18 Мамыр, 2010

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ — БАСТЫ НЕГІЗ

609 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Маңғыстауға жұмыс сапарымен келіп Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жағалау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған жұмыс тобының көшпелі отырысын өткізді. Аталмыш жұмыс тобы Қазақ­стан­ның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған. Оның басым бағыттарының  бірі – мұнай-газ сала­сын, соның ішінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жағалау инфрақұрылымын дамыту. Жұмыс тобы Мұнай және газ, Қор­шаған ортаны қорғау, Индус­трия және жаңа технологиялар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­ліктерінің өкілдерінен құ­рал­ған. Басқосуға  Парламент Мәжі­лісінің депуататтары, Қазақстан Мұнай және газ институты, Маң­ғыстау, Атырау облыстары әкім­діктерінің, аймақтағы ірі-ірі кен игеруші компаниялардың өкілдері қатысты. Мәжілісте Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев, Индустрия және жаңа техно­ло­гия­лар вице-министрі Б.Ка­малиев, “Қа­зақстан Мұнай және газ инсти­туты” АҚ бас­қарушы ди­ректоры Ж.Құлекеев, Атырау облы­сы әкі­мі­нің орын­басары А.Әбдіров оф­фшор­лық жобалардағы қазақ­стан­дық үлес жөнінде баяндамалар жа­сады. Мәжілісте жергілікті ма­ңыз­дағы жобаларда қазақстандық үлес­ті дамыту, Қашаған жобасы­ның екінші кезеңінің тұжырым­дамасын таңдаудың ағымдағы мәртебесі және оның 2010-2012 жылдары жүзеге асырылуының негізгі кезең­дері туралы кеңінен әңгіме болды. Сондай-ақ облыс әкімдігінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болып, Ақтау пластмассалар зауытында жол би­ту­мын өндіру және “ҚазТранс­Газ­Аймақ” АҚ-тың Маңғыстау облыс­тық газбен қамту рыногына қо­сылуы” жобалары таныстырылды. Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ.