11 Сәуір, 2014

Біртұтас кеңістікті нығайтуға бағыт

248 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ – ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

 Туран.круглый стол.1. Алматыдағы Тұран университетінің мәжіліс залында «Еуразиялық интегра­ция­ның өзекті мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Онда еліміздің адамзатқа ортақ мәдени-экономикалық және ғылыми кеңістікке кірігу мәселесінде ең өзекті деген пікірлер ортаға салынды. Дөңгелек үстел отырысына қатысқан экономист ғалымдар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері, саяси партиялар өкілдері мен қоғамдық ұйымдар, шағын және орта кә­сіпкерлік одақтардың мүше­ле­рі еуразиялық интеграция ке­ңістігінде жүріп жатқан үдерісте аса маңызды мәдениет, эконо­мика, ғылым-білім саласын қам­титын сараптамалық құжат­тарды талқылап, салалық мәсе­лені жүйелеген баяндамалар жасады. Қазақстан Жоғары оқу орын­дары қауымдастығының төр­аға­сы, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов алқа­лы жиынды жүргізіп, бас қос­қан ғалымдар мен қоғам қай­рат­керлеріне кезекпен сөз ұсы­­нып отырды. Т.Рысқұлов атын­дағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры Серік Святов, Алматы қаласы Кәсіп­кер­лер палатасының директоры Ерлан Стамбеков, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, профессор Сағындық Сатыбалдин, Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығы басқармасының төр­ағасы Серік Аханов, Алматы локомотив пайдалану депосының директоры Болат Оспанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Шолпан Жаманбалаева, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-тың директоры Жетпісбай Едігенов экономикалық және мәдени интеграциялық үдеріс­тер аясында отандық бизнес, мәдениет пен білім-ғылым өкіл­дері қандай талаптарды негізге алып, халықаралық бәсекелестік кеңістігінде кездесетін жағдайлар мен олардың шешімін пікірталас түрінде ортаға салды. Халықаралық қатынастар, оның ішінде, мемлекеттердің өзара тығыз байланысы, әлемдік шаруашылықтың одан әрі жаһандану үрдісін және осымен байланысты елдер арасындағы әріптестікті нығайту мен мамандану үдерістерін реттеудегі объективті қажеттілігін, ха­лық­аралық бәсекелестіктің ушығуы мен соның нәтижесі ретінде біртұтас экономикалық және мәдени еуразиялық кеңістікті құру мен нығайтудың артып отырған қажеттілігін, зама­науи әлеуметтік-мәдени даму­дың динамикасын сараптау мен еуразиялық кеңістіктегі мәде­ни жемісті үнқатысу қалып­тас­тыруда концептуалды шара­ларды әзірлеу маңызды болып табылатындығын ескеріп, Қазақстан бүгінгі заманға тән интеграциялық үдерістерден тыс қала алмайтындығы айтылды. Бүгінгі күннің талаптары жаңа міндеттер қоятыны хақ. Өзара тиімді экономикалық кеңістікті құру міндетін шешуге бейімделген, еркіндік пен тең құқықтық қағидаларына құрылған мемлекетаралық жаңа бірлестіктің пайда болуы Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетіндігін негізге ала отырып, дөңгелек үстел қонақтары қарар қабылдады. Дөңгелек үстелге қатысу­шы­лар, табиғи ресурстарды, адами әлеуетті, қалыптасқан инфрақұрылымдарды, ғылыми-мәдени кеңістікті, маманданған өндірісті ескере отырып, тең құқықтық негізде құрылатын Еуразиялық Одақтың алдағы уақытта дамыған және бәсекеге қабілетті мемлекетаралық эконо­микалық бірлестіктердің бірі болатынына сенім білдірісті. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. туран11

Дерек пен дәйек

Алматыда «Тұран» универ­си­те­тінде өткен дөңгелек үстелге қатысушылардың келтірген мәлі­мет­теріне қа­ра­ғанда, 2013 жылы Алматы қаласының Кеден одағы елдерімен сыртқы тауар айналымы 8,6 миллиард долларды құраған. *    *    * Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Президентінің еуразиялық интеграция жөніндегі идеясы бүгінде табысты жүзеге асырылып жатыр. Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылды. *    *    * Жиынға қатысушылардың айтуынша, Қазақстанның қаржы секторын дамыту үшін Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзірледі. *    *    * Дөңгелек үстел басындағы пікір алмасуда мемлекет биз­­­нес­тің дамуына жағдай жасау қажеттігі, ал бизнес өкілдері оны дұрыс пайдаланумен айналысулары тиіс екендігі айтыл­ды. *    *    * Қазақстандық кәсіпкерлер үшін Ресей рыногының кең көлемде ашылуы өнім өндіру көлемін шамамен 8 есеге арттыруға жол ашатыны жиын барысында атап өтілді.  *    *    * Дөңгелек үстел кезінде шетелдік банктер адам дүниеге келіп, қартайғанға дейінгі аралықта 358 қаржылық қызмет түрін көрсететіндігі, ал қазақстандық банктердің көрсететін қызметі бұдан екі есе аз екендігі атап өтілді.