Экономика • 29 Сәуір, 2022

Жаңартылған жабдықтар – сенімді энергия кепілі

338 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Энергетиктер үшін қысқы маусым – нағыз сыни кезең. Себебі нақ осы кезде энергия нысандарының экстремалды жағдайда жұмыс істеуге дайындығының сапасы, сондай-ақ персоналдың кәсіби шеберлігі мен біліктілігі жан-жақты тексеріледі. Энергетиктердің өткен күзгі-қысқы кезеңдегі қиындықтарды қалай еңсергені жөнінде «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан ЖАЗЫҚБАЕВ әңгімелеп берді.

Жаңартылған жабдықтар – сенімді энергия кепілі

– Бақытхан Медеғалиұлы, бұқара­лық ақпарат құралдарында биылғы 25 қаңтарда үш мемлекет­тің жарықсыз қалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Оқырмандарымызға осы төтенше оқиға жайында толығырақ айтып берсеңіз.

– Әлбетте. Өкінішке қарай, сол кез­дегі межеден тыс болған жүктеме айтар­лықтай оқиғаға айналды. Дәлірек айтсақ, 2022 жылғы 25 қаңтарда Орталық Азияның (Өзбекстан мен Қырғызстан) энергия жүйелері тарапынан болған авариялық теңгерімсіздіктің салдарынан 500 кВ қуат Қазақстанның Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік электр энергиясы транзитіне жүктемеден тыс түсіріліп, авариялық ажыратулар болды. Еліміздің оңтүстігіндегі тұтынушылардың басым бөлігі жарықсыз қалды. Шектеулер көлемі шамамен 1 500 мегаватты құрады. Бұл компания персоналы үшін өте қиын сынақ болды. Дегенмен авария­ны жоюға және Қазақстандағы барлық тұтынушыға қойылған шектеулерді алып тастауға бас-аяғы төрт сағаттай уақыт жұмсалды.

Авариядан кейінгі алғашқы сағат­тарда бұл оқиғаға қазақстандық тарап себепкер болды деген ақпараттық хабарлама тараған болатын. Алайда қазіргі кезде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан энергия жүйелерінің жүйелік операторлары өкілдерінен тұратын «Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының арнайы комиссиясы жұмысының қоры­тындысы жарияланды.

Тексеру актісіне сәйкес аварияға Өзбекстан энергия жүйесіндегі ажыратулар себеп болған: дәл сол күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11.59-да Сырдария АЭТ пен 500 кВ «Ташкент» ҚС-ны біріктіретін 500 кВ әуелік электр жеткізу желісінде тұйықталу орын алды. Бұдан кейін 500 кВ-тық шиналардың бірінші және екінші жүйелерінің дифференциялық қорғаныстарының артық жұмысы Сырдария АЭТ-індегі генерацияның біршама төмендеуіне, электр стансалары маңайындағы электр тораптарының көптеп ажыраты­луы­на және Қазақстан Біртұтас электр энер­­гетикалық жүйесінің 500 кВ Қазақ­станның Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитіне 2 100 МВт шама­сын­дағы қуаттың жүктемеден тыс түсірілуіне әкелді (бұл ұйғарылған көлемнен жеті есе жоғары).

Жүйелі авариялар кезінде энергия жүйесін бөлу жөніндегі талап­тар­ға сәйкес «KEGOC» АҚ электр тораптарының және Қазақстанның оң­түс­­тігіндегі электр стансаларының ава­рия­ға қарсы автоматикасы дер кезінде іске қосылды. Осының нәтижесінде елі­міз­дің оңтүстігінде жарықтың толық өшуі­не жол берілмеді. Қазақстанның оңтүс­тігіндегі тұрғындардың шамамен 60 пайызын электрмен жабдықтау әдет­тегі қалпында қалды. Бұл жолы Өзбек­стан мен Қырғызстанның энергия жү­йелері тоқтан толығымен ажыратылды.

