– Еркін Шажаұлы, мектепті бітіргеннен кейін медициналық мамандық бойынша Ресейге оқуға түскен екенсіз. Алайда бірінші курста жүріп-ақ адасқаныңызды сезіп, оқудан бас тартыпсыз. Себебі не?
– Алдымен бұл сұрақтың мен үшін қиын екенін айтқым келеді. Себебі сол қадамым тағдырымды да күрт өзгертті. Арман қуып 1979 жылдың жазында Алматыға келдім. Техникалық мамандықты таңдасам деген ойда болдым. Ауылдың баласы ретінде құжат тапсырып едім, конкурстан сүріндім. Екінші кезеңде медициналық мамандықты таңдадым. Сол жылы оқуға қабылдандым. Мектепті өте жақсы бітіргендіктен шығар, «Тіс емдеу» мамандығына түсу қиынға соқпады. Ақтөбедегі медициналық институтына құжатымды тапсырғаннан кейін ондағылар елімізден бірнеше азаматты Ресейге оқуға жіберіп жатқанын жеткізді. Қысқасы, «Ресейге барасыз ба?» деген сауалды төтесінен қойды. Үйдегі үлкендермен ақылдасқаннан кейін Ресейге аттандым.
Оқып жүрген кезімде ол мамандық маған ұнамады. Үш рет деканның алдына бардым. Өтініш жазып, мамандықтың ұнамайтынын жеткізгеніме қарамастан, үшеуінде де қайтарып жіберді. «Сіз бірінші кезекте жолдамамен келіп тұрсыз. Шәкіртақы сізге қай кезде де беріледі. Неге қашып отырсыз?» деді. Мәселені түсіндіріп, мамандықтың жаныма жақын еместігін түсіндірдім.
Арманым – заң мамандығы. Ол үшін бес жыл еңбек өтілің болу керек. Тағы басқа талаптары жеткілікті. Қысқасы, Мәскеудегі оқудан өз еркіммен кетіп, 1981 жылы ҚазҰУ-дің заң факультетіне тапсырдым. Алайда конкурстан тағы сүріндім. Барлығы ойдағыдай болғанына қарамастан, оқуға түсе алмадым. Ондағылар еңбек өтілімнің жоқтығын алға тартты. Содан соң 1981-1983 жылдар аралығында Мәскеу маңындағы Иваново деген қалада әскери борышымды өтедім.
– Заң мамандығына аңсары ауған азамат әскерде құқық бұзушылық жасамауы керек қой...
– Ол ойды мен санамнан ілкі сәтке де шығарған емеспін. Өйткені оқу қай кезде де ойымда болды. Қалайда әскери бөлімнен жолдама алу керектігін түсіндім. Әскери борышымды өтегеннен кейін жолдамамды алып, құжаттарымды қайта тапсырдым. «Құжатыңыз түгел емес» деген желеумен тағы қабылдамады. Қысқасы, 1984 жылы қайта келдім. Тағы да сынақтан сүріндім. Сол жылы ауылға қайтпай, дайындық курсына келдім. Білікті ғалым Алма Қыраубаеваның қолдауымен алғашқы сынақты сәтті тапсырдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен әңгімелесуді сол кісі жүргізді. Қойған сұрақтарына мүдірмей жауап берген соң атымды сұрады. Соңында «Сауатты екенсіз, қанша жыл өтіліңіз бар?» деді. «Бес жыл» деп үн қаттым. Ол кісі 11-12 жылдық өтілмен келіп жатқандардың бар екенін, қиын болатынын айтты. Қараша айында өткен әңгімелесу де оңайға соқпады. Бірінші болып құжат тапсырғаныммен, мені шақырар емес. Неге бұлай деп, заңды құқығымның бұзылмауын талап ете бастадым. Жауапты хатшы құжаттарымды іздеп тапты. Басқа сейфте тұр екен. Қысқасы, әңгімелесуге кіріп едім, тағы да Алма апайым отыр. Маған еркін және тұрақты сөз тіркесіне қатысты және Сәкен Сейфуллиннің «Альбатрос» поэмасы туралы, сосын жаңа экономикалық саясат жайлы сұрақ қойылды. Бәріне жауап бердім. Ол кісі қолдайтынын айтты.
