Экология • 25 Сәуір, 2022

«Эко» деген жалаң сөзге айналмауға тиіс

799 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамзаттың ортақ үйі Жер планетасының бүгіні мен ертеңі кімді болсын алаңдататын уақыт келсе де, қоршаған ортаны қорғау мәселесі әр кез ысырылып, назардан тыс қалып жатады.

«Эко» деген жалаң сөзге айналмауға тиіс

Өзіміз өмір сүріп отырған айналамызды қоқыстан тазартуды, көшет отырғызып, суаруды жылына бір рет 22 сәуір – Халықаралық Жер күні еске алатынымыз бар. Мұндай біркүндік акцияны халықты жыл бойы экология туралы құлақтандырып барып өткізсе тиімді болар ма еді? Ауаның ластануы, қуаңшылық, күннің жылынуы, ормандардың азайып, қоқыстың артуы секілді күрделі мәселелерді шешу үшін бұдан әлдеқайда кешенді жұмыс керек екені түсінікті. Алайда індеттің белгілері көзге оттай басылғанда ғана өртті сөндіруге асығатын әдетіміз ғой.

Қоршаған ортаның болашағына алаңдаушылық бүгін туындаған жоқ. Алайда мәселе күннен күнге ушығып барады. Ғалымдар бұл Жер бетіндегі экологиялық дағдарысқа алып келетінін ескертіп-ақ келеді. Бұл жағдайдың осы тақырыпқа қызығатын мамандар мен белсенділердің ауқымынан шығатын кезі келді. Табиғат ресурстарын қолданатын әрбір адам қоршаған ортаға тиетін зиянды түсініп, оны азайту үшін не істеуге болатынын шын ниетпен талқылайтын күнге жетуіміз керек. Экобелсенділік, экотуризм, экологияға зияны жоқ тауарлар мен қызметтер табыс көзін арттыруға тырысатын маркетингтің бір құралына және заманауи сәнге айналып үлгерді. Мұндай «жанашырлық» мағынасыз бос сөз бен әрекетке ұласты. Ал мәселенің жаһандық ауқымы «эко» сөзі жабысқан жылтыр қабықтың сыртында қалып қойды. Тіпті экологияға алаңдаушы­лық таныту адамның биік сана-сезімін, жауапкершілігін, Батыстың ақпараттық кеңістігінде барын білдіретін «арзан белгі» болып қана қалғандай. Қалай болғанда да, мұндай «сәнді» акциялар мәселенің маңызын жеңілдетіп жіберді.

Қоршаған ортаға төнген қауіптің ең ауыры – айналамыздың ластануы. Ауаның, судың және топырақтың ластануына пластмасса, ауыр металдар және нитраттар сияқты токсиндер мен зауыттар шығаратын, қазбалы отынның жа­нуы­­нан туындайтын, мұнайдың төгілуі­нен және өнеркәсіптік қалдықтардан та­райтын зиянды заттар мен газдар себеп болады. Мұндай лас ортада дүниеге келіп, өмір сүрген адамның денсаулығы мен өмір сапасы нашар болатыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта әлем халқының 91 пайызы ауа сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін жерлерде тұрады. Қытай мен Үндістан сияқты елдерде түтіннің қалыңдығы соншалық, күннің көзі көрінбейді, ал тұрғындары маска тағып жүруге мәжбүр. Ластанған ауа демікпені қоздырып, бала миының дамуын кешеуілдетуі мүмкін, ал егде жастағы адамдардың ақыл-есіне әсер етеді. Мұны Қытай, Канада, АҚШ-та жүргізілген зерттеулер дәлелдейді. Ірі қалалардағы автокөліктердің дабылы, сиреналар мен пойыздардың дауысы да ластанудың бір түріне жатады екен. Бұл «шудың ластануы» деп аталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған баяндамада жол қозғалысынан туған шу адам денсаулығына ауаның ластануы­нан кейін әсер ететін ең үлкен эколо­гия­лық қауіптердің бірі деп көрсетіл­ген. Қаланың азан-қазан тіршілігі де тұрғындардың денсаулығын нашарлататынын ұмытпау керек. Көліктің дабылын артық басып, улап-шулап қоғамға зиян келтіретіндерді Батыс елдеріндегідей заң бойынша тәртіпке салуды қарастыруға қалай қарайсыз? Аста-төк тағам қалдығы да өзімізді у­лап жатқанын көпшілік біле бермейді. Ауа­ның ластануы жыл сайын әлемде шама­мен 8,8 млн адамның өліміне әкеледі екен. Бұл темекіден қайтыс бол­ғандардан да көп. Алайда адам өлімі­нің себебіне ауаның ластануы деп көр­сетіл­мейтіні анық қой. Оның шын әсерін болжау ғана қалады.

