Аймақтар • 05 Мамыр, 2022

Үш елдің азаматтығын алған әйел елден шығарылды

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Железин аудандық соты Қазақстан заңнамасын бұзған Ресей және Канада азаматшасы М-ға қатысты істі қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үш елдің азаматтығын алған әйел елден шығарылды

«Қазақстан азаматтығы туралы» Заңның 21-бабына сәйкес, егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса, осы елдегі азаматтығын жоғалтады.

Сонымен қатар Қазақстан азаматы саналатын және шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам өзге азаматтықты алған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде Қазақстанның ішкі істер органдарына немесе шет елдердегі мекемелеріне хабарлауға міндетті. Сондай-ақ ол паспортын және жеке куәлігін тапсыруға тиіс.

23 сәуірде Үрлітөбе шекара бекетінде тексеру барысында заңнамамен белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алғанын хабарламаған Ресей Федерациясының және Канада Республикасының азаматшасы М. анықталды.

Сот отырысында жауапқа тартылатын тұлға кінәсін толық мойындап, 2017 жылдың қараша айында Канаданың азаматтығын, сонымен бірге осы жылдың наурызында РФ азаматтығын алғанын, бірақ заңды білмегендіктен Қазақстан паспортын тапсырмағанын түсіндірді.

Сонымен қатар Қазақстанда туысқандары болмауына байланысты елден шығаруды сұрады.

Сот қаулысымен азаматша М. ӘҚБтК 496-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жiберу жазасы тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енді.