Аймақтар • 08 Мамыр, 2022

Өңірдің дамуына қолдау көрсетіледі

236 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды.

Өңірдің дамуына қолдау көрсетіледі

Премьер-Министр Қызылжар ауданындағы «Петерфельд-Агро» ЖШС-дегі көктемгі дала жұ­мыстарымен танысты. Ә.Смайыл­ов шаруа қожа­лық­тарымен жә­не агрокәсіп­орындардың бас­шы­лары­мен қызу сұхбат құрды. Олар­дың сұрағының негізгі бө­лігі салық салу, кадр даярлау, тыңайт­қыштар мен тұқым жеткізу жол­дары, астық өнімін сатып алу бағасы және субсидия мәселесіне арналды.

Ә.Смайылов Солтүстік Қазақ­станның еліміздегі ең үлкен астықты аймақтарының бірі еке­нін айтып, өңірдің өн­ді­рісті әр­тараптандыруда да алда келе жатқанын жеткізді. «Аймақтың бәсекеге қабілетті аса ірі көлемде өнім өндіре алатын мүмкіндігі мен әлеуеті жоғары. Тек жаңа техника мен технологиялар енгізіп, еңбек өнімділігін үнемі арттыра беру міндетін алға қойып отырмыз. Бұл шаралар халықтың нақты табысын арттырады», деді Үкімет басшысы.

«Петерфельд-Агро» ЖШС облыс­тағы 22 кәсіпорынның бірі болып тауарлы сүт фермасын ашқан. Қазір аймақта өндіріл­ген сүттің 55 пайызға жуығы өңде­леді. Бұл жетістікке атал­ған кәсіп­орын да үлес қосуда. Соны­мен бірге биыл облыста тағы 8 тауарлы сүт кешені ашылмақ. Премьер-Министр жыл сайын елімізде кемінде 35 тауарлы сүт фермасы іске қосылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Петропавл электротехникалық зауыты қызметімен танысты. «Қызылжар» еркін экономикалық аймағында іске қосылған зауыт қазір 1 млрд теңгенің тапсырысы бойынша жұмыс істеуде. Бұл қаражатқа кәсіпорын 4 мың бірлік трансформатор дайындамақ. Қазір мұнда 80 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның директоры Нұржан Абдоллаевтың айтуынша, зауытта кадр мәселесі өзекті. «Маман тапшы­лығы себепті зауыт толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Зауыт­тың өндіріс қуаты жылына 13 мың дана өнім шығаруға шақталған. Әзірге тек жылына 4 мың трансформатор ғана шығара аламыз», деді ол. Зауыт цехтарын аралап көрген Премьер-Министр кәсіпорынның жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта қол­дау болатынын жеткізді. «Мұн­дай зауыттар экономиканы әрта­рап­тандыру үшін маңызды. Әсіресе, қазір көрші елдерде қосымша нарықтар ашылып жатыр. Сондықтан Үкімет тарапынан осындай жобаларды қолдауға көмек көрсетеміз», деді ол.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан өзге де жобалар туралы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек баяндады. Оның айтуына қарағанда, жалпы құны 320 млрд теңгенің 37 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 4 мың адам жұмыспен қамтылып отыр.

Солтүстікқазақстан­дықтарды алаңдап отырған бір мәселе – 2-ші жылу-электр орталығының жағдайы. Наурыз айында оның бір мұржасы құлап, қаланы үлкен әбігерге салған. Мамыр айының соңына дейін апаттың орын алу себебі толығымен анықталмақ. Әзірге екі компанияда сараптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталықтың жұмысын қалпына келтіру үшін 17 млрд теңгеден астам қаражат керек.

Үкімет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.

Ә.Смайылов Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойын­ша Солтүстік Қазақ­стан облы­сын 2025 жыл­ға әлеу­меттік-эконо­микалық да­му жоспарына 1,8 трлн теңге қа­рас­тырылғанын атап өтті.

«Өңір басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – белгіленген жобаларды уақытылы және сапалы іске асыру. Себебі бұл әлеуметтік-экономикалық дамуға қосымша серпін беруі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатыр», деді Ә.Смайылов. Ол биыл об­лыс­ты да­мытуға 108,6 млрд теңге көздел­генін, ал бюджетті нақты­лау ке­зін­де қосымша 72,7 млрд теңге бөліне­тінін айтты.

Үкімет басшысы сондай-ақ қазіргі геосаяси тұрақсыздыққа байланысты әлемде азық-түлік тауарлары бағасының артқанымен өңір басшылығы ішкі нарықтағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуі керегін айтты. «Азық-түлік тапшылығы мен баға өсімін болдырмау үшін қолда бар барлық тетікті тиімді пайдалануы керек. Баға 15 пайыздан аспасын», деді ол. Сонымен бірге оңтүстік өңір­лерден және Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерден ерте пісетін көкөністерді әкелу үшін тікелей шарттар жасасу қажет екені ескертілді. Үкімет басшысы нақты тапсырмалар қатарында 2023 жылдың соңына дейін рес­публикалық маңызы бар Пет­ро­­павл – Қорған тас жолы учас­ке­сін толық іске қосуды жүк­теді.

Ә.Смайылов жасы 100-ге толған майдангер Валентина Волкодавтың үйіне кіріп, оны Жеңіс мерекесімен құттықтады. 1922 жылы туған В.Волкодав 1-ші Беларусь және 1-ші Украин майдандарында соғысы, 1941 жылдан 1945 жылға дейін соғыста болған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы