Футбол • 06 Мамыр, 2022

«Реал» – финалда!

147 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше футболдан биылғы Еуропа Чемпиондар лигасының финалына шыққан екінші команда белгілі болды.

«Реал» – финалда!

Англияның «Манчестер Сити» клубын өз алаңында қабылдаған Испанияның «Реалы» плей-офф кезеңінің алғашқы ойындары сияқты бұл жолы да камбэк жасап, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Мадридтік ұжым жартылай финалдың сырт алаңда өткен алғашқы ойынында 3:4 есебімен жеңілген болса, жауапты кездесуде де 0:1 нәтижесімен жеңіліп жатқан-ды. Алайда 90 және 90+1 минутта Родриго дубль жасап, екі ойынның қорытындысы бойынша есепті теңестірді. Ал қосымша таймда Бензема пенальтиден гол соғып, командасына маңызды жеңіс сыйлады – 3:1. «Манчестер Ситидің» жалғыз голын 73-минутта Рияд Махрез салды.

Осылайша, Карло Анчелотти шәкірттері финалда «Ливерпульмен» кездесетін болды. Бұл – екі ұжым арасындағы үшінші финал болмақ. 1980/81 жылы англиялық клуб Парижде 1:0 есебімен жеңіске жетсе, 2017/18 жылы Киевте испаниялықтардың мерейі үстем болды – 3:1. Биылғы финал 28 мамырда Париждегі «Стад де Франс» стадионында өтеді. Бұл жолы қай клубтың бағы жанар екен?