Кеше Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Маңғыстауға жұмыс сапарымен келіп Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жағалау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған жұмыс тобының көшпелі отырысын өткізді.
Аталмыш жұмыс тобы Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған. Оның басым бағыттарының бірі – мұнай-газ саласын, соның ішінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жағалау инфрақұрылымын дамыту. Жұмыс тобы Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау, Индустрия және жаңа технологиялар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдерінен құралған. Басқосуға Парламент Мәжілісінің депуататтары, Қазақстан Мұнай және газ институты, Маңғыстау, Атырау облыстары әкімдіктерінің, аймақтағы ірі-ірі кен игеруші компаниялардың өкілдері қатысты. Мәжілісте Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Б.Камалиев, “Қазақстан Мұнай және газ институты” АҚ басқарушы директоры Ж.Құлекеев, Атырау облысы әкімінің орынбасары А.Әбдіров оффшорлық жобалардағы қазақстандық үлес жөнінде баяндамалар жасады. Мәжілісте жергілікті маңыздағы жобаларда қазақстандық үлесті дамыту, Қашаған жобасының екінші кезеңінің тұжырымдамасын таңдаудың ағымдағы мәртебесі және оның 2010-2012 жылдары жүзеге асырылуының негізгі кезеңдері туралы кеңінен әңгіме болды. Сондай-ақ облыс әкімдігінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болып, Ақтау пластмассалар зауытында жол битумын өндіру және “ҚазТрансГазАймақ” АҚ-тың Маңғыстау облыстық газбен қамту рыногына қосылуы” жобалары таныстырылды.
Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ.