Қоғам • 25 Сәуір, 2022

…Бекер мал шашпақ

1969 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Осы әрекетті бес дұшпанның бірі ретінде атап көрсеткен хәкім Абай біреуді орынсыз сынап-мінеп, кек алу үшін емес, саналы жанға ой салып, ын­сап пен үнемшілдікті дәріптеп айтқаны анық. Сондықтан шаужайға жар­­мас­қан жағымсыз қасиеттерге талаптан басталатын бес асыл істі қар­сы қойып, жақсы мен жаманның парқын белгілеп, бар за­ман­ға жарай­­тын ғақлиясын бекер айтпаса керек. Қазіргі демократия ұғы­мы­на лайықтап айтсақ, әділетке көнсеңіз, адам болу қамы – әркімнің өз ер­кінде.

…Бекер мал шашпақ

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Өкінішке қарай, сол ежелгі дұш­пан­ның жаны сірі екен. Оған дініміз де, салт-дәстүріміз де, тіпті қоғамға арқау мемлекетіміз де қанша қарсы тұр­са да, етек-жеңімізге жабысып, жан-жағымыздан шырмауықтай қар­мап-ақ келеді.

Шілдехана сүйіншісінен бастап, әр деңгейдегі торқалы той мен топы­рақ­ты өлім арасындағы аста-төк ысы­рап­­шылдық, астамшылық, бекер мал шаш­пақ туралы аз айтылып, кем жазы­лып жатқан жоқ. Тіпті ақырғы тұрақ - зират пен мазаратта қымбат мұң­тастар мен зәулім кесенелер жа­рысы да толастар емес. Әрине, мақсат - біреудің қалтасына үңілу мен бай­лығын санауда емес. Дүниеде өр­ке­ниет көшіндегі әр халық жаңа өмірге лайық дәстүрін, әдет-ғұрпын қа­лып­тастырып жатқанда, қазақ елі де әлде­қашан пендешілік бәсекеден, «со­циалистік жарыстан» біржола құтыл­уы абзал еді.

Тізгінді бір демде тартқызған ғ­а­лам­дық індет кезіндегі жағдайды есеп­ке алмасақ, айылын жиған ағайын көп емес, тоқтамға келіп, сабасына түс­кен жұртшылық та кемдеу болып тұр. Иә, «ауру қалса да әдет қал­май­ды», енді қарасақ, қайтадан бәз-баяғы қалпына келген сыңайлы.

Қай саланы алсаңыз да ысырап­шыл­дықтың етек жайғаны, дақпырт пен дандайсу дарақылыққа жол ашқа­нын байқау қиынға соқпайды. Кешегі қаңтар сойқанының да бір ұшы соған барып тіреледі.

Жұрт бұрын ақшаны, дүниені оңды-солды шашуды, даңғаза той-томалақ, ас-жиын, форум бәсекесін ұзын құлақтан, ел аузынан естісе, енді заманауи құрал – әлеуметтік желіден алақандағыдай күнде көріп-біліп отыр. «Талғамға талас жоқ» дегендей, мұны біреу қуанып, біреу көзге шұқып, көпке жарыса таратып, қаңқу сөз бен қауесетке жел беруі қалыпты ахуалға айналды. Ай­лы­ғын шайлығына жеткізе алмай жүр­ген жұртшылық «әлеуметтік ашуы­на» тиетіндерді сырттай тілдеп, оларға кектенетіндей дәрежеге жетті. Же­ке­­леген бизнес серкелері, байбат­шалар қалың қауымнан тыс өмір сү­ре­тіндей айналадағы тіршілікті еле­мейтіні, көрші-қолаң, ауылдасты мен­сінбейтіні, көңілге қаяу түсіретіні өтірік емес. Дана халқымыз «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» дегенді осындайда айтатын болар.

Шіріген байлықтың батпағына батып, күнә арқалаудың ауыр екенін біле тұра аяғын шалыс басатындар көбейді.

Бұдан он ғасыр бұрын жазылған «Қабуснамада» ел билеушісі перзен­ті­не: «Мал, дүние үшін басыңды тікпе!» деп өсиет айтуы тегін емес.