Әрине, тұтынушыларға әсер ететін апат­тардың жөні бөлек. Электр жүйе­сінде электр стансалары мен желілері жабдықтарының бұзылуы жиі кездеседі. Олар жайында тұтынушылар білмеуі де мүмкін. Мұның барлығы – жүйелік оператордың кәсіби жұмысының жемісі. Алайда аварияларды жоюдан да асқан қиындықтар кездесіп жатады.

Мәселен, осы жылдың басында, небәрі төрт күннің ішінде – 16-20 қаңтар аралығында ЕЭК электр стансасындағы №4 энергияблоктың корпусы, Екібастұз ГРЭС-2 стансасындағы жұмысы то­лық­­тай тоқтатылған екі энергияб­лок, Екібастұз ГРЭС-1-дегі №2 және №5 энер­гияблоктар авариялық жөн­деуге шы­ға­рылды. Бұл дегеніміз 2000 МВт астам қуат және Алматы облысы­ның қыс­қы кезеңдегі тұтынатын энергия­сы­ның көлемінен көп.

Бұл жағдайда Қазақстан БЭЖ-нің жүйе құраушы желісі мен мемлекет аралық электр беру желілеріне шамадан тыс жүктеме түсу қаупі және соның салдарынан тұтынушыларды жаппай электр энергиясынан ажыратуға әкеліп соғатын жүйелік авария қаупі туындады. Осы күрделі жағдайда аварияларды болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдармен келісілген тізбеге сәйкес бірқатар ірі өнеркәсіптік тұтынушылардың электр тұтынуына нақты шектеулер қойыл­ды. Сол арқылы елді мекендерді тұрақ­ты энер­гиямен жабдықтау қамтамасыз етілді.

Мұның өзі еліміздегі электр желілері­нің сенімділігін көрсетеді. Алайда ең заманауи және сенімді жабдықтардың өзі төтенше жағдайларда, оның ішінде ауа райына байланысты жағдайларда жұмысқа дайын болуы үшін сауатты әрі уақтылы қызмет көрсету талап етіледі.

– Желілерге қызмет көрсету про­це­сіне толығырақ тоқталып өтсеңіз?

– Өткен күзгі-қысқы кезеңге дайын­дықты 2021 жылдың сәуір айында бастаған едік. Әдетте жөндеу науқаны әуелік электр желілері мен қосалқы электр стансаларынан басталады. Сәуірден қыркүйекке дейін 93 электр жеткізу желісі және 43 қосалқы станса жабдығы жөндеуден өтті. Бұған қоса, ғимараттар, құрылыстар мен автотехника жөнделді.

Филиалдарда авариялық жағдай­ларға арналған қосалқы бөлшектер, конструкциялар мен жанар-жағармай қоры толықтырылды. Желілік бригадалар мамандандырылған техникамен, барлық қажетті құрылғымен және арнайы киім­мен қамтамасыз етілді.

Эпидемиялық жағдайға қара­мас­­­тан, дайындық және жөндеу жұмыс­­­тары бекітілген кестеге сәйкес аяқтал­ды. Энер­гетика министрлігіне қарасты Атом­­дық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті 2021 жылғы 21 қыр­күйекте «KEGOC» АҚ-ға 2021-2022 жыл­дардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұ­мысқа әзірлік паспортын берді.

Биыл да желілерді келесі күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындауды бастап кеткенімізді атап өткім келеді. Ауа райы жылыған кезде 94 электр жеткізу желісін және 37 қосалқы стансаны жөндеуді жос­парлап отырмыз.

Компания ұжымы алдында Қазақ­станның Ұлттық электр торабының сенімді жұмыс істеуін және жүктеменің күзгі-қысқы межеден сәтті өтуін қамта­масыз ету міндеті тұр. Біз оны ойдағыдай аяқтайтынымызға сенімім зор.

– Компания желілерінің сенім­ділігін арттыру үшін тағы қандай жұмыс­тар атқарылуда?

– Жоғарыда желілерді күзгі-қысқы жағдайларда жұмыс істеуге дайындауды мысалға келтірдім. Алайда бұл – энергия нысандарының сенімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Қазіргі кезде «KEGOC» әуе желілерін қайта жаңарту бойынша жобаларды іске асыруда.

