Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты. Президенттің пікірінше, Аmаnаt осы жүйелі өзгерістерге белсенді атсалысып келеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы партияның қолға алынған реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.
– Аmаnаt әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент наурыз айының ортасында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар бірден Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.
– Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Өткен аптада Конституциялық Кеңеске түзетулер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан Amanat партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасында дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі.
Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді деп санайды. Бұл биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.
– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. Adal партиясының Аmanat партиясымен қосылу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. Adal партиясының жетекшілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан Adal партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. Adal – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Мемлекет басшысы жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқанымызға тоқталды. Президенттің айтуынша, конституциялық реформа – тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.
– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап Amanat партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен уақыт бір орнында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күшке тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.
– Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. Аmаnаt еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.
Съезд делегаттары Президенттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.
Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер Аmаnаt партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.
Демократиялы, ашық және теңгерімді саяси жүйе
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Amanat партиясы елдік мүдде жолындағы тағы бір маңызды кезеңге қадам басқанын атап өтті.
– Adal партиясының аты да, заты да өзгерген Amanat партиясына қосылуы – маңызды кезең. Жалпы, Amanat партиясының тарихында мұндай тәжірибелердің болғаны белгілі. Әр кезеңде партия түрлі бағыттағы басқа саяси күштермен бірігіп отырды. Біздің партияның центристік ұстанымы оны барша қазақстандықтың мүддесін қорғайтын саяси ұйым ретінде танытты. Мұндай позиция түрлі күштердің бірігуі үшін тиімді платформа да қалыптастырды. Adal партиясымен қосылу біздің әлеуетімізді одан әрі арттырып, партия қатарына жаңа белсенді азаматтарды жұмылдыруға жол ашатыны сөзсіз. Adal партиясы шағын және орта бизнеспен белсенді жұмыс істеп келді. Мұндай тәжірибе Amanat партиясы үшін де маңызды. Сондықтан біз бұл бағытта бірлесіп, біраз жұмыс атқаратынымызға ешқандай күмән жоқ. Ал Adal партиясының мүшелеріне Amanat-пен қосылу өздерінің бағдарламалық мақсаттары мен идеяларын ілгерілету үшін біздің партиямыздың ауқымды адами, ақпараттық және басқа да ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді. Осы ретте Adal партиясының Amanat-қа қосылу туралы шешімді толығымен қолдаймын және барша делегаттарды бұл қадамды қолдауға шақырамын, – деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаев партиялардың қосылуы екі ұйым үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді. Осыған орай ол партияның ауқымы кеңейген кездегі қызметі туралы ойын ортаға салды.
– Ең алдымен, Жаңа Қазақстанда партия жұмысына жаңа әдістер мен тәсілдер керек. Соңғы жылдарда Қазақстан Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен демократиялы, ашық және теңгерімді саяси жүйе құру жолында батыл қадамдар жасады. Бүгінде қоғамдық-саяси қатынастардың барлық саяси құрылымы мен парадигмасы қайта қалыптасуда. Сонымен бірге біздің қоғам, адамдарымыз, олардың көзқарастары, құндылықтары мен ұстанымдары жедел өзгеруде. Осындай сәтте партиямыздың да еліміздің саяси өміріндегі рөлін қайта қарап, зерделеудің маңызы зор. Партиямыз атына заты сай болуға тиіс. Біз өзгеріп, заманауи талаптарға бейімделуіміз керек, – деді М.Әшімбаев.
Сенат спикері Конституциялық реформадан кейін жетекші партияның бұрынғыдай әкімшілік тетіктері мен ресурстары болмайтынын, сондықтан оларды тиімді саяси және технологиялық тәсілдермен алмастыру қажет екенін атап өтті.
– Уақыт өте келе басқа да жаңа саяси партиялар құрылады. Біз сондай жоғары деңгейдегі бәсекеге дайын болып, өзіміздің лидерлік позициямызды дәлелдей білуіміз керек. Қазір қоғамда біздің партия туралы түрлі пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Ондай көзқарасты өзгерту үшін қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, жедел үн қатуымыз қажет. Әсіресе халықты алаңдатқан нақты проблемаларды шешуге басымдық берген жөн. Бұл партияның позициясын күшейтіп, азаматтардың қолдауын арттырады. Біз науқаншылдықтан, бюрократиядан, формализм мен қағазбастылықтан түбегейлі арылуымыз керек. Партия жұмысын нақты нәтижеге бағдарлай отырып, қайта құру маңызды. Ол партияның бастауыш ұйымдарынан бастап орталық органдарына дейінгі барлық деңгейді қамтуға тиіс, – деді М.Әшімбаев.
