Биыл 30 жылдық датасы белгіленіп отырған тәжік-ауған шекарасындағы оқиғаның өткен тарихына тоқталсақ, сол тұста ТМД елдерінің басшылары қабылдаған «Тәжікстан Республикасының Ауғанстанмен мемлекеттік шекарасы учаскесінде жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» шешіміне сәйкес 1992 жылы 7 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов арнайы бұйрық шығарып, тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік міндетін атқару үшін қазақстандық 35-ші жеке гвардиялық әуе-десант бригадасының 300 жауынгері аттанған болатын.
Қазақстандық бітімгерлер 1993 жылдың маусымынан бастап, 2001 жылдың ақпанына дейін сегіз жыл бойы үздіксіз ауыспалы түрде әскери борышын мүлтіксіз атқара білді. Тұтас алғанда, сегіз жыл ішінде 10 мыңнан астам қазақстандық сардар мен сарбаз ТМД мемлекеттерінің оңтүстік шекарасын қорғауға қатысты. Іс жүзінде бұлар Қазақстанның алғашқы бітімгерлері ретінде тарихта қалды.
«Бұларға жүктелген негізі мақсат – Тәжікстан Республикасында жалпы жағдайды тұрақтандыру; төтенше және басқа гуманитарлық көмекті дер кезінде қорғап жеткізу; босқындардың уақытша және тұрақты мекенжайларының қауіпсіздігін қорғау шарасымен қатар, жоғарыда аталған мақсаттар үшін қажетті инфрақұрылым және де өмірлік маңызы бар нысандарды қорғауға жәрдемдесу болатын», деді шараға қатысып сөз сөйлеген Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің хатшысы Бахадур Алибеков.
Көрме экспозияциясына қойылған жүздеген жәдігерден басқа, арнайы қойылған ақпараттық тақтада бәдізделген мәліметтерде, сегіз жылға созылған тәжік-ауған шекарасындағы оқиға кезінде 60 мыңнан астам адам қаза болса, босқындар саны бір миллионға жеткені туралы жазылыпты. Сондай-ақ ұжымдық күштер тарапынан Тәжікстанның биік таулы аймақтарына бір мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізіліп, 40 мың босқын колоннасын күзету және алып жүрудің шарасы қарастырылумен қатар, далалық жерлерде 100-ден астам мина залалсыздандырылып, 40-тан астам тіршілік нысанын (су қоймасы, астық қамбасы т.б.) қорғау міндеті абыройлы атқарылғаны жайында ақпарды оқыдық.
Сонымен қатар көрме сөресіне қойылған жауынгерлік мұралар ішінде қазақстандық сарбаз Раджан Батырхановтың жеке заттары айрықша көз тартады. Тәжік-ауған қақтығысының батыры Раджан Әрмиұлы 1975 жылы 27 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауылында туған. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына шақырылып, Күршім взводының жеке құрамында қызмет атқарыпты. 1994 жылы 28 қыркүйек күні шекараны бұзып өтпек болған 200-ге тарта содырмен қақтығыста ерлікпен қаза тапқан. Кіші сержант Р.Батырханов осы ерлігі үшін Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталса, туған жері Катонқарағай ауылында батырдың есімі мектеп пен көшеге беріліпті.