Соған қарамастан, қарашыдан қа­раға дейінгінің пенделік портреті – «Қап­қа тезек толтырғанның да буы болады», «Жаңа жейденің де екі күндік буы бар»... Талайлар менменсіп, ман­сап­тың, байлықтың буына мас­танып билік басындағыларды сатып алуға, қалғанын үркітіп-қорқытуға, әлсіз­ді басынуға тырысқанына бұрын­ғы-кейін­гі тарих куә.

Бай болудың да өзіндік мәдениеті, еңбек жемісін көрудің де өзіндік жөн-жо­сығы болатынына әлем тәжірибесі мысал. Оны оқып-шоқып білмесе, көр­гендіден үйренбесе, сірә, сатып ала ал­­майды. Меценаттық жасау ойына кі­ріп шықпайтын байшыкештер де бой көрсетіп үлгерді. Тұрғын үй, мектеп, балабақша салу қаперіне кір­мей­тіндер, тапқанының бір бөлігін зекет қо­рына аудару, шүлен тарату сияқты ата дәстүріміз екенін місе тұтпай­тын­дар тағы бар.

Қанағатшыл адам – ең бай адам.

Біздіңше, дарақылықтың, еліріп-есіру­дің, ысыраптың кесірі елге де, ерге де тиеді. Ал сол «мал шаш­пақ­тың» неден басталып, немен аяқта­латыны баршаға бес саусақтай белгілі.

Қасиетті дініміздің де айтары: уақытты босқа кетіріп, зая қылу, мал-мүлікті орынсыз шашу, керек-жарақ­­қа, құралға, киім-кешекке, ішіп-жемге артық шығын шығару, яғни шегін, мөлшерін білмеу – байлыққа ма­талған астамшылыққа, көрінеу көр­­се­­қызарлыққа, нағыз ысырап­қор­лық­қа жатады. Өкінішке қарай, біздің жағдайда оған жеке адамдар ғана емес, мекеме, ұйым, аудан, қала, облыс­ басшылары мен қосшылары жол беріп отырғаны рас қой. Әсіресе, салық төлеу­шілердің есебінен жиналатын мем­лекет қаржысын орынсыз жұмсау ақ­шаны далаға шашқанмен бірдей емес пе?.. Әр түрлі бағдарламаны же­леу­летіп, желге ұшырылған ел қар­жы­сының обал-сауабы кімнің мойнында? Бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу ел бәрін байқайды, талдайды, есептейді.

Былтыр салынған қымбат ғимарат биыл бұзыла салады, кеше ғана басыл­ған таралымы көп оқулық қатесі үшін туралып тасталады да, бүгін мемлекет қаржысына жаңадан басылады. Пәленбай қаражат жұмсалған жолдар, тротуарлар қайта жөндеуді қажет етеді, парктер, ойын жабдықтары, жа­рық беруші қондырғылар, интернетпен жабдықталған орындықтар қа­раусыз қалады, қыруар қаржы, күш жұм­салып егілген ағаштар қурап қалады. Қап-қанармен күресін­ге шы­­ғып жатқан қағаз, пластик қал­дық­­­тарында есеп жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» дәл өзі. Тағы­сын, тағылар, кез келген қала, аудан тұр­ғындары оның мысалын, дерегін жыр қылып айтып бере алады.

Бұқара халықты шашып-төгу, бүл­діріп-қирату психологиясынан арыл­ту үшін әуелі қоғамдық санада өзге­ріс жасау қажет деп санаймыз. Осы орайда, Мемлекет басшысы айт­қандай, аза­маттық белсенділікті, қоғамдық пі­кірді жандандыру өте ма­ңызды әрі кө­кей­кесті. Шынайы қоғамдық позиция айқындалған жерде ғана ашкөздікке, ысырапшылдыққа, жемқорлыққа қарсы ұлттық сана, аза­мат­тық мәдениет пен отаншылдық сезім қалыптасады.

Осы бағытта, тыңайған егісте арам шөптей қаптаған «қоғам белсендісі» атын жамылушылар жеке бастың мүд­де­сінен аса алмай жүргендігі, әрине, өкінішті. Әйтпесе, мынадай ашық заманда тек бәз біреудің тап­сыры­сымен жұмыс істеуге құмар­лығы, біреуден, екеуден кек алумен әуестенетіні тіп­тен жараспайтын қылық. Алайда халық жоғын жоқтаушы шынайы қо­ғам белсендісіне мың рахмет айтуға тиіспіз. Оларды ел іші әлдеқашан елеп-іріктеп, мойындап қойған. Жұрт­шы­лық оны да ашық айтады. Ата­ла­рымыз дөп меңзегендей, жо­қ­шы­лықта, тоқшылықта болып тұратын сынақтарда ешкімнің де сүрінбегені жөн.

Өркениетті, орнықты елдерде адам­­ға ең қажетті азық-түліктің, нан­ның, та­мақтың қоқысқа төгілуі, отын-судың рәсуә болуы, әр деңгейде өк­тем­­шіл, әміршіл мінез-құлықтың өріс алуы қылмыспен пара-пар.

Дүниеқорлық, дүниеқоңыздық сал­дары қашанда азғындауға апарып соғады. Мұны өмірге де, қызметке де, билікке де қатыстырып айтуға бо­ла­ды.

Сондай-ақ бүгінгі қоғамдағы елеулі де күрделі мәселе – әр отбасыдағы, әр мек­тептегі бала тәрбиесі. Бұл – қоғам жа­уап­кершілігі. Өйткені, адамның қа­лып­тасуы өскен, қоршаған ортасына тікелей байланысты. Өмірдің өзі, жақ­сы адамдардың ісі – тәлім.

Бірде дәрігер Икрам досымыздың ауылдағы анасы қалаға қонаққа келе­ді. Тамақ алдында ұлы қол жуатын бөлмеде жылы суды мөлшерімен ағы­зып даярлап қояды. Қолын жуып бол­ған соң, апамыз күбірлеп сөйлей бас­­­­тайды. Баласы:

– Апа, кімге бата беріп тұрсыз? – деп күлсе, анасы:

– Осы суды бір жерден бір адам жылытып, жіберіп тұрған шығар. Сол кісіге рахмет, бала-шағасының рахатын көрсін! – дейтін көрінеді.

Міне, бұл – имандылық, еңбек мәнін түйсіну! Судың да сұрауы болатынын білген кісінің сөзі.

Әйтпесе, жалпы суды тұтыну жө­нінен елімізде көзқарас, амал өзгерді деп әзірге айта алмаймыз. Мы­салы, Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан АҚШ-пен салыс­тырғанда, суды 3 есе, ал Аустралияға қа­рағанда 6 есе көп пайдаланады екен. Бұл жаппай ысырап емей немене?

Сондай-ақ, үлкен қалаларымызда тозып үлгермеген киім-кешекті, тө­сек­ті, басқа да бүтін, аздаған кем-кетігі бар заттарды қоқыс орнына шы­­­ғарып тастайды. Ал өркениетті ел­­дерде арнайы жәшіктер орнатылған, жи­нақталған соң оңдысын тазалап, реттеп аса мұқтаж адамдарға беру­дің үлгісі бар. Елімізде жасақтала бас­таған волонтерлер осындай бастамаларды қолға алса, жақсылыққа жол ашар еді.

Мұндай іс-шара, біріншіден, елді қанағат пен қайырымдылыққа баулыса, екіншіден, жаңа үрдіс үнем­шілдікке үйретеді. Сондай-ақ, оқу орындарында қоршаған ортаға жанашырлық танытуды, табиғатты қорғауға қатысты нақты пайдалы іс­терді үйретсе, саламатты салтты ұс­та­натын, сергек жүруге бейім жас­тар, әлбетте, көбейеді. Олардың ин­­тернет пен смартфонға телміріп, уа­қы­­тын бекер өткізуден сақтануына, жастық шағын ысырап етпеуіне ықпал етер еді. Жастайынан ұқыптылыққа, үнемшілдікке үйренген бала есейгенде де ыждағатты болары сөзсіз.

XVІІІ ғасырдың тұлғасы, экономика ғылымының негізін салушылардың бірі Адам Смит: «Кез келген ысырап­қор – қоғамның жауы, кез келген үнем­шіл адам – жарылқаушы» деп жазған екен. Бұдан шығатын қоры­тын­ды: бізге жарылқаушылар өзге елден келмейтінін ұғатын кез келді.

