Қазақстан • 04 Мамыр, 2022

Мүдде мен мүмкіндік

456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көне Түркі қағанатының бас қолбасшысы, абыз Тоныкөк: «Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға шаптым құрсанып – бәрі елім үшін!» деп айтқаны бар еді. Бүгінде  Қазақ елі осындай халді бастан кешіп отырған жайы бар.  Сол себепті ел үшін, елдің ертеңі үшін бұрынғыдан да әлдеқайда мықты, бұрынғыдан да әлдеқайда тату болатын, «алтаудың алалығынан» арылып, «төртеуді түгелдейтін» күн туып тұр.

Мүдде мен мүмкіндік

Әдетте, біз қисыны келсе болды, әңгімеміздің тұздығына айналдыратын өркениетті елдерде президенттер, үкіметтер басшылары ауысып, бірінен соң бірі келіп, бірі кетіп жатады. Оған бола халқы уайым жемейді. Сайлауға түскен үміткерлердің  қайсысының халықты жарылқаймын, тұрмысын түзеймін, әлеуметтік жағдайын жақсартамын деген бағдарламасы көңілінен шықса, барлығы соған дауыс береді. Жұртына жаққан басшының екінші мәрте сайланатыны да бар. Бітті! Қанша мықты болса да, қанша жерден кемеңгер болса да үшінші мәрте сайланбайды. Өйткені сая­си жүйе осылай қалыптасқан.  Бұл жүйе Батыс елдерінің басты заңы – Конституцияда тайға таңба басқандай таңбаланған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Конституцияға демократиялық өзгерістер енгізуді қолға алды. Суперпрезиденттік басқарудан, партия төрағалығынан бас тартты. Парламенттің өкілет­тігін күшейтіп, саяси партиялардың қоғамдағы рөліне басымдық бер­ді. Конституциялық сот қайта құрылатын болды. Ата Заңның  33 бабына енгізілетін өзгеріс халық­тың қатысуымен референдумда қабылданатын болады. Осының барлығы – жоғарыда біз сөз еткен өркениетті әлемнің озық үлгісімен жасалып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді Екінші республика деп атауға болады» деп айтқан, елдік мүддеге бағытталған жүйесі осы.

Тәуелсіз елдің тұғырын биік­тетуге өлшеусіз үлес қос­қан, азаттықтың айбынын асқақтату жолында тер тө­гіп, мемлекеттіліктің іргесін бекі­ту­ге еңбек сіңірген санаулы қазақтың бірі ойшыл Әбіш Кекілбаев болатын. Сол абыз Әбіштің демократиялық құндылық туралы сөз орайы келгенде төмендегіше қайырғаны бар-ды: «Демократиялық либерализм топтық та, жіктік те мүдделерді емес, бүкіл халықтық мүдделерді, бір басының ғана, өз тобының ғана басын оздыратын биліктің мүддесін емес, күллі ұлт, күллі қауымның болашағын қамтамасыз ететін тәуелсіздік пен игілік, бостандық мүдделерін жоғары қояды». Мемлекет басшысы айтып отырған мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының негізгі мақсаты да осы: «Күллі ұлт, күллі қауымның болашағын қамтамасыз ететін тәуелсіздік пен игілік, бостандық мүдделерін жоғары қояды».

Әңгімеміздің әлқиссасын Тоныкөктен бастасақ, сөзі­міздің тоқетерін көне түркі жұрты­ның билеушісі Күл­тегіннің төмендегідей сөзімен түйіндегелі отырмыз. «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады». Бұл – өткен тарихтың ащы сабағы. Төрткүл дүниеде геосаяси жағдай қырық құбы­лып жатқан тұста, тұрмыстық тақы­рыптар мен желідегі жеңіл әңгімелердің жетегінде кетпей, арандатушылыққа ермей, мемлекеттік жүйені орнықтыру мәселесіне ерекше мән берген абзал. Алдағы өткізілетін референдумда елдікті мұрат тұтқан игі өзгерістердің төңірегін­де тоқайласу, мемлекеттілік сын­ға түскен сәтте «досқа күлкі, дұшпанға таба болмайтындай» алаш баласына тән татулық таныту бүгінгінің басты ұраны болмақшы. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың елдік мүдде жолындағы үлкен мүмкіндігі  бұл.