Ғылым • 29 Сәуір, 2022

Майя Миталипова: Ғылымда шекара жоқ

733 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемнің қай бұрышында тұрып, қандай зерттеу жүргізіп жүрсе де отандық ғылымның мәртебесін көтеріп жүрген жандар жетерлік. Оған қазақстандық білімнің ешбір елден кем емес екенін дәлелдеген шетелдердегі ғалымдарға қарап көз жеткізіп келеміз. Солардың бірі – биология ғылымдарының PhD докторы Мая МИТАЛИПОВА. Алматы облысының тумасы қазір атақты МІТ-дегі (Massachusetts Institute of Technology) зертхананы басқарып отыр. Біз ғалыммен бейне-байланыс арқылы әңгімелескен едік, оқырмандарға ғылыми әңгімені ұсынамыз.

Майя Миталипова: Ғылымда шекара жоқ

– Кейбір зерттеушілер ғылымды ғылыми ма­қа­лалар жазу деп түсінеді. Енді бірі жаңа нәрсе ойлап табуды ғылымға жатқызады. Сіз үшін ғы­лым деген не?

– Мен айналысатын биология ғылымы – тәжіри­бе­лік ғылым. Яғни сіз ғылыми қорытын­ды­лардың негізінде тәжірибелер жасауыңыз керек. Соның нәтижесінде бір нәрсеге көз жеткізесіз. Дегенмен тәжірибенің өзін сіз өз бетіңізбен, осыған дейін жарияланған ғылыми-зерттеулердің нәтижесі тура­лы мақалалар мен әдебиеттерді оқымай, жасай алмайсыз. Өзге әріптестерді қайталамау үшін соң­ғы ғылыми жаңалықтардан хабардар болу керек. Ғылым деген – тынымсыз ізденіс. Алайда ізденістен ғана нәтиже шықпайды. Мәселен, жылдар бойы паркинсон, альцгеймер ауруларын зерттеп келемін. Бұл өте ұзақ уақытты және қымбат құрал-жабдықты қажет ететін тәжірибелерден тұрады. Сондықтан ғылымдағы нәтиже ізденіске ғана емес, оған жасалатын жағдайға да байланысты. Мысалы, Ресейде аспирантурада оқып жүрген 90-жылдары зерттеу жүргізуге жағдай болмады, енді қалыптасып жатқан жаңа мемлекет еді. Сол себепті мен жарты жылға Америкаға аттандым.

– Халық күнкөріспен кеткен сол тоқырау жыл­дары сіз Америкадағы тағылымдамаңызда апта­сына 7 күн 12 сағаттан жұмыс істеп, диссер­та­­цияңызға дерек жинадыңыз. Еңбегіңізді көр­ген Нобель сыйлығының лауреаты сізді жұмыс­қа шақырды. Ғылымға деген қадамыңыз осы сәт­тен басталды ма?

– Негізі солай десе де болады. Бірақ мұны то­лық жұмыс деуге келмейді. Себебі бұл олардың сол уақыттағы тілімен айтқанда, постдокторантура еді. Кандидаттық дипломды алғаннан кейін ғалым болу үшін біз – биолог-ғалымдар тағылымдамадан өтуіміз керек. Тағы­лым­дама әдетте зерттеу жүргізетін саладағы профес­сор­лар­дың жетекшілігімен өтеді. Мен Америкада та­ғылымдамадан өтіп, сонда ғылыми диссерта­цияма жинаған нәтижелерімді халықаралық кон­фе­ренцияға жолдадым. Жұмыстарымды Нобель сыйлығының лауреаты Нил Ферст көріп, мені жұмысқа шақырды. Ол эмбриолог болды, бірақ Нил бағаналы жасушамен (стволовая клетка) жұмыс істеуді қалады. Ал мен дәл осы бағыт бойынша диссертация қорғадым.

