Кеден бажының ставкасын Еуразия экономикалық комиссиясы белгілейді (ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі № 80 шешімі) және бұл ставка Қазақстан Республикасы үшін міндетті болып табылады. «Жеңіл автокөліктерге арналған баж ставкасы 2022 жылы өзгеріссіз қалды.
Керісінше, Еуразиялық экономикалық одақ Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 39 шешімімен тиісті құжаттар ұсынылған жағдайда электромобильдерді баж мөлшерлемесінің 15%-ынан босату түріндегі жеңілдік берілді.
Ұсынылатын құжат түрін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі белгілейді. 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 46 шешімімен дайын өнімді өндіруге арналған шикізат және материалдар сияқты «сезімтал» тауарлардың жекелеген санаттарына кедендік әкелу бажының 0% мөлшерлемесі енгізілді» делінген комитет хабарламасында.
Сонымен қатар, тауарлардың кедендік құны ЕАЭО Кеден кодексінің 5-тарауына (тауарлардың кедендік құнын айқындаудың алты әдісі) және Еуразия экономикалық комиссия алқасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 42 шешіміне сәйкес айқындалады.
Автокөлік сатып алу кезінде азаматтар аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттеріне барып, кедендік тазартудан өткізгені жөн. Заңсыз іс-әрекеттер фактілері және шағымдану үшін басқа да негіздер болған жағдайда, 14-14 қысқа нөміріне немесе 8-7172-71-81-71 нөміріне хабарлауға болады. Сонымен қатар, утилизациялық алым мен кедендік баж бір-біріне ұқсамайтын екі бөлек алым және бір-бірін алмастыра алмайтынын ескеру қажет.
Қазақстан Республикасындағы тарифтік саясат шаралары - Сауда және интеграция министрлігінің құзыретіне, ал утилизациялық алым мөлшерлемесін бекіту - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жатады.