Ахмет Байтұрсынұлы • 03 Мамыр, 2022

«Усул сутие жолы» қандай әдіс?

1250 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ баласын оқыту әдістемесін жүйелеуді неден бастады, сауаттау әдісін қалай қалыптастырды деген мәселе төңірегінде сөз қозғасақ. Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі төте оқу, төте жазу және усул сутие деген ұғымдармен тығыз байланысты екендігі мәлім. Бәрімізге белгілі, VIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейін түркі халықтарының барлығы араб әліпбиін қолданды. Ол қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықталмаған, құрамында артық әріптері көп өте күрделі әліпби болатын.

«Усул сутие жолы» қандай әдіс?

Бұл әліпбимен қазақ баласы сауатын ашқанда, көпке дейін ежіктеп оқып, қиналатын. Осыны түсінген Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап ұлттық әліпби жасауды қолға алды. Араб әліпбиінің құрамындағы қазақ тіліне қажет емес артық әріптерді шығарып тастап, 28 дыбысқа лайықталған 24 таңбадан тұратын ұлттық әліпбиді құрастырды. Ұлт ұстазының бұл әліп­биі жылдам үйренуге қолайлы бол­ғандықтан «төте оқу, төте жазу», деген атпен тарихта қалды. Ахмет Бай­тұр­сынұлының өзі бұл жайында: «Ежіктеп қадымша оқытудың жанында бұл әдіс анағұрлым төте еді. Сондықтан да «төте оқу» деп аталып еді» деп сипаттай отырып: «Төте жазу – әріптерді бірден қосып сөз қылып жазу. Төте оқу – дыбыстарды бірден қосып сөз қылып оқу», деп түсіндірген.

Ахмет Байтұрсынұлының ең алғаш­қы «Әліппесі» 1912-1925 жылдар аралығында жеті рет басылып шықты. Барлығының сыртында «Усул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп­пе» деген жазу болды. Бұл сөз парсы ті­лінен қазақшаға аударғанда «дыбыс принциптері» деген мағынаны білдіреді. Яғни дыбыспен оқыту әдісі. Бұл әдісті Ахмет Байтұрсынұлы басқа елдердің әдістемесін мұқият саралап барып, қазақ тіліне лайықты деп таңдаған.

Усул сутиенің ең басты қағидасын Ахмет Байтұрсынұлы үшке бөліп көрсеткен: «бірінші балаларға әртүрлі дыбыс бар екенін ұғындыру керек, екінші балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыстар барын айыртып үйрету керек, үшінші бөлек-бөлек дыбыстарды қостырып сөз айтуға дағдыландыру керек. Мұны білмей тұрғанда балаларға әріп көрсету жарамайды», дейді ұлт ұстазы.

Ахмет Байтұрсынұлы сол кезеңдегі әлем елдерінің әдістемесін зерделей отырып, қазақ баласының сауатын «усул сутие жолымен» ашу қажет­тілігін мұғалімдерге үйретіп, жол көр­сетіп берді және француз, неміс, ағыл­шын, итальян, қытай және орыс тілдерінде басшылыққа алынған әдіс-тәсілдерді талдай отырып, әр тілдің жазу ерекшелігіне қарай әр елдің оқы­ту­да қолданатын әдістері де әртүрлі бо­ла­тындығына назар аудару қажеттігін ескерткен.

«Жазу үшін әріп алмай, таңба алған жұрттың бірі қытай. Ауыз бен ит таңбасы қатар тұрса «үреді» деген сөз болады. Мұғалім бұл жазумен сауаттағанда дыбыспен де, әріппен де жұмысы жоқ», дейді А.Байтұрсынұлы. Ал тілінің жазылуы мен айтылуы бөлектенген жұрттың мысалына орыс халқын жатқызған. «Алған әріптері дыбыстарына сәйкес келмейтін ағылшын тілі, олардың сөздерінің жазылуы мен айтылуы алыс кеткендігі сонша, «ит деп жазып, шошқа деп оқиды», деп көрсетеді ғалым. Ал алған әріптері мен дыбыстары мейлінше сәйкесетін, сөз дыбыстарын естілуінше жазатын тілдер қатарына итальян, неміс және қазақ тілдерін жатқызған. Тілдердің осындай ерекшелігіне сәйкес сауаттау әдісі де әртүрлі болатынын мұғалімдерге талдап көрсете отырып: «Бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрт­тың да са­уаттау ісіне қолайлы бо­ларға тиіс деп айтуға болмайды. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі, екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды», деп ескерткен. Мұқият зерделей отырып қазақ баласының сауатын «усул сутие жолы» арқылы әуелі дыбыспен жаттықтыру, одан кейін буынмен жаттықтыру, одан кейін сөзбен жаттықтыру ретін ұсынған. Осыдан кейін ғана, әріпті көрсету керек дейді. Ал әріпті үйреткен кезде әуелі сол жаңа әрпі бар қысқа-қысқа сөздерден дыбысын айыртып барып қана, тақтаға жазып көрсету керек деген.

Ахмет Байтұрсынұлы тек «Әліппеде» ғана емес, «Тіл құрал», «Тілжұмсар» оқулықтарында да түрлі тапсырмалар жүйесін беру арқылы ана тілін үйретудің әдістемесін қалыптастырды. Бастауыш мектепке арналған «Тіл­жұмсар» оқулығы балаға ана тілін құрал ретінде жұмсаудың, сол құралдың ішкі-тысқы бөлшектерінің бәрін біліп, меңгертудің тәсілдерін ұсынған. Ахмет Байтұрсынұлы бұл оқулықта балаға ана тілін ең бірінші тәжірибе арқылы үйрету, екінші балалар қиналмай, оңай үйрену үшін тапсырманы әліне қарай шағындап беру, үшінші белгіленген мақсат бойынша балаға бағыт беріп отыру мәселесін жүйелеп көрсеткен. «Тілжұмсардағы» тапсырма түрлері: буындау, көшіру, сұрау, жа­уап жазу, айтқаннан жазу, жатқа жазу, құрастыру, жалғаулау түрінде берілген.

Ал «Тіл құралдың» бірінші бөлімін­дегі тапсырмалар дағдыландыру және сынау деп аталады. Мәселен, дағды­ландыру деген тапсырмада бала мұ­ға­лімнің көмегімен тақырыпты мең­геруі керек, ал сынау деген тапсырма бойынша сол меңгерген тақырыбын жаттығу арқылы орындайды. Ұлт ұстазы балаға тақырыпты меңгерту үшін әуелі дағдыландырып, сонан кейін сынау арқылы жаттығулар жасатуды қажет деп тапқан.

Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұр­сынұлының әдістемесі және оқу­лық­та­рындағы тапсырмалар жүйесі қазіргі айтылып жүрген сөйлеу әрекеттерінің, атап айтқанда тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым түрлерінің барлығын қамтыған. Яғни баланың оқу және жазу сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған. «Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы ша­ғылмай, оқыған сайын қызығады», деп тұ­жырымдаған ұлт ұстазы сауаттау әдісін ғана емес, ана тілін оқытудың тұтас әдістемесін қалыптастырып кетті.

 

Гүлфар МАМЫРБЕК,

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалының аға менеджері

Соңғы жаңалықтар