18 Мамыр, 2010

ЖЕМІСТІ ЖҰМЫС ЖЕҢІСІ

770 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Кез келген адамның қолынан келер ісін алаңсыз жүргізіп еңбек етуі, сол арқылы өзіне де, елге де пайда келтіре алуы, ең алдымен, мемлекеттің әділ заң­дарына бай­ланысты. Бірақ қағазға басыл­ған қандай заң болмасын әуелі оның орын­далуы қажет. Өйткені, орын­далмай­тын заң ұшпаққа шығар­майды. Алайда заңның негізгі мақ­сатына сәйкес қол­даны­латындай болуы үшін оны кім қалай жілік­тейді, яғни пайдаланады деген сұрақ та туын­дайтыны анық. Мұн­дайда ақыры дауласқан жандардың ісін түбіне дейін жеткізетін сот қана, яғни оның шығарған шешімі екі тарап та тоқтайтын әділдіктің қазығына айналуы керек. Әйтпесе заң бар ғой дейтін жандардың үміті ешуақытта ақталмайды. Ал дауласқан жандарға қазылық ету оңай емес. Бұл орайда заң қа­лай жазылса сол ба­ғыт­та шешім шығара салуға болады дейтін­дер табылар. Біле білсек, бар мәселе осы тұстан бастау алады. Шешім дұрыс шықпа­ды, заң бұрмаланды дейтіндердің де шу көте­ретіні осы жәйтке байланысты туындай­ды. Демек, екіұдай мәселе туын­да­мас үшін заңды ешкім де бұрмалай ал­мауы тиіс. Ол үшін үмітін үкілеп сотқа келген тараптар әділдік тара­зы­сы қалай тартылатындығына көздерін жеткізе алуы керек. Біз осы тұрғыда Жоғарғы Сот аппа­ра­­ты­ның басшысы Жаз­бек Әбдиев­пен әңгімелесу барысында іске асырылған және атқарылып жатқан біраз игілікті істің жүзеге асқанына куә болдық. Жоға­ры­­дағы көптеген күрделі мәселе­лердің шешімін табу жолдары айқындалып, оның үнемі заң жүзін­де ғана іске асуы ор­ныққан. Қажырлы ізде­ніс арқылы әлем­нің озық ел­дері­нің жетіс­тік­терін зерттеу, талқылау нәти­жесін­де тәжіри­бе­­лердің қонымдысын  игеру секілді үздік­сіз сынақ­тардан соң қабыл­данған нәти­желер жемісін берді. Міне, сол еңбектің жемісін әркім тата алса ғана Жо­ғар­ғы Соттың қазіргі ұстанып отырған бағытының дұрыс­тығына иланбайтын жан қалмайды. Мемлекет басшысының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі ретінде әлемнің дамыған елу елінің қатарына ену сол елдердің озық тала­бы­на сәйкес болу деген сөз. Ол талаптардың бірі де бірегейі адам құқығының жоғары дең­гей­де жетік қор­ғалуы. Құқықтық-демократия­лық жолға қадам басқан еліміздің негізгі ұста­нымы да бейбітшілік, әлемнің тыныш­тығы. Бұл орайда тарихта тұңғыш рет Орталық Азия­дағы мемлекет – Қазақстан Еуро­па­дағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымы төр­аға­лы­ғы­на қол жеткізді. Еліміз осынау мәрте­белі мін­детті Ұйымға мүше барлық мем­ле­кеттер қол­даған нақты мақ­сат аясында іске асырып келе­ді. Бұл әр елдің дәстүрін сыйлап, бір біріне се­нім артып, қандай істе болмасын ашықтық біл­діру. Соған орай төр­ағалық ету ұраны да сенім, дәстүр, ашықтық және төзім­ді­ліктен тұра­­ды. Осы төрт сөздің әрбіреуі­нің астарында үл­кен ма­ғына жатқан­дығын және оны сот жү­йе­сі жұ­мы­с­ына да қазық етіп пайдалануға бола­­тын­ды­ғын Ж.Әбдиев нақты мысалдармен келтіреді. Сот қашанда халыққа қызмет етеді. Ел­мен тығыз араласып, ашық жұмыс іс­тей­ді. Мемле­кеттің эконо­микалық қауіп­сіз­дігін қамта­масыз етіп, бейбітшілік пен тұрақты­лықты, адамдар арасындағы дос­тық пен бірлікті, татулықты жақтайды. Сөйтіп, өзінің оң іс-әрекеті арқылы билік­ке деген халықтың сенімін қалыптасты­рады. Кез келген даулы мәселені қараған судья­ның жанын­да осы қағидалар үнемі сақта­лар бол­са және оның үлгісін пайда­ла­нып отырса әділдіктің тура жолы­нан ешуақытта таймайды. Сол сияқ­ты істі жүр­гізетін судья алдына жүгін­ген екі тарап­қа да сеніммен қарауға тиіс. Мейлі ол жәбірлеуші яки жәбірленуші болса да сотта ай­тылған мәлі­мет­тер талқыға салы­на­ды. Сон­дық­тан екі жақ­тың