ойлайды. Әлгі ауылда көздерін тырнап ашқаннан, қашан ұйқыға кеткенше ішер ас пен киер киімнің уайымын жейтін ағайынды екі жігіт бар. Сол екеудің кішісі Шертай ағасы Байшұбарға: «Аға, сол жаққа біз де барайықшы... Ералыны тауып алайықшы... Бәлкім, біз де орналасып, жолымыз болып кетер...», деп қыңқылдап қоймайды.

Адамның арманын осылай жазу, яғни оқырманның көңілінде ойнаудың сиқыры қандай екенін өзіңіз де біле беріңіз. Романда әр сәт құпияға, әр әрекет жұмбақ сырға, әр қадам күтпеген тосын сыйға толы. Ең бастысы жалған сезім, жасанды диалог, өбектеген өтірік мораль жоқ. Әлеуметтік желідегі адамдардың шынайылығы кітапқа үлкен шеберлікпен көшкендей әсер береді. Кейіпкерлер шынайы бейнесімен көрінсе, мұның несі маскарад, мұның несі карнавал дерсіз? Асықпаңыз...

Жұмыс іздеп жолға шыққандар, арман қуып алысқа аттанған адамдар секілді суреттеледі. Өздері соңынан іздеп бара жатқан Ералының нақ мекенжайын білмейді. Қолдарындағы конверттің сыртында хат жіберіліп тұрған пошта жәшігінің нөмірі ғана бар. Сол пошта жәшігі тұрған стансаға арып-ашып жетіп, бір күн күзетеді, екі күн күзетеді. Ауылдан алып шыққан қорлары таусыла бергенде, әлгі жерге қымбат көлікпен сырғытып бір сылқым келіншек келеді. Пошта жәшігіне кім хат салмайды, бірақ оның хат салғаны ерекше көрінеді.

Одан кейінгі оқиғалар да күтпеген жайттармен, бұлардың іштегі армандарымен үйлесе өрбиді. Сәлден соң екеуі әлгі сұлу келіншектің қымбат көлігінің ішінде кетіп бара жатады. Жазушы осы байғұстарға жақсы өмір сыйлайыншы дегендей, сиқырлы қаламын одан да әрі ынтықтырып жортақтата түседі. Келіншек оларды керемет зәулім үйге әкеліп, үш уақыт тамағы бар тап-таза жайға жайғастырып, Құдайдан тілеп ала алмайтын жұмысқа орналастырады. Қожайын бұлардың қасына келмейді, алыстан ғана көлбең етіп көрініп қойып жүреді.

Сылқым келіншек анда-санда ағайын­ды екеудің хаттарын поштаға са­лып келеді. Ауылдарына кәдімгідей қо­мақты ақша жіберіп тұрады. Ол аздай ағайынды екеудің үлкені Байшұбар мен әлгі келіншектің арасында интимдік қарым-қатынас орнайды. Бірақ құдіретті қожайын оған да назар аудармайды. Бұл неғылған «Мың бір түн» деп жүргенде, кейіпкерлермен бірге оқырманды да арбай түскен құпия сырдың да шеті шыға бастайды. Сөйтсе, құдіретті қожайын жыланның уынан дәрі жасайтын адам болып шығады.

Мұның бәрі құрдан-құр тізбектеліп жазыла салған оқиғалар емес. Әрбір эпизодтың астарында бүгінгі өмірдің ащы шындықтары бар. Кеше ғана жоқ-жітікпен жүрген адамдар сиқырлы таяқ­шамен тоқшылық өмірге топ ете қалғандай елестейді. Сөйтіп жүргенде қожайынның маскасы сыпырылып, адамдар мен хайуанаттар араласқан үл­кен ойын сахнасы алдымыздан жарқ ете қалады.

Бұл кітапты жан дүниесі нәзік, пси­хологиялық ауытқуы бар адамдар оқуға болмайтын сияқты. У дәрі алуға келгендер үйге кіріп, қожайынмен ұзақ сұхбат құрады. Уды біреуге беру үшін емес, өздері ішу үшін алады. Олардың араларында биік лауазым иелері де, керемет таланттар да, атақты байлар да бар. Солардың бәрі бұлардың көз алдарында өлім биін билеп жүргендей ауыздарын аштырып, көздерін жұмдырады. Өмірмен қоштасудың соншалықты қымбат тұратынын ағайынды екеу қайдан білсін. Ақшасы жоқ бір әйел: «Сендерде қайыр-садақа деген болмай ма? Бір жұтым уды бере салмайсыңдар ма?», деп жалынады. Оған қожайынның әйелі Лиза: «О не дегенің? Удың әр тамшысы бір түйір алтын!», деп жауап береді.

