Экономика • 03 Мамыр, 2022

200 мыңнан астам жұмысшының табысын арттыру көзделген – Ералы Тоғжанов

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы елордада «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына арналған жиында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

200 мыңнан астам жұмысшының табысын арттыру көзделген – Ералы Тоғжанов

Жобаларды жүзеге асыру барысын квазимемлекеттік сектордағы ірі компаниялардың басшылары елге түсіндіруі керек.

«Халықтың табысын арттыру бағдарламасын сарапшылар қоғаммен біраз талқылады. Оны өте маңызды, халыққа керек жоба деп атап өтуге болады. Атап айтқанда, бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқатына назар аударылып отыр. Бұл бағдарламаға еліміздің барша министрлігі және бүкіл аймақтағы әкімдер тікелей жауапты. Оның негізгі бағыты нақты жұмыс орындарын құруға арналған. Осы орайда нақты салалар бойынша талқылаулар болады, яғни өндірістік персоналда қызмет ететін азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, жалақысын арттыруға байланысты үлкен квазимемлекттік сектордағы компаниялардың орны мен қабылданған шаралар туралы тиісті шешім жасаймыз деп келіскен едік. Сол бағдарламаның ішінде «Самұрық-Қазына» қорына қатысты көптеген ірі компаниялар бар. Бұл ретте олардың жұмысындағы іс-шаралар мен жұмыс істейтін азаматтардың да табысын арттыру жобаларын іске асыруымыз керек», деді Е. Тоғжанов.

Осы орайда ол жоспар бойынша «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы компанияларда жұмыс істейтін 200 мыңнан астам адамның табысын арттыруға екпін қойылғанын атап өтті.

«Сондықтан осы бағытта ауқымды жұмыстар басталады. Алға қойылған мақсат бойынша іске асатын жобалар халықтың табысына қалай әсер ететінін тұрғындар білуі керек. Осының бәрі елге ашық көрсетілуі керек. Жобалардың жүзеге асырылуын квазимемлекеттік сектордағы ірі компаниялардың басшылары елге түсіндіріп айтуы керек», деді Үкімет басшысының орынбасары.