Партияның идеологиялық күн тәртібін анықтаудың да маңызы сөз болды. М.Әшімбаев өз сөзінде қазір демократиялық, әділ және әлеуметтік мемлекет құруға тарихи мүмкіндік туып тұрғанын баса айтты.
– Әлем тарихы көрсеткендей, мұндай мүмкіндіктер жиі беріле бермейді. Сонымен қатар мүмкіндіктер терезесі жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан Жаңа Қазақстанда Amanat Мемлекет басшысының реформалары мен жаңғырту жолын ілгерілетуде және іске асыруда басты рөл атқара алар еді. Партия еліміздегі прогрессивті әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізі әрі қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл – партияның осы тарихи кезеңдегі миссиясы. Бұл миссия біздің алдағы жұмысымызды мағыналы әрі мазмұнды етпек. Партияның идеологиялық күн тәртібінің тағы бір негізгі элементі әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бола алады. Бұл ел Президентінің сайлауалды тұғырнамасымен тікелей байланысты. Қаңтардағы қайғылы оқиға әлеуметтік наразылық әділеттілік қағидаттары жұмыс істемейтін жерде пайда болатынын анық көрсетті. Өкінішке қарай, бізде мұндай мәселелер болды. Сыбайлас жемқорлық, қос стандарт кездесті. Шын мәнінде, бұл біздің дамуымызды тығырыққа тіреп, мемлекеттіліктің өзіне қауіп төндіре бастады, – деді Сенат төрағасы.
Парламенттің Жоғары палатасының төрағасы қазір халық биліктен әлеуметтік әділеттілік күтетінін айтты. Бұл ретте ол Amanat партиясы елдегі әділеттілік құндылықтарын насихаттайтын және қорғайтын негізгі күш болуы керек деп атап өтті.
– Азаматтардың өткір мәселелерін шешіп, халықтың осал топтарына нақты көмектесе отырып, сыбайлас жемқорлық пен бюрократиямен күресіп, әділдік қағидатын іске асыруға жәрдемдесеміз. Бұл үшін партияның құралдары жеткілікті. Оның қатарында өкілді органдардағы фракциялар, түрлі комиссиялар, партиялық үкімет пен партиялық БАҚ бар, – деді М.Әшімбаев.
Жастар қанатының қызметін қайта қарау ұсынылды
Amanat партиясының жастармен жүйелі жұмыс жүргізіп келгені белгілі. Сенат спикері бүгінгі таңда бұл қызметті қайта құруды ұсынды.
– Қаңтардағы оқиға, әсіресе Алматыда, тұрақты жұмысы, сапалы білімі, өмірге деген нақты жоспары жоқ жастардың өткір мәселелерін ашық көрсетті. Мұндай жастарды әртүрлі деструктивті күштер мен топтар оңай қолдана алатыны байқалды. Jas Otan жастардың әлеуметтенуіне көмектеcіп, олар үшін әлеуметтік лифт ұсынуға тиіс. Іс-шараларды тек өз белсенділеріңіздің арасында немесе университеттерде өткізудің қажеті жоқ. Проблемалы жастар топтарын тартып, олармен белсенді жұмыс істеу керек. Партияның жастар қанаты олардың жұмысқа орналасуына, тұлғалық қалыптасуына, дұрыс құндылықтар мен бағдар табуына септігін тигізер еді. Жастардың жұмыссыздығымен, кедейлікпен және тәртіпсіздікпен күресудің тиімді құралы – ең алдымен, сапалы білім. Amanat партиясы бірқатар білім беру бағдарламасының, жобалар мен заңдардың бастамашысы бола алар еді, – деп атап өтті Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев сондай-ақ өз сөзінде партияның өңірлердегі жұмысына тоқталды.
– Партия қызметінің тағы бір маңызды бағыты – жергілікті жерлерде реформалардың жүзеге асырылуын бақылау. Amanat-тың жергілікті жерлердегі нақты өзгерістерге ықпал ететін механизмдері мен мүмкіндіктері бар. Филиалдарға дербестік пен жеткілікті ресурстық қолдау көрсету маңызды. Бастапқы ұйымдарды нығайту орынды. Мәслихаттардағы партиялық фракциялар ресурсын белсендірек пайдаланған жөн. Олардың белсенділігі мен бастамаларын ынталандыру керек. Қазір еліміз үшін де, партиямыз үшін де – өте маңызды кезең. Алдымызда ауқымды мақсат-міндеттер тұр. Осындай жауапты кезеңде жұдырықтай жұмылып, елімізге қызмет етуіміз қажет. Президентіміз жариялаған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына қомақты үлес қосу – әрқайсысымыздың басты міндетіміз. Осылайша, Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркендеген мемлекет болып қалыптасуына өзіміздің үлкен үлесімізді қосамыз деп сенемін, – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Халықпен байланысты арттыру мақсаты тұр
Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияны трансформациялау бойынша бағдарламаның орындалу барысы жайлы баяндады.