Ал бұлар болса, мұнда өздерінің қорлық өмірлері үшін жүр. Ералының да осы жолда бір пәлеге ұшырағанын сезсе де үндемейді. Тіпті өздерінің де Ералы сияқты жоқ болып кетуі мүмкін екенін білсе де дымдары шықпайды. Қожайын Ахмет пен оның сылқым келіншегі Лиза да оларды осы жолға барынша қапысыз да­йындап жүр. Олар ақырында қожайын бас­тап, өздері баптаған аттарға мініп жолға шығады. Ағайынды екі жігіт Байшұбар мен Шертай, қожайын Ахметпен үшеу. Күн­діз ұйықтап, түнде жорытып, жолда кездескен елді мекендерді айналып өтіп келеді. Алда адамға бауырын бас­тырмаған, аң-құстар мен жәндіктердің мекені болған Қызылқұм.

Бұған дейін әр эпизодты қызықтап қана оқысаң, енді еріксіз деміңді ішіңе тартасың. Романның ұзын ырғасын түсінікті болсын деп жазып отырған біз де, қағаз жетсе қалған бөлігін тұтас көшіріп беруге дайын едік. Кітаптың елу жетінші бетінен, жүз жетінші бетіне дейін сынық сөйлемді алып тастауға болмайтындай тығыз жазылған. Онда әрбір әрекет, қимыл, іс, ой, сөз, көрініс, сурет, бәрі ескерілген. Барлығы қоғам шындығымен астаса суреттелген. Ол жердегі сюжет құм арасында бір-бірімен шырматыла қозғалып, ширатыла көшкен ордалы жыландардай шым-шытырық. Оқып отырып ішің мұздап, денең түршігіп, табаныңның астын қарап, есің шығады.

Не керек, ағайынды екеудің бірі беліне арқан байлап, түбінде ордалы жыландар жатқан құдыққа түседі. Екіншісі арқанның бір ұшын саумалдап ұстап, төмен жіберіп тұрады. Кенет құдықтың ішінен шыңғырған дауыс естіледі. Бірақ ағасы інісін тартып ала алмайды. Себебі оларға соны істеткен қожайын мылтығын кезеніп тұр. «Қайта тарт!», деп бұйырғанда, әрең шыдап тұрған ол да арқанды шірене тартады. Сол кезде құдықтан інісінің орнына күп боп ісінген бір құбыжық шығады.

Бұдан қорқынышты не болуы керек деп ойлайтын шығарсыз. Одан кейінгі оқиға бұдан да қорқынышты. Жазушы оны тәптіштеп жазғанда нет­кен қаныпезер адам деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Бірақ ол осы оқиғаның бәрін сырттай бақылап, қағазға түсіруші суреткер ғана. Тіпті сізбен бірге қынжылып, қорқып, егіліп, езіліп, «аһ» ұрмайды да. Бар болғаны салқын қан, суық қаламмен оқиғаны бір-бірімен қиыстырып, асқан шеберлікпен қисынын келтіріп жазып отыр. Оның әрбір құраған сөйлемдері құмда сусыған жыландардай елестеп кететіні де бар. Ойлары да ордалы жыландардай түпсіз құдыққа құйылып жатыр. Одан әне-міне күп боп ісінген бір құбыжықтың образы шыға келетіндей өзіңнен-өзің қараптан-қарап отырып шошынасың.

Жазушы өзін де, оқырманды да аямайды. Өйткені қоғамның шындығы да сондай аяусыз. Ағасына інісінің ордалы жылан жабылып шаққан денесін қазанға салдырып, қайнатқызатыны содан. Одан таяқпен бұлғап-бұлғап у дәрі жасайтыны да шындық һәм сұмдық.

Көркем шығарма мұнымен аяқталса, қарадүрсін дүние болып шығар еді. Сондықтан жазушы інісінен айырылған Байшұбарды екіесті адам сияқты сен­делектетіп қояды. Оның басын аласапыран ойларға толтырып, өзімен-өзін ішкі арпалысқа түсіреді. Оған қожайынды ту сыртынан келіп, қайнап тұрған қазанға құлатып өлтіру оңайға соқпайды. Қанша дегенмен жұмыс беріп жарылқап, қолына күрек ұстатқан адам. Жұмыс үшін біреуге бағынышты болудың қасіретін бұдан артық қалай бейнелерсің. Бұл жұмысы барлар емес, тұрақты жұмысы жоқ қарапайым жандар бастан кешіп жатқан үйреншікті хал. «Ойбай, айтпа, жасыра тұр», дейін десең, әлеуметтік желіде бәрібір айтылып жатыр.

Романның басы тәтті өмірдің дәмін татқызып алатын шығыс тәмсілі секілді басталса, аяғы қазір әлемді жаулаған голливудтық сценариймен аяқталады. Қатты шерге батқан Байшұбар інісін жерлеген соң, қожайынның да жүзін жасырады. Сөйтіп құдық басында құм суырған екі төмпешік пайда болады. Одан кейінгі қазақы сценарий сол, елсіз құм ішіне полиция келмейді. Борандатып тікұшақ келіп қонбайды. Ешкім де дауыс ұлғайтқышпен «Қолыңды көтер!», деп айқайды салмайды. Сылқым келіншек те көліктен ыршып түсіп, құшағын ашып жүгіріп келе жатпайды. Байшұбар да бұдан әрі өмір сүрудің мәні жоғын терең ұғынып, өзін өзі оққа байлайды.

Сонымен құмдағы драма ойналып бітті. Дүние бір сәт есінен танып қал­ғандай болды. Бірақ адам ба­ла­сын осын­шалықты үмітсіздікке ұрын­ды­ру жазушының парызы емес. Ол кенет си­қырлы қаламын сілтеп қалып, дала театрының сахнасын қайта ашты. Орда­лы жыландар ыстық құмнан шығып, сал­қын құдыққа түсіп жатыр. Ендігі жерде алаңсыз күн кешерін білгендей шолақ кесірткелер де індерінен зытып шығып, зытып кіреді. Басқа аң-құстар да, құрт-құмырсқа жәндіктер де тыныш өмірлеріне қайтып оралған. Шығарма: «Әншейінде осындай алапат аптап кезінде өлімсіреп, салбырап қалатын сексеуіл жапырақтарына да оқыс жан бітіп, әлсіз қимылдап, жаңарып, жалтылдай қалыпты», деп аяқталады.

Осы соңғы сөйлемді оқығанда қоғам да жаңарар ма екен, біз де өзгерер ме екенбіз деген бір үміт сіздің де санаңызда жылт етіп оянады. Содан соң өзіңізге қатты әсер еткендіктен, бүкіл сюжетті қайта ой елегінен өткізіп, аспанға қарап бірқауым жатасыз. Сонда әлгі жұмыссыз адамдарды жыланға шақтырып, у дәрі жасайтын Ахмет есіңізге түседі. Оның жұмбақтау жүріс-тұрысын өзіңізге етене жақын біреуге ұқсатқандай боласыз. Бір әйелдің жеті баласымен соның жасаған уын ішіп өлетіні де ойыңызға орала кетеді. «Апыр-ай, Алматыда үш баласымен көпқабатты үйден секіріп өлген ана бір келіншектің тағдырына ұқсайды екен», дейсіз. Жазушы оны «солай болуы мүмкін, сақтансаңдаршы», деп алдын ала ескерткендей болыпты-ау», деп тағы қайран қаласыз. «Біз жазушыны неге тыңдамадық екен?», дегендей де дүбәра бір күй кешесіз.

Міне, жазушының қоғамдағы орны осылай болуы керек екенін айтпасақ та түсінген боларсыз. Кітаптың атының «Періштелердің өлімі», деп қойылуы да соңғы жылдары әлеуметтік желіні дүмпіткен нешеме қайғылы оқиғаларды еске салады. Жұрт айта салып, ұмыта қалатын небір қасіреттердің ізі осы романда жатыр. Бұл роман қоғам шындығын бетіне қарай алмайтындай қап-қара қылмай, түрлі-түсті етіп жазуға да болатынын көрсеткен. Біздің маскарадтық, карнавалдық, қала берді трагикомедиялық туынды деп отырғанымыз да сол. Бір күн оқып, үш күн ойлансаңыз, одан кейінгі күндерде де жадыңыздан шықпай жүрсе, одан артық не керек.

Шығармашылықтағы протестік ба­ғыттың бәсі қашан да биік екенін тү­сінбейтін ел емеспіз. Сондықтан мұн­дай шығармаларға оқырманның да ықыласы бөлек екенін ішіміз сезеді. Тек соған лайықты туындылар жазылмай жатқандықтан да қалың оқырман кітап оқудан шеттеп қалған болуы мүмкін. Кешегідей қанды қаңтар оқиғасының кезінде «Зиялы қауым – зиянды қауым», деген сөздің абайсыз айтылып кеткені де содан шығар. «Зиялы қауым» деп жазушыларды ғана айтпайды» деушілер де қоғамда кімнің орнын төмендетіп жатқанын өздері де білмейтін сияқты.

Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Пе­ріш­телердің өлімі», атты кітабын сөреге қойып жатып, басқа кітаптарға да көзім түсті. Олай қарасам да, бұлай қарасам да көбінің аттары тартпайды. Шетінен бет моншағы үзіліп қалған атаулар қойылған. Құдай біледі, бұлардың іші де сондай шығар деген көңілсіз ойларға берілмеске лажың да жоқ. Бәлкім олар бастан-аяқ лирикадан тұратын, жазғандары сезімге тиетін жап-жақсы-ақ кітаптар шығар. Бірақ бүгінгідей бар дүние бәске түскен заманда протестік шығармалар жоғары бағалануы тиіс қой. Бұған Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» кітабы еліміздегі ең үлкен сыйлықты қоғамдық пікірдің ескерілуімен алғаны айқын дәлел. Өз басым сонда әдебиеттің дамуына кедергі келтіретін бөгеттер тас-талқан болып бұзылған шығар деп ойладым. Егер шынымен солай болған болса, онда төл әдебиетіміздегі жаңа бетбұрысты Тынымбай Нұрмағанбетов бастады деп айтуға толық негіз бар. Ал әзірге бұл сұрақтың басы ашық десек, оған себеп те жоқ емес.