2025 жылға қарай «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2 млрд жаңа ағаш отырғызу мақсатына қол жеткізуге шетелдік дипломаттар да өз үлестерін қосты. Сенбі күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Ботаникалық саябақта дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері 50 түп көшет отырғызды.
Бір қызығы, бір күн бұрын, 22 сәуірде бүкіл әлем қамқорлық пен қоршаған ортаны қорғауды бейнелейтін Жер күнін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жасыл трансформациясы аясында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуға көмектесуге міндеттеме алды. Біз әріптестерімізбен бірлесіп Нұр-Сұлтан ботаникалық бағында ағаштар отырғызып, 22 сәуірдегі Жер күнін атап өттік», деді Ұлыбритания Елшісі Кэти Лич.
Еуропалық одақ миссиясының басшысы Кестутис Янкаускас: «Ұлы даланы көгалдандыруға және климаттың өзгеруімен күресуге кішігірім, бірақ маңызды үлесіміз. Қазақстан мен Еуроодақ күштерді біріктіре отырып, анағұрлым таза қоршаған орта, су және ауа үшін күреске салмақты үлес қоса алады!», деп атап өтті.
Ал Нидерланд Елшісі Андре Карстенс мұндай шаралар Қазақстан халқының күнделікті өмірін жақсартып, экономиканы тұрақты түрде әртараптандыру үшін көбірек инвестициялар тартуға мүмкіндік береді деген пікір білдірді.