Суретті түсірген Бауыржан ЖУАСБАЙ
Қоқыс жинау мәдениетін қашан үйренеміз?
Әуелі екі жыл бұрын Алматыда Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының волонтерлері «StopMusor» жобасы аясында жүргізген әлеуметтік сынақты еске түсірелік. Эксперимент бойынша жас жігіт түк болмағандай «Арбатта» кетіп бара жатып пластикалық стақан, пакет сияқты басқа да ұсақ-түйек қалдықтарды жерге, тіпті өтіп бара жатқан адамдардың алдына лақтырып кетеді. Өкінішке қарай, қалалықтарлың көбі көз алдындағы қоқыстарды көрмегенсіді, тіпті бұл көрініске бейжай қарады. Жібек жолы даңғылында жалғасқан екі сағаттық «ойында» өтіп бара жатқандардың төртеуі ғана жайраған қоқысты теріп, жәшікке салды. Осылайша, мәдениет пен өнердің ордасы делінетін шаһар тұрғындары бірнеше жыл қатарынан жүргізілген әлеуметтік сынақтан сүрінді.
Көктем келіп қар ерігенде су бетіне қалқып шыққандай айналамыз қоқысқа толып, айрап-жайрап қаламыз. Елді мекендердің маңындағы тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстар, әжетханалардан жиналған суды көлге апарып құйып жүрген цистерналы көліктер, жұртқа сая болсын деп «Саялы» шағын ауданы жанынан отырғызылған қарағайлы орманды шашып кеткендердің қылығы қынжылтады. Қоқыс күн жылынған сайын желмен ұшып, сасып, тіршілігімізге жайсыз әсер ететінін түсіну керек.
Біз қоқысты жинап үлгере алмай жүргенде кейбір озық елдерде қоқыс тапшылығы пайда болып жатыр. Былтыр Швеция қалдығы таусылғандықтан қайта өңделетін тұрмыстық қалдықты басқа елдерден импорттауға дайын екенін мәлімдеді. Өйткені қоқыс тапшылығы шведтер үшін үлкен мәселе болуы мүмкін еді. Олар жылу мен электр энергиясының көп бөлігін, тіпті Стокгольм қаласы энергияның 45 пайызын қалдықтардан алады. Бұл елде пластмасса, қағаз, шыны, картон, металл мен басқа да тұрмыстық қалдықтарға арналған кемі 6-7 қоқыс жәшігі және қайта өңделмейтін қалдықтарға арналған бөлек жәшіктері бар. Стокгольмде кішкентай балаға дейін кәмпит қағазын көшеге, тіпті дұрыс емес қоқыс шелегіне тастамайды. Өйткені мұндай дағдылар балабақша мен мектепте үйретіледі, қоқысты басқа контейнерге тастағаны үшін айыппұл салынады.
Қоқыс жинау мәдениетін қашан үйренеміз?
Жуырда Алматыда «Қазақстанда қоқыс өртейтін зауыттардың жобасы туралы қоғамдық пікір» тақырыбына баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуға қоғам қайраткерлері, экобелсенділер, зерттеуші ғалымдар, ҮЕҰ, қалдықтарды қайта өңдеу секторының өкілдері мен мемлекеттік құзырлы мекемелер қатысты.
Осы жиында қозғалған мәселенің бірі – елдегі қалдықтың 85%-ы әлі полигонда өртеледі. Күн сайын елімізде 5 млн тоннаға жуық қоқыс шығатын болса, оның
15%-ы ғана екінші рет кәдеге жаратылады. Қалғаны қоқыс полигандарында өртеледі, ал өртенбегені, жиналмағаны жүздеген жыл бойы бастапқы қалпын жоғалтпай, жердің бетін ластап жатады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елде 3 500 қоқыс полигоны болса, оның 18%-ы ғана экологиялық, санитарлық-эпидемиялық талаптардың үдесінен шығады. Қоқыстың басым бөлігі – күнделікті тұтынатын тамақ қалдығы, қаптама, қорап, темекі тұқылы және пластиктер. Ал шылым сүзгісін жасайтын целлюлоза ацетаты дегеніңіз шіріп біткенше кемі он шақты жыл топырақ пен өсімдіктерге келтірер зиянын тоқтатпайды.