– Әйгілі «Нью-Йорк таймс» газеті сіздің Н.Ферстпен жұмысыңыз туралы мақала жария­ла­ды. Бұл қандай ғылыми жұмыс еді?

– Мен Нилмен бірге ірі қара малдың бағаналы жасушасын зерттеумен айналысып, бұзауды клондадым. Басынан соңына дейін жеткіздім. Бұл сол уақыттағы ең үлкен жаңалық болды. Нил әлемдегі клондаудың негізін қалаушы ретінде тарихта қалды. 1997 жылы 1 наурызда «Нью-Йорк таймс» газеті осы жаңалығымызға қатысты мақала шығарды. Біз сол кезде бұзауды сиырдың жасушаларынан клондадық. Дәл осы сиырлар адамзаттың игілігіне қызмет етті. Себебі сол сиырлардың көмегімен адамды жасанды ұрықтандырудың бүтін жүйесі құрылды.

– Ал МІТ-ке қалай жұмысқа тұрдыңыз? Қазір онда немен айналысасыз?

– Нилмен 5 жыл жұмыс істеген соң, мені Джорджио штатына көшуге, сондағы аустралиялық биотехнологиялық компанияда жұмыс істеуге шақырды. Бұл компания әлемдегі алғашқылардың бірі болып паркинсон ауруын емдеу үшін адамның бағаналы жасушаларын қолдана отырып, жасушалық терапия бағдарламасын жасады. Осы компанияда 2001 жылдың басынан жұмысқа қабылданып, адамның бағаналы жасушаларын алумен айналыс­тым. Кейін білдім, сөйтсем мен сол уақыттағы адамның бағаналы жасушасын ала алған әлемдегі үш ғалымның бірі болған екенмін. Ғылыми нәтижелерді АҚШ ұлттық денсаулық институтына (National Institutes of Health) жібердік. 2001 жылғы Америка президенті кіші Джордж Буштың шешімімен ғылыми-зерттеуімізді қаржыландыруға қол жеткіздік. Алайда мен бұл компаниядан кеттім, себебі паркинсон мен альцгеймерге зерттеу жүргізу керегін түсіндім. Бағаналы жасушаны алумен шектелуге болмайтынын, оны кәдеге жаратпасаң, қолданусыз жатқан пайдалы дүние секілді қалып қоятынын ұғындым. Бұл үшін іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми орта қажет болды. Компанияда істеген 3 жылымда жақсы нәтижеге жеттім, 2 жылдық зерттеу грантын алып, нәтижелері туралы ғылыми мақаламды әлемдегі №1 Nature және басқа да беделді журналдарда шығардым, сондықтан кетуге болатындай еді. Сөйтіп іздене бастадым. Америкадан және Англиядан профессорлыққа ұсыныс келді. Ойланып жүргенімде МІТ-дегі атақты профессор Рудольф Яниш өзі звондап, жұмысқа шақырды. Осылайша, 2005 жылғы тамыздан бастап МІТ-дегі Адам бағаналы жасуша зертханасының директоры лауазымына кірістім. Бұл оңай болған жоқ. Рудольф Яниш мен үшін арнайы зертхана ашуға миллион доллар төлеуге дайын демеуші тапты. Осы уақыттан бері аталған ауруларды түсіну, анықтау жолында қаншама зерттеу жасадық. Біз осы технологиямен жұмыс істейтін дүние жүзіндегі озық ұйымның бірі болып отырмыз.

– Сонымен альцгеймер мен паркинсон не болды?

– 16 жылдан аса осы бағытта жүргізген зерт­теуімде бұл аурулардың қаншалықты ауыр екенін түсіндім. Ең қызығы, 2007 жылы менің анам небәрі 63 жасында паркинсонға шалдықты. Мен оны Алматыдан Америкаға алып келдім. Мұнда Қазақстандағыдай емес, жүйе жақсы, өмірін ұзар­ту­ға көмектесетін жағдай жасалған. Бірақ анам бәрібір 11 жылдан кейін паркинсоннан қайтыс болды. Өйткені бұл ауру емделмейді. Алайда біз әлі де альцгеймер, паркинсон ауруларын зерттеуді тоқтатқан жоқпыз.