Нормативтік қызмет ету мерзімі жеткен, сондай-ақ қызмет ету мерзімі таяудағы жылдары аяқталатын электр жеткізу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 2000 км-ден асатын «Ақтөбе ЖЭТ», «Батыс ЖЭТ» және «Сарыбай ЖЭТ» филиалдарының 220-500 кВ желілері қайта жаңартылуда. «Ақтөбе ЖЭТ» және «Батыс ЖЭТ» фи­лиал­дарының 24 нысанының 18-інде құ­рылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 2029 шақырым әуе желісінің 1370-ы қайта жаңартылды.

Өткен қыс маусымында адами фак­тордың салдарынан жол берілетін ава­рия­лардың болмағанын ерекше атап өткен жөн. Керісінше, бүкіл құрылымдық бөлім­шелер мен түрлі деңгейдегі қыз­мет­­керлердің үйлесімді жұмысы қаңтар айын­да болған авариялық-қалпына кел­­тіру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқ­тау­ға мүмкіндік берді. Бұл үшін әріп­тес­тері­ме ризашылық білдіргім келеді.

– Болашақта мұндай төтенше оқи­ға­лардың қайталануына жол бермеу үшін қандай шаралар қолданылуда?

– Кез келген штаттан тыс болатын жағдай әрдайым мұқият тексеріледі. Тек­серудің мақсаты – болашақта мұн­дай жағдайлардың алдын алуға арнал­ған негізгі ұйымдастыру және тех­никалық шараларды әзірлеу. Бұл туралы жоғарыда айтып кеттім.

«KEGOC» АҚ тұтынушыларды энергиямен үздіксіз жабдықтау мақсатында барлық аймақта сенімділікті арттыру бойынша қосымша іс-шараларды өт­кізеді. Компания «Қазақстан БЭЖ Ба­тыс аймағының электр желісін күшей­ту. Электр желілік объектілерді салу» жобасын іске асыруда. Бұл жоба Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыс­тары желілерінің өткізу қабілетін және тұтынушыларды электрмен жаб­дықтаудың сенімділігін кемінде екі есе арттырады.

Жалпы ұзындығы 779,7 километр 220 кВ «Орал – Правобережная – Индер – Қарабатан – Теңіз» екінші транзитін салу жоспарланып отыр. Соған қоса 220 кВ «Орал» қосалқы стансасы қайта жаңартылады, 220 кВ «Құлсары», «Теңіз», «Индер», «Бейнеу» қосалқы стансалары кеңейтіледі, «Қарабатан» тарату пункті салынатын болады.

Ауқымды жоба аясында өзге де бір­қатар іс-шараны өткізу жоспарланып отыр. Олар жергілікті электр стансаларында авариялық ажыраулар болған кезде генерациялайтын қуаттардың біршама көлемін резервтеу есебінен желінің өткізу қабілетін арттырады.

«Аврора», «Боран», «Ақтөбе», «Орал», «Өлке», «Правобережная», «Алматы», ОҚ МАЭС, «Водозабор», «Жилпоселок», «Атырау», «Бейнеу», «Құлсары», «Теңіз», «Индер», «Шығыс», «Екібастұз», «Ағадыр», «Балқаш», «Жезқазған», «Жамбыл», «Қаратау», «Кентау», «Қызылорда» қосалқы стансаларында жоғары вольттік жабдықтарды ауыстыра отырып, ашық және жабық тарату құрылғыларын қайта жаңарту бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Осындай ауқымды жұмыстар Қазақ­стан Ұлттық электр торабының қыз­мет ету сенімділігін арттыруға және тех­нологиялық аварияларға жол бермеу­ге бағытталған. Компания өз тұтынушы­ларын электр энергиясымен үздіксіз жабдықтау үшін бар күшін салады.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестеріме апатсыз жұмыс істеуін, желілерде жұмыс кезінде қауіп­сіздік тех­никасы қағидаларын бұлжыт­пай сақ­тауын және 2022-2023 жылдар­дағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайын­дық бойынша жөндеу науқанын табысты аяқтауын тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»