Тағы бір тәмсіл еске түседі. Бірде би­­­ліктегі Омар шадиярға жолдасы ке­ле­ді. Сонда басшы алдындағы май­­шам­ды өшіріп, басқасын жағады. Оның бұл ісіне таңданған Әбідрахман:

– Уа, мұсылманның басшысы, бір май­шамды өшіріп, екіншісін жақ­қа­ныңыз қалай? – деп сұрайды. Сонда ша­дияр:

– Сен келгенде мен мемлекеттік іс­термен айналысып отырған едім және ол майшам – қазынанікі. Ал сенімен жеке шаруамыз жайлы әңгі­ме­лесемін. Екеу­міздің әңгімемізге мемлекет шы­ғынданбауы керек. Сон­дықтан өзім­нің майшамымды жақ­тым, – деп жауап беріпті.

Мұндай өнеге қызметтік жайды, кө­лікті, мүлікті, пайдаланушыларға, әсі­ресе, лауазым иелеріне неге үлгі бола алмайды? Тіпті үй жағдайында бала­ларды электр энергиясын, жылуды, суды үнемдеуге үйреткеннің несі айып?

Қазіргі қоғамда жоғарыда келтіріл­ген саналы қадамдарға зәрулік бар деп айта аламыз. Тіпті көрші елдердің бірінде мейманхана, ресторан, дүкен, шаштараз қызметшілеріне жұмыс орын­дарында жеке қалта телефон­дарын пайдалану реті, ережесі жасал­ған, көбіне рұқсат етілмейді. Бізде жұмыс уақытын жеке шаруасына пайдаланып, телефоннан түспейтін сабаздарға бұл да сабақ болуға тиіс. Ысырапшылықпен күресті әркім өзінен, өз үйінен, жұмыс орнынан бас­тағаны дұрыс. Сонда әр адам өз уа­қытымен бірге кісінің есіл уақытын үнемдеуге дағдыланады.

Қазіргі қымбатшылық заманда бар­лық елдердің, экономикалық қа­ты­­нас­тардың басым көпшілігі бір-бі­ріне тәуелді екеніне көзіміз же­тіп отыр. Осыған байланысты ауыл­­дар мен қалаларда энергия қуат көз­де­рін жеткізуде, пайдалануда және тұ­тынуда жаңа көзқарас қалып­тас­­­тыруға мүмкіндік туып отыр.

Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев айт­қан­дай, экономикадағы моно­полия жойылуға тиіс. Яғни, жең ұшынан жал­ғасатын артықшылықты пай­да­­ланып, ауырдың үсті, жеңілдің асты­­мен жүріп екі ортада ауадан ақша жасайтындарға енді қоғамдық бақылау күшейеді. Сонымен бірге, күн­­делікті жеткізілетін тауарлардың стандарт өлшемдерін, соның ішінде газ оты­ны­ның сапасын тексеретін лабораторияны әр өңірде ұйымдастыруды талап еткен сайлаушылардың тілегі де далада қалмас деп ойлаймыз. Дү­ние­де бәрінің мөлшері, есебі бар, тек «есептемеген кісіде бәрі түгел» деген даналық сөзді ұмытуға болмас. Елі­міздегі ауқатты адамдар ақшасын бостан-босқа шашудың орнына кәсіп түрін көбейтіп, жұмыс орнын ашуға не­месе ауылды қалпына келтіруге, жаңа шағын аудан, кент салуға немесе елімізде кенжелеп қалған түрлі сақ­тан­ды­ру шараларына жұмсайтын болса, өз қайырымдылығынан қанағат тауып, ел-жұртының рахметіне бө­ле­нері сөзсіз. Сөйтіп, өз табысының тари­хын ұрпаққа ама­нат етуге мүм­кін­дік алады.

Жалпы ысырапты тоқтату – тоғы­шар­лыққа, тоқмейілсуге және мейі­рім­­­сіздікке жол бермеу деген сөз. Әрине, елімізде мұндай мақсатты істі идеологиялық жағынан қолдайтын қоғамдық-саяси бірлестіктер, волон­тер­лік ұйымдар, қайырымды жандар арнайы бағдарлама түзсе де артық болмас еді. Өйткені бұл – кез келген дамыған, өркениетті елдің сана-сезі­мін, талғам-түсінігін айқындайды, аза­мат­тардың дүниетанымы мен жо­ға­ры мәдениетін көрсетеді.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты