Қазақстан • 22 Сәуір, 2022

Ілияс оқулары өтті

974 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы мен «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы бірлесіп, бас қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 7-11-сынып оқушылары арасында алғаш рет республикалық деңгейде өтетін Ілияс Жансүгіров оқуларының қалалық іріктеу кезеңін өткізді.

Ілияс оқулары өтті

Мазмұнды іс-шараның мақ­са­ты – мектеп оқушылары арасында ақын шығармаларын насихаттау, жет­кін­шектердің әдеби көркем шығармаға құш­тарлығын арттырып, эстети­ка­лық талғамын қалып­тас­тыру.

Қазақ поэзиясының алыбына арналған іс-шараның ашылуында «Астана дарыны» орта­лығының бөлім меңгерушісі Құралай Баяхметова сөз алып, ақын оқуларының маңызына тоқталып, байқауға келген оқушыларға сәт-сапар тіледі.

Қалалық іріктеу кезеңіне бас шаһар­дағы 48 мектептен, 95 оқушы қатысуға өтініш берген. Байқау үш аталымнан тұрды.

Бірінші «Ілияс – эпик ақын» атты аталымға 20 оқу­шыға қатысып, ақын поэмаларын жатқа оқыса, солардың арасынан №80 мектеп- гим­назиясының 9-сынып оқушысы Ақерке Казимова топ жарды. Екінші «Сұлу сөздің сүлейі» аталымында 35 оқушы сыршыл суреткердің өлең­дерін, прозалық, драмалық шығармаларын мәнерлеп оқудан сынға түсіп, соның ішінен №58 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Нұрай Сапарбек ақынның 48 өлеңін мүдірмей жатқа оқып, бірінші орынды иеленді. Үшінші «Ағынды менің – Ақсуым» атты жас ақын­дар мүшәйрасы аталымында №86 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Асылжан Әртелбектің бағы жанды.

Енді аталған үш жеңімпаз Тал­дықорған қаласында өтетін Ілияс Жан­сүгіров оқуларының республи­калық байқауына қатысады.

Айта кетейік, №58 мектеп-гимназиясына Ілияс атамыздың есімі беріл­гендіктен енді жыл сайын ақын оқулары осы білім ордасында өтеді. Сондай-ақ жақында аталған мектепте қа­ламгер ұрпақтарының қаты­суымен Ілияс Жансүгіров орталығы ашылады.