Әлем • 29 Сәуір, 2022

Бейбіт күннің бағасы артқан кез

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы айлары Еуразия аймағындағы геосаяси ахуал күрделеніп, тарихы терең елдердің ынтымағына сызат түсті. Украинада соғыс өрті тұтанып, қақтығыс тоқтаған жоқ.

Бейбіт күннің бағасы артқан кез

Әлем елдерінің үндеуіне қа­рамастан, Ресей әскері Ук­раинаға шабуылын тоқтатар емес. Ұрыс әлі де Украинаның шығысында, қоршауда қалған Мариуполь, Марьинка, Попас­ная, Северодонецк, Изюм, Ру­беж­ное, Днепрорудное, Мели­тополь аумақтарында жүріп жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы жағдайға араласқысы келетін кез келген елге әскери жауабы дайын екенін мәлімдеді. Бұл – Ба­тыс елдері соңғы күндері Украи­наны қолдауды күшейткеннен кейін болған оқиға. В.Путин­нің баспасөз хатшысы Дмит­рий Песков өзге елдерге қару-жарақ жеткізуі құрлықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, тұрақсыздық­ты тудыратын әрекет екенін айтқан.

Украинаға қару-жарақ беру мәселесінде Батыс елдері бірден келісімге келе қойған жоқ. Германия соғыс басталмас бұрын қару-жарақтан басқа кез келген көмекті беретінін мәлімдеген еді. Алайда жақын­да Украинаға ауыр қару-жарақ жіберу туралы мәсе­леде неміс парламентінде өткен отырыс­та Бундестаг өкілдерінің 586-сы келісім беріп, 100-і қарсы шыққан, 7 адам қалыс қалды. Бұл Германияның Ресей-Украи­на қақтығысындағы бастап­қы ұстанымының өзгергенін білдіреді.

Ресей өз кезегінде Еуропа елдеріне жіберетін ресурстарына рубльмен төлеуді талап етіп, екі елді газдан ажыратып тастады. Жақында Ресейдің мемлекеттік энергетикалық ком­паниясы «Газпром» Поль­ша мен Болгария рубльмен тө­леуден бас тартқаннан ке­йін оларға өнім жеткізуді тоқ­татты. Бұл қадамды саяси көш­басшылар, соның ішінде Ук­раи­на президенті Володимир Зеленский бопсалауға теңеді, алайда  Кремль бұл мәлімдемеге келіспеді. Дмитрий Песков кейбір Еуропа елдері Ресейге қыр көрсетіп, газ үшін рубльмен төлеуден бас тартып, өз экономикасына зиян келтіріп отырғанын айтты. Осылайша, Батыс елдерінің басшылары Ресей энергетика саласы мен сауда арқылы қоқан-лоққы көрсетуге тырысып жатқанын айтып отыр. Еуропалық комис­сияның президенті Урсула вон дер Лайен бұл жағдай Ресей­дің газ жеткізуші ретін­де сенімсіз екенін тағы бір көр­­сетті деп атап өтті. Осы­лай­ша, энергетика саласында Еу­ропа-Ресей текетіресі жү­ріп жатыр. Дегенмен ЕО құра­­мын­дағы Мажарстанның Ре­сей газын рубльмен сауда­лауға келіскенін білеміз. Осы­лайша, газ мәселесі Еуропа ода­ғы­ның ішкі ұстанымдары мен қағи­даларына қатысты сұрақтар көтергені анық.

Ресей-Украина дағда­ры­сына Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басшысы Антониу Гутер­риш жеке араласа бастады. Жақында ол Ресейге сапарлап, Владимир Путинмен кездессе, одан кейін Украинаға аттанды. Мәскеуде БҰҰ басшысы гуманитарлық көмек пен бейбіт тұрғындарды қақтығыс аймағынан эвакуа­ция­лау мәсе­лесіне, атап айтқанда, Ма­риу­польдағы мыңдаған тұр­ғын мен «Азовсталь» метал­лур­гиялық зауытында қалған Украина әскеріне қатысты мәселе көтерілгенін мәлімдеді. Ресей Мариуполь қаласындағы азаматтарды эвакуациялауға БҰҰ-ның қатысуына келіскені белгілі болды, алайда ол әскерге қатысы бар-жоғы нақты емес. Ресейге Антониу Гутерриш атысты тоқтатуға шақырған Анкара арқылы ұшып барды. Украинада БҰҰ басшысы Ресей әскері басып алған Бучада болып, жағдайды өз кө­зімен көріп қайтты. Бұл оқи­ғада БҰҰ шешуші рөл ат­қар­маса да, халықаралық қауым­дастық оның ұрыс жүріп жат­қан аумақтардан халықты көші­ріп, гуманитарлық дәліздерді орнатып беруін күтіп отыр. Өйткені осыған дейін келіскен гуманитарлық іс-шаралар жү­зеге аспай қалды.

Атысты тоқтатып, бейбіт­ші­лік орнатуға тырысқан Түр­кия басшылығы тараптарды келіссөзге шақыруды тоқтат­пады. Осы апта  Түркия прези­денті Режеп Тайип Ердоған Владимир Путинмен теле­фонмен сөйлесті. Германияның Рамш­тайн әуе базасында өткен Батыстың Киевке әскери көмегі жөніндегі консультациялардың нәтижелері бойынша Түр­кияның қорғаныс ми­нистрі Хулуси Акар алдағы күн­дері Ресей президенті Влади­мир Пу­тин мен Украина прези­ден­ті Володимир Зеленс­кий­­дің кездесуі болады деп үміт­те­нетінін хабарлады. Осыған дейін Ресей басшысы кездесу нақты ұсыныстар мен шешімдерге қол жеткенде ғана болатынын мәлімдегені есі­мізде. Ал В.Зеленский мәселені талқылауға дайын екенін айтып,  жеке кездесуге шақырған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша Украинада қақтығыс басталғаннан бері 11 миллионнан астам адам үйлерін тастап кеткен. Көрші елдерге 5,3 миллион адам аттанса, 6,5 миллион адам ел ішінде қоныс аударған. Осы­лайша, бейбіт күнде ынтымағы жарасқан халық әп-сәтте ту­ған жерін, Отанын, үйін тас­тап қашуға мәжбүр болып отыр. Бүгінгі оқиғалар Жер бетін­дегі бейбітшілік, ынтымақ пен келісім түсініктерінің ма­ғы­насы әлдеқайда ауқымды еке­нін көрсеткендей. Дүние жүзі бейбіт күннің бағасы артқан кезде өмір сүріп жатыр...