«Прокурор боламын» деген арман көкейде тұрмағанда, ертеректе оқуға түсер ме едім, кім білсін?! Уақыт өтті. Алматыда зайыбыммен бірге нәтижені күтіп отырмыз. Дайындық бөліміне жиырма тыңдаушы ғана қабылданады. Фамилияларды атап жатыр. Тағат таусылып барады. Он тоғызыншы болып мені айтқанда, маңдайдан тер бұрқ ете қалды. Қуаныштан үйленген кезде таққан сақинаны қатты қысып, майыстырып жіберіппін. Осылайша 1990 жылы мамандыққа адалдық танытып, оқуды бітірдім.
– Алдымен өзіңіз білім алған оқу ордасында жұмыс істедіңіз. Алматы ол кезде еліміздің бас қаласы еді. Он екі жыл Алматыда еңбек еткен соң көне Таразға ат басын бұрыпсыз. Орталық пен өңірдің білім беру жүйесінде қандай айырмашылықты аңғардыңыз?
– Рас, ол кезде Алматының аты дүркіреп тұрды. Ғылыми жетекшім Әбдіманап Елікбайұлының айтуымен Тараз қаласына жол тарттым. «Еркін, Жамбыл да қазақтың киелі жері ғой. Бастапқыда кафедра меңгерушісі боласың. Қалғанын кейін көреміз», деді. Жетекшім бұл да бір өмірдің белесі екенін жеткізді. Мені қуантқаны – ондағы заң факультетінде ғылымның жолына түскен азаматтардың көп екендігі. Алайда, оларға үйрететін, білгенімен бөлісетін ғылым кандидаттары мен докторлары жоқ екен. Ең басты ерекшелік, адамдардың білімге деген құштарлығын айқын сезіндім. Студенттердің: «Ағай, түстен кейін бізге тағы сабақ өткізіңізші» деген өтініштеріне риза болғандықтан, оларға бар білгенімді үйретуге құлшына кірістім. «Азаматтық құқық» пәні бойынша төртінші курсқа дейін ала алмаған білімдерін алса деген ниетпен жүрдім. Сол азаматтар бүгінде үлкен қызметтерде отыр. Ұлттық код па, әлде сол азаматтардың бойына сіңген тәрбие ме, білмедім. Олар үлкен қызметте жүрсе де, әлі күнге мені ұмытқан емес. Киелі Тараз жері мен үшін қашанда ыстық. Өсуіме, өркендеуіме бағыт берген қасиетті өңір деп есептеймін.
– Ұлдың кенжесі екенсіз. Қандай ортада өстіңіз?
– Мен тоғыз баланың ішінде ұлдың кенжесімін. Менен кейін екі қарындасым бар. Әкем Шажа Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 16 жасында колхоздың төрағасы болған. Ол кезде ер адам жоқ, бәрі соғысқа кеткен еді. Колхоз совхозға айналған кезде әкем бас есепші қызметін атқарды. Анам Гүлжамал өмір бойы мектепте математика пәнінен сабақ беріп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде зейнетке шықты. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты «Жаңа жол» кеңшарының Жағабұлақ ауылындағы әрбір күнімді ұмытпаймын...
Анам мұғалім болғандықтан тәртіпке бала кезден үйрендік. Мұғалімдердің ұрысқанын да, ұрғанын да біз дұрыс қабылдадық. Қазіргідей шу шығармадық. Өйткені тәртіптің аты – тәртіп.
– «Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейді» деген ән жолдары бар ғой. Ауылыңызға қаншалықты жиі барасыз?
– Ауылға жиі барып тұрамын. Себебі, әкем дүниеден өткенде әскерде болып, жерлеуіне де қатыса алмадым. Ауылда атам, әжем, әкем мен шешем қайтпас сапарға аттанған. Бойымдағы бүкіл қасиет шешемнен келген шығар. Балаға білім беруге құштар болдым. Мектепте анамның атындағы класс аштым. Компьютермен қамтамасыз етіп, бөлме ішін жөндедім. Қажеттінің бәрін әпердім. Сосын бір оқушыға анамның атындағы шәкіртақы тағайындадым. Ол бала ҚазҰУ-ді бітіріп, бүгінде жұмыс істеп жүр. Менің түсінігімде ауылсыз қазақ жоқ. Өйткені мықтылар да, ұлылар да ауылдан шыққан, шыға береді де. Ауыл – алтын қазығымыз, алтын бесігіміз.
