15 Сәуір, 2014

Мүгедек жандар қамқорлық қанатында

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева бастаған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаттары Солтүстік Қазақстан облысында екі күндік жұмыс сапарымен болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. IMG_7022 Халық қалаулылары алдымен облыстық балалар ауруханасына атбасын тіреді. Медициналық мекеменің бас дәрігері Олег Завьялов мәртебелі меймандарды атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Мұнда 1986 жылдан мүгедек балаларды оңалту бөлімшесі жұмыс істейді. Былтыр екі мыңға жуық балдырған осында ем-дом алып, сауығып шыққан. Күндізгі стационар ашылып, ауру белгілерін ерте анықтаудың арқасында кеселді асқындырмай емдеудің жолға қойылғаны байқалады. Вице-спикердің мүгедек балаларды сауықтыру қандай дәрежеде деген сауалына 97 пайыз деп жауап берілді. Туабітті мүгедектікке ұшыраған сәбилер перинаталдық орталықтан жеткізілісімен арнайы жабдықталған төрт залда ем-дом алып, 15 жасқа дейін дәрі­гер­лердің қатаң бақылауында болады. Сенат және Мәжіліс депутаттары сенсорлық, тұзды шахта, денешынықтыру бөлмелерін, массаж, инемен емдеу кабинеттерін аралап көріп, материалдық-техникалық базаның жақсы жабдық­талғанына көздерін жеткіз­ді. Аймақ басшысы Самат Ес­кендіров аурухананы қаржы­лан­дыруға биыл 840 миллион теңге қарастырылғанын, ақша былтырғы жылға қарағанда 1,5 есе көп бөлінгенін жеткізді. Үсті­міздегі жылы осы заманғы төрт медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Сұрақ-жауап түрін­дегі пікір алысу барысында аурухана жұмысының сапалық көрсет­кіштерін айғақтайтын басқа да деректер келтірілді. Оңалту бөлімшесінің меңге­ру­шісі Ирина Тищенко «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламасы шең­берінде жүзеге асырылған жұмыс­тар­ды ортаға салды. Бала­лар арасында жүйке, туабітті аурулар, психикалық ауытқушылық кең таралып отыр. Дариға Нұрсұл­танқызы өз сөзінде «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында мүм­кін­дігі шектеулі адамдарды қо­ғам­дық өмірге, белсенді еңбекке тартудың жолдары жан-жақ­ты қарастырылғанын айта келіп, жас аналар күтіміне, скрининг­тік тексерістердің жүйелі жүргі­зілуіне, диагностикалық зерт­теу­лердің дәлдігіне, диагноздың нақты қойылуына өзгелердің назарын аударды. Бұдан кейін халық қалау­лылары есту қабілеті нашар ба­лаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатқа келіп, мекеменің директоры Жанкелді Тәжиннің хабарламасын үлкен ыждағатпен тыңдады. 120 орынға шақталған интернатта есту қабілеті туабітті болмаса жүре келе зақымданған 151 тәрбиеленуші білім алады. Олардың 14-іне кохлеарлық имплантациялық ота жасалған. 2009-2013 жылдар аралығында 32 түлек жоғары, арнаулы оқу орындарына түссе, 18-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Қолданылған нақты шараларға қарамастан, есту кемістігі бар балалардың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны алаңдатпай қоймайды. Облыстық балалар ауруханасы жанындағы сур­дологиялық кабинетте 244 бала есепте тұр. 4500 нәрестенің 12-15-сі туабітті құлақ мүкісімен ауырады. Осында Түмен облысына қарасты Щадринск арнайы мектеп-интернатпен on-line конференциясы ұйымдастырылып, көптен бері ынтымақтаса жұмыс жасап келе жатқан мекемелер өзара тәжірибе алмасты. Шекаралас өңірде құлақ қондырғыларын ауыстыру, жөндеу, жаңалау ісі мемлекет тарапынан оң шешім тапқан. Халық қалаулыларының тағы бір аялдаған жері балалардың психоневрологиялық интернат үйі болды. Мекеме директоры Аягөз Ермағамбетовтің айтуын­ша, әлеуметтік оңалтудың жаңа стандарттары сегіз бағыт бой­ынша атқарылады. 3-18 жас аралығындағы 106 тәрбиеле­ну­шінің биылғы күтіміне 224 миллион теңге бөлінген. Протез-ортопедиялық орталығының Петропавл қаласындағы филиал жұмысы да қонақтардың ризашылығын тудырды. Өз өнімдерін Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарына, Астана қаласына жөнелтумен айналысатын кәсіпорында 82 адам жұмысқа тартылған. Орташа айлық жалақы 98 мың теңгені құрайды. Қызылжар ауданында депутаттар жұртшылықпен жүздесіп, жергілікті мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісті. Халық қалаулыларының Қы­­зыл­жар өңіріне жұмыс сапары кеше одан әрі жалғасты. С.Мұ­­қанов атындағы кітапха­нада Д.Назарбаеваның төрайым­дық етуімен Әлеуметтік-эко­но­ми­калық даму комитетінің көшпелі мәжілісі өтіп, 2012-2018 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары талқыланды. Онда мүгедек жандардың, балалардың құқығы мен өмір сапасын жақсартудың кешенді шаралары жөнінде ұтымды ұсыныстар айтылды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.