Біраздан бері көпшіліктің көңілін алаңдатқан Қызылағаштағы тасқын салдарынан болған зардапты жою шаралары біртіндеп арнасына түсіп келеді. Тұрғындардың алғашқы легі сәулетті үйлерге кіріп қуанса, қалғандары да құрылысы аяқталуға жақын баспаналарын асыға күтуде. Тасқыннан үлкендер ғана емес, жас ұрпақ та қиыншылыққа тап болды. Өйткені, мұндағы мектеп ғимараты зардап шегіп, оқушылар Талдықорған қаласы мен басқа да білім шаңырақтарында оқуларын жалғастыруларына тура келген-ді. Міне, оқу жылы да аяқталуға жақын. Енді мектеп бітіруші түлектерді алдағы бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысты мәселелер ойландыруда.
Облысқа іссапармен келген Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев тасқыннан зардап шеккен ауылда болып, Қызылағаш, Егінсу елді мекендеріндегі мектеп бітіруші түлектермен кездесті. Министр аталған елді мекендердегі түлектердің ҰБТ-ны белгіленген уақытта емес, бір жарым ай кейін, яғни шілденің 19-ы мен 26-сы аралығында тапсыруға мүмкіндік жасалғандығын жеткізді. Сынақ барысында оқуға қабылдануға тиіс ең төменгі 50 баллға қол жеткізген шәкірттер конкурсқа түскенде жеңілдік жасалатын болды. Аталған ауылдардағы жоғары оқу орнының ақылы бөлімінде оқитындарға екінші жартыжылдықтың ақысын төлемейтіндігі және жатақханаларда тегін тұру мүмкіндігі жасалатыны да айрықша қамқорлық деуге болады.
Кездесуде мектеп бітіретін түлектер сөйлеп, Мемлекет басшысы мен Білім және ғылым министріне, облыс әкіміне өздеріне жасалған қамқорлықтары үшін алғыстарын айтты. Өздерінің бірыңғай ұлттық тестілеуді уақытында тапсыруға мүмкіндіктері бар екендіктерін, қиыншылыққа қарамастан мектеп бағдарламасынан қалмай, өз уақтысында жан-жақты білім алуға мүмкіндік жасалғанын айтты.
Жүздесуде облыс әкімі Серік Үмбетов облыстық мәслихаттың сессиясына биылғы түлектерді облыс әкімінің грантымен оқыту жөнінде мәселе қойылатындығын айтып, баршаны қуантып тастады. Қазіргі кезде облыста 273 әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларының балалары осындай жеңілдікке ие. Енді оның қатары өсе түспек. Демек, түлектер қамқорлықты сезініп, өмірден өз орнын табуларына ынталанса, нұр үстіне нұр деген тілек қосты жиналғандар.
Түлектердің жүрегіне от жандырған жүздесуде министр бір топ мектеп басшылары мен ұстаздарды марапаттады. Олардың арасында І. Жансүгіров атындағы мектеп директоры Ә.Байтұмақов, ұстаз Р.Иманқұлова Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен, мұғалім Т.Бектемірова, Ақтоған ауылындағы мектептің директоры Т.Асылбаев, Егінсу ауылының ұстазы Ж.Ахметова мен қызылағаштық Б.Қыдыкенова Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болып, мерейленді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.