Аймақтар • 09 Мамыр, 2022

Мерекелік велошеру

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласында Отан қорғаушы күніне арналған велошеру өтті. Жастарға елшілдікті, жалпыға бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйым­дас­тырылған мерекелік іс-шараға, арасында кәсіби спортшылармен қатар, әуес­қой велосипедшілер де бар, шамамен 500-ден астам адам қатысты.

Мерекелік велошеру

Мерекелік көңіл күйде өт­кен велосеруен 7 мамыр күні сағат 10.00-де облыс әкімдігінің алдындағы орталық алаңнан басталды. Қаладан шыққан соң Тобылдың ар жақ бетінде жатқан Ми­чурин ауылынан кері айналып 15 ша­қырым қашықтықты басып өткен вело­сипедшілер Гашек көшесіндегі Тәуелсіздік қақпасына бір-ақ келіп тоқтады.

Кәсіби спортшылар он бес шақы­рымды оп-оңай еңсерді. Алайда бұған дейін велосипедте көп жүріп әдет­тенбеген кейбір әуесқойлар мәреге жет­кенше алқынып, шаршаңқырап қал­ды. Өйткені қапталдап соққан қатты жел жыл­дамдықты арт­тыруға мұрсат бермеді.

Іс-шараға қатысушыларды үрмелі оркестрмен күтіп алған ұйымдастырушылар әр велосипедшіге шағын сыйлық тарту етіп, Отан қорғаушы мерекесіне ар­налған салтанатты жиын өткізді. Жи­ында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Виктор Ионенко Тобыл өңіріндегі вело­спорттың да­муына үлкен үлес қос­қан Ва­лентина Бобылеваны еске алуға арналған дәстүрлі көпкүндік маунтинбайк турнирінің бас­талғанын айтты.

– Көпкүндік турнирге елі­міздің әр өңірінен келген вело­спортшылардың біразы бүгінгі Отан қорғаушылар күніне ар­налған мерекелік шеруге де қа­тысып жатыр. Барлық меймандарды, қала тұр­ғындарын атаулы мерекемен шын жү­рек­тен құттықтаймын. Әсіресе кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп, бүгін жас­тармен бірге 15 шақырым қа­шық­тықты бағындырған спорт арда­герле­ріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Аспа­нымыз ашық, іргеміз бүтін, тату-тәтті, бей­біт тіршілігіміз баянды болсын! – деді В.Ионенко.

Жалпы, Қазақстан велоспортына биыл 108 жыл толып отыр. Бұл спорт түрінен ең алғашқы жарыс 1914 жылы Ақтөбе қаласында өтіпті. Оған не­бәрі 15 велоспортшы қа­тысып, мәреге Сыбағат Заби­ров бірінші болып жеткен. Жа­рысты ұйымдастырушылар жеңім­пазға саф алтыннан құйыл­ған 15 грамдық медаль тапсырыпты.

 

Қостанай облысы