– Сіз пандемияның кезінде, әр ел өз вакцинасын, тестін әзірлеумен жанталасып жатқанда қазақ­стандық ғалымға материал жіберіп көмек­тестіңіз. Сіздің арқаңызда елімізде коронавирусты 15 минутта анықтайтын экспресс-тест жа­салды. Қазақстан үшін болашақта тағы не істе­гіңіз келеді?

– Ғылымда шекара жоқ қой. Қарап, салыстырып отырамын. Ресейлік ғалымдар көбіне оқуға, жұмыс істеуге шетелге кетіп жатады. Қазақстанда мемлекеттен арнайы ақша бөліп оқытатын «Болашақ» бағдарламасы бар. Сол бағдарламамен АҚШ-қа магистратура мен докторантурада оқуға жыл са­йын қаншама жас келеді. Мен олардың әлеуетін көріп қайран қаламын. Өйткені осы бағдарламамен оқығандар елге барып жұмыс істеуге міндетті екен, бұл – өте орынды. Посткеңестік елдердегі ең бір тиімді бағдарламаға айналып отыр. Дамыған елдердің білімін алған жастар Қазақстанды қалайда басқа деңгейге шығарады. Соның бір дәлелі – өзіңіз айтқан экспресс-тесті. Оны да «Бо­лашақ» бағдарламасының түлегі (Болат Сұл­танқұлов, «Егеменнің» кейіпкері, ол туралы арнайы портреттік мақала жазылған – А.Ш) жасады.  Ковид өршіді, Қазақстан үшін алаңдадым. Бізде онсыз да көп халық тұрмайды, өлім-жітім көбейсе, тіпті ауыр. Тестіге қажетті ақуызды өзім жіберген жоқпын, мұнда шетелдегі қаншама биолог-ғалымның еңбегі бар. Мен алыс­та болсам да, басқа елде 30-40 жыл өмір сүрсем де, жан дүнием, жүрегім – Қазақстанда. Елім үшін қолымнан не келсе, соның бәрін істегім келеді.

– Елге оралғыңыз келе ме?

– Елге оралар едім. Мен шетелдерде, әлемдегі мықты, беделді ұйымдарда 15-20 жыл еңбек етіп, елге кеткен ғалым отандастарымды білемін. Мен олардың бұл азаматтық парызын ерлікке балаймын. Тек менің салам, бағытым бойынша Қазақстанда жұмыс жайы әзірге қиындау. Өйткені бағаналы жасушамен жүргізілетін зерттеулердің бюджеті тым көп, жылына 5 млн доллар болуы мүмкін. Әйтпесе лекция оқып, елде жұмыс істеуге болушы еді. Биология саласында оқитын студенттердің ғылыммен айналысуына, олардың шетелдік ғылыми ұйымдармен байланыс орнатуына, грант алуына себепкер болсам деймін. Шыны керек, Қазақстанда ғылымға қаржы аз бөлінеді. Біз бай елміз ғой. Ғылымға қаржы салуға болады. Өйткені бұл – еселеп қайтатын инвестиция. Мемлекет болашағымыз ғылымда екенін түсінуі керек. Мысалы, Тайвань мен Жапонияны қараңыз, бізбен салыстырғанда ресурсы аз, жері кішкентай. Бірақ қайда дамып кеткен, инновациямен айналысып отыр. Қалай? Себебі олар ғылымға қаржыны аямайды. Мемлекетті басқарып отырғандар өз жұмысымен «ауырса», «Қайтсем халқымды өркениетті елдің азаматы етемін?» деп күні-түні ізденсе, жауабын табады және соны істейді. Оған бізде әлеует деген жетіп артылады.

– Сіздің елде еңбек етіп жүргеніңізге куә бо­лайық! Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»