Яғни кітап оқу да көңіл күйге байланысты дейміз. Сол авторды, сол шығарманы, сол кейіпкерді, сол күйді, сол сезімді қайта кешуге ынтығудың негізгі себебі классика ғана ма? Бәлки, бұл сағынуға басқа да беймәлім себептер бар шығар.
Қайталап айтыла беретін аңыз-ғұмыр ақындар туралы әңгіме де ұзақ-ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. Бір адамның аз ғана өмірі осыншама жылдарға созылып, жырланып келе жатқанына таңғаласың. Цветаева жайында да талай сөз айтылып, талай өлең, талай кітап жазылды. Тіпті Цветаеваның есімі қағазға қанша рет жазылды екен деп ойлайсың. Шексіздік.
Оны дауылды тас қараңғы түнде өшпей жанып тұратын шыраққа ұқсатады. Һәм «бұзықтау» ақын дейді. Оның өлеңі де өзінің болмысы секілді «бөтен» сезілетін. Сонысымен «күміс дәуір әдебиетіндегі» поэзияға лирикалық жаңа бояу, цветаевалық дауыс алып келді. Кейде Цветаеваның асқақ та өршіл өлеңдері кейбіреулердің сезімінен, намысынан, батылдығы мен сенімінен биік көрінеді. Өлеңдегі мінез деген осы шығар, бәлки.
«Жарық күнді мен демегеніңіз ұнайды,
Жан дертімді емдемегеніңіз ұнайды.
Тартылыстың таңғажайып заңына
Бойұсынып,
көнбегеніміз ұнайды.
Тіл беземей,
Күнәдан пәк балаша
Қызық,
әрі бұзық болған ұнайды.
Һәм қызармау –
Қолдарымыз жанасса,
Жасыра алмай жалын атқан сыңайды».
(Аударған Гүлнар Салықбай)
Ақынның тілі мен тыныс белгілерін ойнатып отырып, өлеңді бір толқытып, бір шайқалтып өруі бәріне жаңалықтай ерекше сезілді. Тіпті өлеңдегі тұрақсыздығы біреуді таңғалдырса, енді біреуге алабөтен көрінді. Ал әдебиетшілердің айтуынша, Цветаева өзін өзі қатты бақылаған ақын деседі.
Жарты ғасырлық өмірінде сегіз жүзден аса лирикалық өлең, он жеті поэма, сегіз пьеса, 50-ге жуық прозалық шығарма және 1000-нан аса хат жазған (зерттеушілердің айтуынша, бұл дерек тек анықталғаны ғана, көп жазбалары (әсіресе хаттары) әлі күнге дейін табылып келеді) ақынның тағдыры баршаға аян: шым-шытырық һәм қайғылы картина. Махаббат, жоқшылық, аштық, жұмыссыздық, «халық жауының әйелі», «халық жауының анасы», қуғын, Прага, Париж, ыдыс жуушы, жалғыздық... Осының бәрі Цветаеваның «жалғызсырап жабырқаған рухын» сөндірді, кербез даусын өшірді. Жүректегі өрекпіген, назданған, сағынған өлеңдері күздегі құстармен бірге ұшып кетті. Ал ол тағдырындағы қолдан жасалған қиындықтардан өз-өзін құтқара алмады. «Менің жаназам әуеде болады» деуші еді, олай болмады. 1941 жылы жаздың соңғы күнінде Марина Цветаева өз-өзіне қол жұмсады.
Ақын прозалық шығармаларын көбінесе автобиографиялық бағытта жазатын. Өмірінде болған, кездескен адамдардың, тіпті есімін ауыстырмай бейнелейді. Балалық шағының аспанын «Ана мен әуен», «Черт» повестері мен «Ананың ертегісі», «Шырмауықтағы мұнара» әңгімелерінде суреттейді. Цветаеваның прозасы жөнінде Бродский жақсы баға берсе, рухани һәм өмірдегі досы, әдебиетші Дмитрий Святополк-Мирский ағылшын тілінде шыққан кітабында: «Орыс тілінде жазылған ең сорақы шығарма», дейді.
Цветаева соңғы өлеңін «Шақырылмаған бәрінен де қайғылы» («Непозванная – всех печальней») деп аяқтайды. Заман өтіп, қоғам ауысқан соң ақынның аты мен өмірі жала-жәбірден тазарып, цветаевалық жазу ғана қалған тұста оны бәрі «шақыра» бастады: жүздеген ақын, мың-миллион оқырман – шын жүрекпен.
Андерсен: «Ертегілеріме өмірімнің құнын төледім» дейді. Жазу үшін, жақсы жазу үшін, тіпті өз қалауынша тыныш өмір сүру үшін Цветаева да өз өмірімен «есептескен» болар.
Кейде Цветаеваны жұрт неге сонша жақсы көрді деп ойлайсың: лирика ма, мақұл, қуғын-сүргін бе, мақұл, әділетсіздік пе, мақұл. Алайда ол уақытта қолдан жасалған қилы тағдырға ұшыраған зиялылар аз болған жоқ. Сонда цветаевалық ғұмырдың ерекшелігі не? Оның ақындық мінезі – өлеңдегі мінезі поэзияны жаздағы ақ жауындай шайып өтті. Ол өлеңде талантты, еркін, нәзік, ерке. Сол үшін де оқырман Цветаеваның сезіммен өрілген кербез өлеңдерін оқығысы келеді. Бәлки, сол кейіпкер сияқты ессіз сүю үшін, бәлки, жай ғана сағыну үшін...
«Тасқа жаздым есіміңді,
Тақтайға да тырналап.
Құмға да атың көшірілді,
Мұзға сыздым сырғанап».