Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауалды республикалық референдумға шығару туралы қаулыға қол қойды. 27 жылдан кейін екінші рет қолға алынып отырған осынау саяси іс-шараны іске асыруға барша қоғамдық ұйымдар белсене кірісіп жатыр. Amanat партиясының облыстық филиалында да референдумды халыққа түсіндіру бойынша штаб құрылды.
Ал 5 мамырда Петропавл қаласында Sarap эксперттік клубының «Референдум 2022: саяси жүйені либерализациялау» тақырыбында аймақтық отырысы өтті. Іс-шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды. Оны «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов ашып жүргізіп отырды. Ол жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынғанын еске салды. «Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», деген еді онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Петропавл қаласында өткен іс-шараға қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары және ҚҚДИ сарапшылары қатысты. Отырыс барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға байланысты мәселелер талқыланды. Парламенттің рөлін арттыру, Үкіметтің Парламентке есеп беруі, халықтың сайлау құқын жетілдіру, партиялық тізіммен қатар мажоритарлық жүйенің енгізілуі, Президенттің саяси партиялардың бәріне ортақ болуы үшін бір партияның мүшесі болудан бас тартуы сияқты өзгерістер туралы жиналғандар өздерінің пікірлерін білдірді. Соның ішінде Жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның рөлі туралы айтылды. Отырысқа қатысушылар дауыс беру қорытындысы елдегі қоғамдық-саяси жағдайға оң әсер етеді деген қорытындыға келді.
ПЕТРОПАВЛ