Жоғарыда атап өткендей, тұрмыстық қалдықтан пайда тауып, тіпті байып отырған адамдар мен елдер бар. Мәселен, Германияда жылына 412 млн тонна қоқыс жиналса, бұл адам басына 500 килодан келсе де, үштен екісі өңделіп, пайдаға асып жатады. Ал Қазақстанда ресми дерек бойынша, арнаулы полигондарда қазір 45 млн тонна қоқыс жиналған. Қысқасы, қалдықтарды өңдеу жүйесі мен индустриясының дамуы көңіл көншітпейді.
«Ортақ мәселені әр адамды тарту маңызды. Шын мәнінде, бұл бізден көп күш-қайратты қажет етпейді: бар болғаны қоқысты жәшікке апарып, оны сұрыптаудан бастауымыз керек», дейді Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрағасы, Премьер-Министр жанындағы жасыл экономика жөніндегі кеңестің мүшесі Айгүл Соловьева.
Елімізде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау ісінде қозғалыс бар десек те, күткен деңгейге көтеріле алмағанын жасырмау қажет. Мысалы, шыны, қағаз, пластиктерді қайта пайдалануға болғанымен, өңдеуге көнбейтін полимерлік материалдарды көмуге тура келеді, ал оның қоршаған ортаға тигізетін зияны орасан.
Әрине, кейінгі уақытта 3-6 айда шіритін полимерлерді пайдалану сәнге айнала бастады. Бірқатар мемлекет қазір биоыдырайтын материалдарды кеңінен пайдаланып жатыр. Бірақ шіритін қаптамалардың әлеуеті мен келешегі зор болса да, біздің нарықта өте аз. Бұған дейін мұндай пластиктер азық-түлік орауға қолданылса, қазір ІТ-технологиялар, машинақұрастыру мен медицинада да іске жаратылып, полимерлік қоқыстан құтылуға септесіп отыр.
«Тұйықталған цикл экономикасы» стратегиясы
Былтыр Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы да Үкіметті «Тұйықталған цикл экономикасы» стратегиясын әзірлеуге шақырды. 2018 жылы Еуропа одағы қоршаған ортаны пластикалық ластанудан қорғау үшін тұйықталған цикл экономикасында пластмассаны пайдалану стратегиясын қабылдаған еді. Еуроодақ стратегиясына сәйкес, 2025 жылға қарай Еуроодақ елдеріндегі барлық пластик қаптаманың кемінде 55%-ы қайта өңделуге тиіс; ПЭТ бөтелкелерінің құрамында қайта өңделген материалдың үлесі – 25%, 2030 жылға қарай 30%-ды құрауға тиіс.
«Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров: «Қазақстанда макулатураны сыртқа әкетуге бірнеше рет тыйым салынған. Бұл шикізат базасының қалыптасуына ықпал етіп, әжептеуір жақсы экономикалық серпін берді. Сондай-ақ бүгінде ӨКМ операторының «Экоқолдау» бағдарламасы елдегі макулатураны жинау және қайта өңдеу саласын қолдаудың тиімді қадамына айналды. 10 жыл бұрын елімізде қағаз өнімдерін шығаратын 158 кәсіпорын болса, 2021 жылдың басына дейін оның саны 340 өндірушіге дейін өсті», деді.
Сондай-ақ былтырдан бері жағдайдың өзгере қоймағанын, Үкімет бірінші кезекте ПЭТ қалдықтары отандық өңдеушілердің қолына түсетіндей тетіктер жасау керек екенін жеткізді. Қазір біздің нарықта полиэтиленді ыдыстарды, яғни ПЭТ өңдеумен айналысатын оннан астам өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Нақты санын айту қиын, себебі ресми статистика мұндай кәсіпорындардың тізілімін жүргізбейді. ПЭТ қайта өңдеушілерінің алдынан бұрынғы өңдеушілерде болған кедергілер қайта-қайта көлденең шығып отыр. Бірінші кезекте ПЭТ қалдықтарының аз жиналуынан тапшылық туындайды. Кәсіпорындардың ПЭТ шикізатына деген қажеттілігі оның жиналатын көлемінен әлдеқайда жоғары. Себебі шикізаттың бір бөлігі көрші елдерге шығарылады. Бұл бизнеске өз экономикасын тұрақты жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бүгінгі таңда кәсіпорындардың жүктемесі шамамен 20%-ды ғана құрайды. Былтырдан бері бұл дерек қалай құбылғаны белгісіз.
ЕАЭО нарығында бәсекелестік теңсіздігі
Қазақстан ПЭТ қалдықтарын жеткізу жағынан көрші елдер үшін шикізаттық қосалқы ретінде қалып отыр. Қолдағы бар шикізат көрші елдерге, негізінен Ресей мен Өзбекстанға әкетіледі. Жинаушылар көп жағдайда қолма-қол есеп айырысу арқылы көрші елдердің қайта өңдеушілеріне ПЭТ-ті жеткізіп береді де, қазақстандық қайта өңдеушілер ПЭТ шикізатының жасанды тапшылығына тап болады. Егер біздің қайта өңдеушілер ПЭТ-бөтелкелерден алынған шикізаттың бір килосы үшін 160-180 теңге төлесе, көрші елдер бір кило үшін 200-300 теңгеге дейін ұсынады. Өзбекстан 2013 жылдан бері ПЭТ-тің қалдықтары мен қайталама шикізатын экспорттауға тыйым салған. Бұл тыйым өзбек өңдеушілерін қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Ал Ресейде ПЭТ бастапқы шикізатын өндіретін ірі өнеркәсіптік кешендердің болуы біздің өндірушілерді қатаң бәсекелестік жағдайда қимылдауға мәжбүрледі. Яғни тұрақты шикізат базасының болмауы бұл салаға инвестиция тартатындай құлшыныс туғызбайды.
Қайта өңдеушілер пластикалық бөтелкелерден алынған шикізаттың бір тоннасы үшін 280-430 доллар шамасында төлейді, ал экспортқа дайын өнімнің бір тоннасының құны 3-4 есе жоғары. Мәселен, сыртқы нарықта тоқыма талшығының құны 1 200 доллардан басталады, ПЭТ флекстер (қайта өңделген пластик) – 850-900 доллар шамасында.
Қазақстанда тоқыма талшығын өндіруге инвестиция салуға және экспортқа шығаруға дайын кәсіпорындар бар. Отандық қайта өңдеушілер болашақта тұрақты шикізат базасы болған жағдайда осы сегменттің импортын алмастыруға, қажетті жабдықтарды жеткізіп, өндіріске инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеген еді.
Экологиялық теңгерімсіздік салдары
Пластика 700 жылға дейінгі уақыт аралығында ыдырайды. ПЭТ-ті жоюдың ең тиімсіз және келешегі жоқ тәсілі – қалдықтарды ҚТҚ полигондарына көму. Бұл жағдайда құнды полимерлі шикізат көміледі де, аталған аумақ ауыл шаруашылығы үшін жарамсыз болады. Сол себепті көпшілік бұл тәсілді қолданбауға тырысады. Дегенмен, отандық кәсіпорындар ПЭТ шикізатының үлкен көлемін қайта өңдеп, қосылған құны анағұрлым жоғары өнім шығаруға дайын. Бұған кәсіпорындардың өндірістік қуаты жеткілікті және еуропалық, қытайлық нарықтардан отандық ПЭТ өнімдеріне ұдайы сұраныс бар. Бұл үшін елден ПЭТ-қалдықтарын әкетуге шектеу жасау шаралары арқылы тұрақты шикізат базасын құру керек. «Экоқолдау» жүйесі және қаржылық демеу арқылы жинаушыларды ынталандыру қажет.
