Осы ірі доданың 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған чехиялық Катерина Синяковамен өткізді.
Екеуі осыған дейін бес рет шеберлік байқасып, соның үшеуінде Елена жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сетте де Рыбакина 1:0 есебімен алға кеткеннен кейін чехиялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты. Елена небәрі 38 минутқа созылған матч барысында 3 эйс жасап, 6 брейктің тең жартысын пайдаланып үлгерді. Қазақстандық теннисші жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын жарыстың ширек финалына өту үшін әлемнің 35-ракеткасы, швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен сайысқа түседі.