Үкімет • 04 Мамыр, 2022

Министр сапалы ауызсумен қамтылмаған өңірлерді атады

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министр сапалы ауызсумен қамтылмаған өңірлерді атады

«Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылы сапалы ауызсуға қолжетімділікті 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл тапсырманы орындау «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында жоспарланған. Былтыр елімізде сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету 96 пайызды, оның ішінде қалаларда – 98,1 пайызды, ауылдарда 93 пайызды құрады», деді министр.

Ол жекелеген өңірлерде артта қалушылық байқалатынын да атап өтті. Ауылдық елді мекендерде ауызсумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында сақталған. Қалалық жерді сумен жабдықтау қызметі Жамбыл облысында көңіл көншітпейді.

«Сумен жабдықтау қызметтерімен Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындары 100 пайыз қамтылған. Ауылдық елді мекендерді аталған қызметпен қамтамасыз ету бойынша көшбасшылар қатарында Алматы, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстары бар», деді Қайырбек Өскенбаев.