ПЭТ шикізатын экспорттауды шектеу көлеңкелі экономиканың төмендеуіне де ықпал етпек. Өйткені шикізат жинаумен айналысатындардың көпшілігі – тіркелмеген, өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Және шикізаттың одан әрі қайта өңделетін орнына қарамастан, оны салық төлемейтін, неғұрлым қымбат баға ұсынатындарға сатады.
ПЭТ қалдықтарды сыртқа шығаруға тыйым салынған жағдайда, оны шикізат ретінде отандық қайта өңдеушілерге сатуға және жинаушылар мен қайта өңдеушілердің шығындарын ішінара өтейтін ӨКМ операторымен ынтымақтасуға деген құлшыныс арта түсетіні белгілі.
Қоқыс өртейтін зауыттар неге керек?
Осы арада Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе, Атырау сияқты алты қалада қоқыс өртейтін зауыт (ҚӨЗ) салу жобаланғанын еске сала кетейік. Тоқетерін айтқанда, жоғарыда атаған баспасөз мәслихатын өткізуге мүдделі тараптар, яғни қоғамдық талдау төмендегідей талаптарды алға тартып отыр. Біріншіден, ҚӨЗ құрылыстары экологиялық тұрғыда қауіпті және зауыт салынатын елді мекендер мен ел экономикасын сазға отырғызады. Екіншіден, қалдықтарды өртеуді субсидия және басқа да жеңілдіктерге ие жасыл технологиялар тізімінен шығару керек. Өйткені қоқыстан алынатын энергия орнына келмейді. Себебі оны өртеу үшін тағы да мұнай, газ сияқты қалпына келмейтін ресурстарды пайдалануға тура келеді. Қалдықтарды басқару саласында елдің Экологиялық кодексінде бекітілген иерархия ұстанымын қатаң сақтау қажет. Қайта өңделмейтін бір реттік өнімдер мен жөн-жосықсыз қаптамаларды әкелуге, шығаруға, таратуға, айналымға шығаруға тыйым салу керек. Сол сияқты екіншілік шикізат өңдеу мен пайдалы материалдар, шикізатты экономикаға барынша қайтару үшін қажетті инфрақұрылым жасалуы тиіс. Тамақ қалдықтарын өңдеуге де үлкен назар аудару қажет. Себебі азық-түлік қалдықтары – топырақты тыңайтудағы таптырмас өнім. Жеріміздің 70%-ы құнарсыз екенін ескерсек, онда мұның өзектілігі арта түседі.
Бұған қоса құзырлы мекемелер тарапынан адам денсаулығына аса зиянды химиялық қаптамаларға бақылауды күшейту де кезек күттірмейді. Сондай-ақ Үкімет тарапынан «нөл қалдықтар» тұжырымы енгізіліп, барлық деңгейде қалдықтарды үйе бермеу үшін оны пайдалану, зиянсыз түрде көзін құрту, биотехнологиялар арқылы одан биогаз бен тыңайтқыш алу ісіне ұйытқы болу керек. Тұрғындар мен кәсіпорындар үшін ақпараттандыру, қоқыс-қалдықтарды азайту мен кәдеге асырудың ең үздік тәжірибелері мен әдістеріне үйрету бағдарламаларын қолдану да маңызды.
Қысқасы, қоғамдық талқылауға қатысушылар қоршаған ортаның жай-күйі заманауи талаптарға сәйкес келмейтінін, табиғатты қорғаудың ұлттық жүйесін реформалау үшін Президент жанынан қоғамдық комиссия құру керегін айтып тарқасты.