Экология тақырыбынан жаһандық жылынуды бөліп алу мүмкін емес. Адам әрекетінен атмосфераға парниктік газдар көп бөлініп, планета жылына бас­тады. Парниктік газдар күн көзін атмосферадан өткізіп, Жер бетін жылытып тұрады. Онсыз тіршілік те болмас еді. Алайда олар күнделікті тіршілікте тым көп бөлініп Жерге түскен жылуды атмосфераға жібермей ұстап қалып, Жер­ді жыл сайын жылы мекенге айналдырып жатыр. Бұл өз кезегінде тем­ператураның көтерілуіне әкеледі, содан кейін теңіз деңгейінің жоғарылауына, полярлық мұз қабаттарының еруіне, су тасқыны мен шөлейттердің көбеюіне ықпал етеді. Жаһандық жылыну осынысымен қауіпті.

Бұдан бөлек жоғарыда айтып өт­кен қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратпасақ, мұхиттар мен сулар қоқыс­қа толып жатыр. Мамандар ядро­лық қалдықтар, пластмасса және электроника қалдықтары аса қауіпті деп ескер­теді. Қазақстан секілді дамушы елдерде қоқысты сұрыптап, өңдеу мәселесі кенже қалып қойғаны қынжылтады. Үйіңдегі қоқысты жеке-жеке жәшіктерге бөліп өткізейін десең, оны керек қылып жатқан үкімет жоқ. Мегаполистің өзінде сұрыпталған қоқысыңды өткізу үшін арнайы қабылдайтын жер іздеп, қаланы шыр айналып, әуреге түсесің. Мұның кімге көбірек керек екені түсініксіз. Қоршаған ортаны қорғағысы келген жандардың ізгі ниеті жанбай жатып сөнетіні осыдан. Қоқысты сұрыптау, өңдеуге қатысты жалпыұлттық қозға­лыстар керек-ақ.

Тұрғын үй, өнеркәсіптік немесе коммерциялық жобаларды салу үшін орманды отап, ағаштарды кескендердің әрекеті де қатаң сынға ұшырауы керек. Бүкіл әлем бойынша тыйылмай тұрған бұл әрекеттің салдары өте ауыр. Кеше ғана дүние жүзін екі жылға үйге қамаған пандемияның бір ұшы осы экология мәселесіне келіп тіреледі. Жабайы жан-жануардың тіршілік ортасына қол сұғып, мекенін тартып алған ашкөздіктің соңы да осылай болады. Ғалымдар жабайы табиғатта адамзатқа белгісіз вирустың сан түрі бар екенін, екі тіршілік иесі­нің шекарасы жойылып, етене арала­са бастаған кезде коронавирус секілді ғылымға бейтаныс індеттер жиі пай­­да болатынын айтқан. Ал ағаштардың азаюы оттегінің аз өндірілуін және оның температура мен жауын-шашынға әсер ететінін білдіреді. Табиғаттың тепе-теңдігін бұзғысы келген адамзаттың әрекеті із-түзсіз қалмайтынына көзіміз жетсе де, экологияға назар аударар түріміз жоқ.

Халықаралық Жер күніне орай жа­зылған бұл мақаланың жоғарыдағы біркүндік акциядан айырмашылығы не дерсіз? Айырмашылығы жоқ. Өкінішке қарай, бұл да сол көзбояушылықпен пара-пар. Алайда үнсіздіктің бағасы тым қымбат. Осыны түсініп, ысырапты сап тыйып, табиғаттан қол үзбей, дамыған қоғамның үндеуіне жаппай қосылатын кез баяғыда келді. Қателікті мойындап, бір оқырманға болсын ой салсақ – мақсатымыздың орындалғаны.