– Ғылыми жұмысыңыздағы кейбір ұсыныстар жер кодексіне қатысты екен...
– Ғылыми жұмыстарым негізінен меншікке қатысты. Тоқсаныншы жылдары «Жерге жекеменшік қажет пе, қажет емес пе?» деген сауал туындады. Бұл сұрақ бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Жалпы жер белгілі бір шектеулер арқылы Қазақстан азаматтары үшін жекеменшікте болуы тиіс. Кейбір жағдайда ауыл шаруашылық жерлері де меншікке немесе жалға берілуі керек. Қысқасы, жер пайдаланылуы қажет. Қазір кейбір азаматтар алып алған жерлер игерусіз жатыр. Сондықтан бұл мәселені ұдайы қарастырып отыру керек. Сол себепті ғылыми жұмысымның бірі «Жерге жекеменшік құқық негіздері» деп аталды. Қазір осы тақырыпқа оралып жатырмыз. Оны бір жүйеге түсіреміз деген ой да бар.
– Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында еңбек еткеніңізге аз уақыт болмапты. Өңірлердегі филиалдарының ашылуына айтарлықтай үлес қосқан шығарсыз?
– Бұл мәселенің басы-қасында жүрдім. Бұрындары өңірлерде «аумақтық оқыту орталықтары» деген болған. Белгілісі, әр облыс әртүрлі оқытып жатты. Тағы бір мәселе, әкімдіктер қаржыландырғандықтан мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлауды олар кейінге қалдырып, бірінші өз мүдделерін алға шығарды. Қысқасы, оларға жеткілікті көңіл бөлінбеді. Ал мемлекеттік қызметшілер дамуы керек. Әсіресе, ХХІ ғасырда өзгерістер күнделікті болып жатыр. Сол себепті 2016 жылы мәселе көтердік. Барлық орталықтарды біріктіріп, академияның филиалы жасау мәселесін алға қойдық. Тиісінше Президент Әкімшілігі тарапынан тапсырма беріліп, 2017 жылдың аяғында бұл мәселе толық шешімін тапты.
Академияда еңбек етіп жатқаныма алты жылға жуықтады. «Көш жүре түзеледі» деген сөздің астарында терең мән жатыр. Сондықтан істегенімізден істейтін жұмысымыз көп. Президенттің өзі «Халықтың болашақта емес, бүгін бақытты болғанын көргім келеді» деді ғой. Біз де мемлекеттік қызметшілердің бүгіннен бастап ел игілігіне жұмыс істеуіне ден қоюымыз керек. Өз басым хакім Абайдың қара сөздерін өмірлік ұстанымыма айналдырғанмын. Мемлекеттік қызметшілердің барлығы да Абай бұлағынан сусындаса, толық адам болып қалыптасады деп пайымдаймын. Әрбір адам мемлекеттің саясатын толық ұғынса, біз тек алға жүреміз.
– Ер адам мамандық таңдаудан және жар таңдаудан қателеспеуі керек деп жатады. Тағы неден қателеспеуі керек десе, үшінші мәселе ретінде нені қосар едіңіз?
– Мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да қателескен жоқпын. Үшінші нені айтуға болады? Елге деген құрметті жоғалтпау қажет. Осы мәселеде де қателеспеген ләзім. Мемлекетке, ана тіліне деген сүйіспеншілікті жоғалтудан, қателесуден қорқу керек. Көп адам секілді мен де орыс тілінде өте жақсы сөйлеймін. Алайда мен үшін қазақ тілінен асқан тіл жоқ. Бақытымыз да, байлығымыз да – ана тіліміз.
– Алдағы жоспар туралы не айтар едіңіз?
– Алдымызда тұрған міндет көп. Ең бастысы кейінгі ұрпаққа не бере алдым? Оларға қалай үлгі болуым керек? Өзімді ортада қалай ұстауым керек? Осындай сұрақтар көкейде атойлап тұрады. Кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие болатын дүние қалдыра алсақ, содан асқан не бар?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»