– Біріншіден, партия қатарын нығайту және халықпен байланысты күшейту мақсатында Алматы, Шымкент, Түркістан Семей қалалары мен Абай, Сауран аудандарына бардық. Сапарлар барысында 2 700 адамды қамтитын түрлі іс-шара өткізілді. Оған партия активі, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, халық сайлаған ауыл әкімдері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, шағын және орта бизнес өкілдері, сарапшылар, жастар мен блогерлер тартылды. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыстарын бастады. Алты облыстың (Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан) 196 ауылына сапарлар ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдауға 2,1 мыңнан астам азамат келді, 400-ден астам мәселе оң шешімін тапты, қалғандары партияның қадағалауына алынды. Маусым айының соңына дейін өңірлердегі шалғайдағы 500-ге жуық ауылға баруды жоспарлап отырмыз. Орталықсыздандыру аясында жарналардың 20%-ы бастауыш партия ұйымдарына қайтарыла бастады. Осы бастаманы жүзеге асыру нәтижесінде бастауыш партия ұйымдары 300-ден астам іс-шара өткізе алады, – деді А.Оралов.
Ол сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция қызметін жандандыру мақсатында қоғамдық кеңестер саны 40%-ға оңтайландырылғанын атап өтті.
– Қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, құрамдар жаңартылды. Жалпы, әйелдердің үлесі 39%-ға дейін, ал жастардың үлесі 30%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ Үкіметпен және партияның Мәжілістегі фракциясымен бірлесіп сайлау алдындағы бағдарламаның орындалуына толық тексеру жүргізілді және жақын арада осы мәселе бойынша атқарушы органдардың есебін тыңдау жоспарланып отыр. Осындай жұмыстар барлық өңірде партияның аумақтық филиалдарының белсенді қатысуымен жүргізілуде, – деді А.Оралов.
Одан бөлек «Ашық партия» тұжырымдамасы бойынша Talqylau диалог алаңы іске қосылғаны белгілі болды.
– Қазірдің өзінде БАҚ-тың қатысуымен екі отырыс және қазақстандықтарды толғандыратын өзекті тақырыптарға әлеуметтік желілерде тікелей трансляция өткізілді. Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында партиялық баспасөз орталығы ашылды. Жақын арада партияның мобильді қосымшасы қолжетімді болады, ол жерде партияның жұмысы туралы ақпаратты жедел түрде алуға, сауалнамаларға қатысуға және өз идеялары мен ұсыныстарын тікелей жіберуге мүмкіндік болады. Халықтың сұранысын ескере отырып, партия экологиялық мәдениетті және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде азаматтардың белсенді өмір ұстанымын нығайтуға бағытталған TazaLike жобасын Оңтүстіктен бастадық. Сонымен бірге партияның жанында құрылған Экологиялық кеңесте осы саладағы өзекті, әсіресе қоғамды толғандыратын өткір мәселелер көтерілетін болады, – деді Асхат Оралов.
Партияның атқарушы хатшысы қоғамның сұранысын және Жаңа Қазақстанның күн тәртібін ескере отырып, партияның Саяси тұғырнамасы, «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы секілді негізгі бағдарламалық құжаттарды жаңартуға кіріскенін атап өтті.
– Бағдарламалар саясаттанушылармен, сарапшылар қауымдастығымен және жергілікті партия мүшелерімен кеңінен талқылануда. Алайда талқылау барысында келіп түскен сарапшылардың пікірін ескере отырып, үш бағдарламалық құжатты біріктіріп, партияның Бірыңғай жаңа Саяси тұғырнамасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді А.Оралов.
Үлкен сын, жауапкершілік және аманат
Жиын барысында Amanat партиясының жаңадан сайланған төрағасы Ерлан Қошанов сөз алып, Мемлекет басшысы мен партия мүшелеріне ризашылығын білдіріп, алда үлкен сынақ күтіп тұрғанын мәлімдеді.
– Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осынау тарихи кезеңде партияның жетекшілігін маған сеніп тапсырғаныңыз және жүктегеніңіз үшін өзіңізге және осы шешімді қолдаған партиялас әріптестеріме зор алғысымды білдіремін. Мен бұл шешімді үлкен сын, жауапкершілік және аманат деп түсінемін. Amanat партиясы – бұл Президентіміздің қоғамдық тірегі. Amanat партиясы – бұл реформалар партиясы және Жаңа Қазақстанның жасампаздығы. Құрметті партияластар, бізді үлкен сынақтар, үлкен науқандар күтіп тұр. Еліміз бен Президентіміздің бізге артқан сенімін, аманатын бәріміз бірігіп абыроймен атқарайық, – деді Ерлан Қошанов.
Жиында Adal партиясының атынан Елдар Жұмағазиев сөз алып, партияның еліміздің жетекші саяси күшіне қосылу туралы шешімін тарқатып айтып берді.
– Биыл 16 наурызда Президент «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Сол күні Adal партиясының бір топ Саяси кеңесінің мүшелері жиналып, бүгінгі күрделі геосаяси дағдарысты, оның Қазақстан халқына кері әсерін ескере отырып, Президентіміздің барлық саяси реформаларын сапалы жүзеге асыру үшін Аmаnаt партиясына қосылуды дұрыс деп шешті. Аймақтарда да облыстық конференциялар өтіп, аталған ұсыныс талқыланып, қолдау тапты. Ақырында, Adal саяси партиясының cъезінде делегаттар бұл шешімді бекітті. Adal партиясы еліміздің жетекші саяси күшіне қосылып, сайлауалды уәделерін өз деңгейінде орындайтынын ерекше атап өткім келеді. Дәл қазір тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Adal партиясының тың идеялары мен заманауи технологиялық шешімдері Amanat партиясына салмақты қолдау болады деп сенемін. Айта кетсек, Adal партиясы тиімді шешім қабылдау үшін ақпаратты цифрлы форматта жинауға, жүйелеуге және мемлекеттік органдарға ұсынуға мүмкіндік беретін IT-қосымшаның цифрлы платформасын жасақтады. Бұл жобаны Amanat-тың «Ашық партия» тұжырымдамасын іске асыру аясында қолдануға болады деп есептеймін, – деді Елдар Жұмағазиев.
Е.Жұмағазиев Adal партиясы ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі бастаманы қолдап, сайлауға түскенін, 15 ауылдық округте, парламенттік «Ақ жол», Қазақстан халық партиясынан озып, жеңіске жеткенін баса айтты.
– Әр ауылды бақылап, нақты проблемаларын анықтап, олардың шешу жолдарын тоғыстырған «Ауыл – табыс көзі» атты бағдарлама жасақтадық. Сонымен қатар былтыр жүзеге асқан ребрендинг Adal партиясының жұмысын қайта жандандырды, біздің қатарымызға жаңа, танымал тұлғалар қосылды. Партия мүшелері мен жақтастарының саны – шамамен 300 мың адам. Бұл көрсеткішті арттыруға болады. Өйткені біздің қатарымызда елдің болашағына бейжай қарамайтын қоғамның прогрессивті бөлігі – кәсіпкерлер, жастар мен ауыл тұрғындары бар. Қызметімізде басымдық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге берілді, халықтың табысын арттыру, адами капиталды дамыту, өңірлерді дамыту, жастар үшін жағдай жасау. Парламентте өкілі жоқ Adal партиясы үлкен жұмыс атқарды. Алайда партия қызметінде қойылған мақсаттарды іске асыру үшін дамудың сапалы жаңа сатысына көшу қажет болатын кезең туды. Бұл – уақыт талабы, – деді Е.Жұмағазиев.
Партия съезінің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Amanat-тың саяси кеңесіне өзгеріс енгізу мәселесі қаралды.
– Партияның жоғары өкілдік органының саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселені қарауды ұсынамын. Партия жарғысының №9.1 пункті бойынша, саяси кеңеске өзгеріс енгізу мәселесі партия
съезінің айрықша құзыретіне жатады. Сіздердің қарауларыңызға Amanat партиясының саяси кеңес құрамына Елдар Тынышбайұлы Жұмағазиевті, Мақсат Мәлікұлы Толықбайды, Дәулет Төлеутайұлы Мұқаевты енгізу мәселесі ұсынылады, – деді партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов. Съезд делегаттары бұл ұсынысты да бірауыздан қолдап дауыс берді.