Қандай оқу орнында болса да өнерлі жастарды ұстаздары жақсы көреді. Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде оқып жүргенде Сәния Аушуменова белсенді студент болды. Өзі поэзияны жанындай жақсы көретін ақынжанды қыз мың бұралып билейді. Спортыңнан да қалып жатқан жоқ, өзі оқу озаты. Әдетте, мұндай жастар диплом аларда қалада қалуға тырысады. Өйткені, көпшілігі ары қарай жоғары оқу орнында оқығысы келеді және өзінің болашағын да қаламен байланыстырғанды ұнатады. Отын бұтап, көмір жақпайтын, су тасымайтын қаланың қолайлы өмірін кім жек көрсін. Оқу озаттарына ұстаздарының “ауылға барыңдар” деп айта қоймайтыны да шындық. Сарысу ауданының Лесной ауылынан келіп оқып жатқан Сәнияны диплом аларда ешкім де ауылға сұранады деп ойлаған жоқ. Қу қыз ең соңғы күндерге дейін кейбір құрбыларындай ақтарылған жоқ, амалсыздан ауылға кетіп бара жатырмын деп қынжылмады да. Сарыкөлдің ауыз суы ащы, жуған кірің де ашылмайды. Тұрғындар суды флягтап сатып алып ішеді. Бірақ Сәнияға ауыз судың ащылығы да, тапшылығы да білінбейді, қыс болса қардың суын ерітіп кір жуады. Ол ақкөбік атып, кірді қалай ашады десеңші. Жаздың өз несібі тағы бар, жаңбырдың суын бір жинап алса, талай кір жууына жарайды. Рудный колледжінің басшылығына Сарыкөл ауданына Соналы ауылындағы қазақ орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі керек деген сұраныс түскенде Сәния ойланған жоқ, бірден жазылды. 90-шы жылдары берекесі кеткен ауылдың біріне мына қыздың сұранған батылдығына колледждегілер аса сене де қоймады. Құжатын дұрыстатып алып, қалаға тайып отыратын шығар деп ойлаған. Бірақ олар қателесті, өз қалауымен келген Сәнияның ауылдан кетемін деген ойы да болған жоқ. Ал Соналының жігіттері ауылға келген қызды қайтармайтынынан да Сәнияның ұстаздары хабарсыз болатын...
Соналы ауылы Сарыкөл ауданына қарағанымен, Сәния бойжеткен Леснойдан біраз қашықта жатыр. Соналы тарихымен де, бидайымен де, адамдарымен де атақты ауыл. Мұнда жүзге тартып жығылатын түтіннің барлығы дерлік қазақ отбасы, арпа ішінде бір бидай–Рыбиндердің өзі қазақшаңды мақалдап-мәтелдеп қайырады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін бұл ауылда орыс орта мектебі болды, кемпірі де, шалы да тілдерін бұрап, орысша сөйлейміз деп әуреге түсетін. Кейін мектеп түгел қазақшаға айналды. Мектеп директоры Қаду Сақауов ақынжанды, ақкөңіл кісі. Оның кабинеті кәдімгі кішігірім кітапхана, сурет музейі тәрізді. Аңқылдап келіп, кітаптарды алдымызға үйіп тастады.
– Ақын-жазушылардан қолтаңба алу–ең бір сүйікті ісім. Міне, Мұхтар Шахановтан бастап, өзіміздің қостанайлық жазушыларға дейін бар, – дейді Қадекең. Мектеп директоры қандай ұзақ өлеңіңді де көңілі түссе жаттап алады екен. Біздің келген шаруамызды иіріп қойды да, өзі кітап сөресінің алдына тұра қалып, қолды сермеп, бір ұзақ өлеңді нақышымен, мәнерлеп оқып тастады. Бұл осы Соналы аулының азаматы Рамазан Бекмағамбетов деген атамыздың соғысқа кетіп бара жатып, артында қалған інілеріне арнап жазған хаты екен. Өлеңнің анау-мынау кедір-бұдырлау жерін оқу мақамымен білдірмей жіберген мектеп директорына оның кабинетінде отырған ауыл әкімі Сағымбай Сүндетәлин, жас маман Сәния және оқу ісінің меңгерушісі Балдырған Халықова – бәріміз қол шапалақтадық.
– Қазақ бір әртістен айырылған екен, бірақ есесіне мұндай мектеп директорын табу оңайға түспес,–деген әзілге Қадекеңнің өзі де мәз болып күліп алды.
– Мектеп ауылдағы білім ошағы ғана емес, мәдени орталық. Мұғалімдерсіз ауылда ештеңе өтпейді, ауылдың ертеңін осы жас мамандар қалап жатыр, – дейді. – Мына Сәния келгелі ауылға би өнері келді. Өзінің оқытатын сыныбындағы балалар аудандағы байқаудан би билеп бірінші орынды алып келеді.
Сәния 2008 жылы осында келгенде бірінші сыныпты алған болатын. Биыл балалары үшінші сыныпты бітіргелі отыр. Алдында айналдырған жеті бүлдіршін отырады. Балаларды түске дейін оқытады, түстен кейін қосымша сабақтар өтеді, биге, драмаға баулиды. Сыныптағы жеті бүлдіршін оған оқушы ғана емес, туыстай болып кеткен. Балалардың ұстазға деген құрметі, ұстаздың беделі осылай басталса керек.
– Маған ауыл мектебі ұнайды. Қаладағыдай емес, мұндағы сыныптарда бала аз, сабақ үйретуге жеңіл. Оның үстіне кішкентай ауылдағы балалар алдыңнан өтпей сыйлап тұрады. Соналы ауылында бала тәрбиесіне тек ұстаз емес, бүкіл ауыл болып жауапты сияқты. Мектепте бір бала бұзықтық жасаса, ол қазір ауылдың барлығына жетіп тұр, – дейді Сәния.
Ол сыныбында шығармашылықпен жұмыс істейді. Балаларды поэзияны сүюге тәрбиелеп жүр. Өткен жылы ауданда өткен Мақатаев оқулары байқауынан Сәнияның оқушылары екінші орынды иеленді. Ал оқушылардың “Ата мекен” балалар шығармашылығы фестивалінде бірінші орынды алып келді.
Өткен жылы Сәния осы Соналыдағы Тимур Дүйсенов деген жігітке тұрмысқа шықты. Тимурдың он бала тәрбиелеп өсірген анасы Үмітпен бірге тұрады, сиыр, құс ұстайды. Екі жас әкесінің шаңырағын дөңгелентіп ұстап отыр.
– Соналының жігіттері жақсы қыздарды қайтып ауылдан шығармайды. Бұрынырақта жас маман болып келген едім, мені де соналылықтар алып қалған. 2006 жылы Гүлнар деген қызымыз физика пәнінен мұғалім болып келген, оны да алып қалдық, Қуандық Ескендіров деген жас жігіт денешынықтырудан сабақ беруге келген, ауылымыз ұнаған соң ол жас отбасын көшіріп алып, соналылық болып кетті. Былтыр Сәнияны да алып қалдық. Қазір ауылымыздағы үлгілі, мақтаулы келіннің бірі. Өткен жылы аудандағы “Келіндер сыны” байқауынан бірінші орын алып, ауылдастарын бір марқайтып тастады, – дейді Соналы мектебі оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Балдырған Халықова.
Соналы – халықтық дәстүр, кішінің үлкенді тыңдайтын, бір ауыз сөзге тоқтайтын ағайындық үрдіс үзілмеген ауыл. Мұнда келген жас мамандардың тұрақтап қалатыны да сондықтан болуы керек. “Ауыл азды, тозды” деп отыра бергенмен ештеңе өнбейтінін түсінген соналылықтар осыдан бір-екі жыл бұрын бір қимыл жасапты. Соналыдан шыққан батыр аталарының бірінің атына “Жәнібек” деген қор құрған. Содан осы ауылдан түлеп ұшып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, одан қалды Ресейде тұрып жатқан соналылық азаматтарға жылу жинатқан. Өткен жылы осы ауылдың 80 жылдық мерейтойы аталып өтердің алдында әлгі қор арқылы бір миллион теңге жиналып, оған ауылдағы біраз шаруа бітіп қалыпты. Жасыратын не бар, ауылды тау-тау болып малдың көңі басып қалған ғой. Оны уақтылы алысқа апарып төгіп тұрмаса, ауыл – ауыл емес, аурудың ұясы болып қалады. Өткен жылы осы Соналыда өскен кәсіпкер Жұмағұлов Серікбай деген азаматтың техникамен қамтамасыз етуі арқасында үй-үйдің арасынан 4,5 мың тонна қи далаға шығарылған. Ауыл іші тазарып қалды. Көшеге шам орнатылды, ауыл сыртындағы зираттар қоршалып, күтімге алынды.
– Ауылда ынтымақ, бірлік бар. Ынтымақ болған жерде іс жүреді. Ондай ауыл жастар үшін қызықты болады да, келген мамандар қайта кете қоймайды. Рас, ауылда ауыз су тапшы, малға да су, есіктің алдындағы бақшаға да су керек. Бұл мәселе де қаралып жатыр,–дейді Соналы қарайтын Тагиль ауылдық округінің әкімі Сағынбай Сүндетәлин.
Бүгінде ауылға дипломымен барған жастарға материалдық қолдау-көмек беріледі, пәтермен қамтамасыз етіледі.
– Мен келген 2008 жылы жас мамандар үшін жеңілдіктер қарастырылмаған болатын. Ештеңе де алған жоқпын. Оған өкінбеймін. Менің өзім ештеңеден мұқтаж емеспін. Тек Соналыда жас мамандарға арнап үй салынса, телефон орнатылса, ең бастысы ауыз су мәселесі шешімін тапса екен, – дейді Сәния.
Соналының бұрынғы дәурені, бұрынғы даңқы қайтып келеріне ауылдастардың сенімі мол. Өйткені, аудан басшылығы да қарап отырған жоқ, ауызсу құбырын тартудың қамында. Жас мамандардың келуі ауылға жыл құсындай жылылық әкелгендей. Соңғы кезде Соналыдан кетіп жатқандар аз көрінеді. Сәния мұғалім келіннің аяғы ауыр, ауыл осы жазда шілдехана да күтіп отыр. Соналының қазығы бүлдіршіндерді білімге сусындатып жатқан Сәния болмағанда кім дейсіз?
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай облысы,
Сарыкөл ауданы,
Соналы ауылы.