да уәждерін судья сеніммен қа­был­дайды. Сенім бір­жақты шешім шығар­мас үшін өте қажет. Ал ата-баба­ларымыз тура биде туған жоқ деп айт­қан­дай, қара қылды қақ жара­тын би­лері­міздің тура сөзі­не тоқтаған халқы­­мыздың дәстүрі қа­зір қажет-ақ. Салт-дәстүрін ардақтай білген ел ұтылмай­ды. Демек, соттың қызметі қашан­да ашықты­ғымен халықтың нақты бағасына ие бола алады. Жабық күйде қаралатын кейбір қылмыс­тық істер туралы заңда арнайы бап­тар бар. Оның жөні басқа. Өзге істерде ха­лықтан жасыра­тын еш­теңе жоқ. Сол сияқт­ы сабыр түбі сары алтын дегендей, біздің төзім­ді­лігіміз көптеген қиын-қыстау кезеңдерден аман-есен алып шыққаны белгілі. Жазбек Әбдиевтің айтуына қа­ра­ғанда, бұл жаңалықтарды жүзеге асыру қадам­дары сот жүйесінде басталып та кеткен көрінеді. Жоғар­ғы Сот Төрағалығына Мұса­бек Әлім­беков тағайындалысымен ол, ең алдымен, судьялар алдына ашық болу талабын қойды. Ашық­тық бар жерде заңды бұрмалау мүмкін емес. Әр судья­ның не істеп жатқаны сырттай көрініп тұрса, оның тура жолдан тая қоюы да екіталай. Бұрын да өзі судья болып таба­ны күректей сегіз жыл қызмет атқарған аппарат басшысы таразы басын тең ұстау жұмысының қыр-сыры мен ауыртпалы­ғын жетік біледі. Ал одан кейінгі жылдары атқарушы органдарда қызмет істеп жүр­ген­де сот жұмысына сырттай бақы­лау­шы ретінде де қарап, талай кем-кетікті аңғар­ғаны бар. Ондай кемшіліктерді жоюдың амалдары жылдар бойы тірнектеп жина­ла­тыны белгілі. Бірақ, соттың қазіргі жеткен биігі сол ұзақ жылдар бойы осы салада тия­нақ­ты да тындырым­ды жұмыс істеген адам­дар­дың жетістігі екені сөзсіз. Алайда уақыт бір орында тұрмайды. Өмірдегі өзгерістер күн өткен сайын құбы­лып жатыр. Сот жүйесі де үнемі өзін өзі дамытып, ағынның алдын­да жүруге тиіс. Соған сәйкес сот жүйесінің алды­на мүлде жаңа міндеттер қойылып отыр. Қазір осы міндеттерді іске асы­руға байла­ныс­ты бірқатар бағдарла­малар дайындалды. Барлық сот төрағалары өздерінің ресми сайт­тарын ашты. Олар­дың ішінде кей­біреулері халықпен тікелей қарым-қатынас орнату үшін жеке блог­тарын бекітті. Жоғарғы Сотта бұл үрдіс ерекше қарқынмен жүзеге асы­­рылды. Ол бүгінгі таңдағы әлем­­­дік жаңа технология­лық жетіс­тік­термен одан әрі дамытылып, еліміздің кез келген аймағындағы азамат­қа Жоғарғы Сот Төра­ғасы­мен тілдесуге мүм­кіндік туғызыла­тын­дай арнайы бағ­дар­ламаға ұлас­тырылып жатыр. Демек, астанадан шалғайда жатқан елді мекен­дер­дегі тұрғын­дар­дың да Жоғарғы Сот Төраға­сының тікелей өзіне қояр сауал­дары болатын­дығы сөзсіз. Міне, осы жағ­дайда интер­нетті пай­­­даланған жан алыс­тан ат шал­ды­рып, уақыт оздырып жатпай-ақ аталған жаңа бағдарлама арқылы көзбе-көз отырғандай сөйлесе алады. Сот ашықтығын қалыптастыру­дың тағы бір қадамы ретінде Атырау, Ақтөбе, Тараз және тағы басқа да қалаларда сот істері бо­йын­­ша анықтамалық бағдарлама­сы енгізілді. Ол еліміздің сот орган­дары­­ның бірыңғай авто­­мат­танды­рылған ақ­параттық талдау жүйе­сін дамыту аясында іске асырылған. Бұл бағдарлама сот про­це­сіне қаты­сушыларға, яғни құқық бұзу­шыға, талапкерге, жауапкерге, олар­дың өкілдеріне, қорғаушыға, про­курор­ға, жә­бір­ленушіге, сотталу­шы­ға немесе соттал­ған­ға және мүдделілік танытқан кез кел­ген басқа жанға об­лыстық және оған теңестірілген сот­тардың веб-сайт­тары арқылы бірін­ші, аппеля­циялық, кассация­лық саты­лар­да қарал­ған не­месе қаралатын аза­маттық, қылмыс­тық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің үде­рісін байқауға мүм­кіндік береді. Қа­жет­­ті сот актілері­мен танысып, кө­ші­ріп немесе қағаз­ға басып шығара алады. Демек, осы бағдарлама арқылы жоғары­дағы аталған сот процесіне қатысушы­ларға істің жай-күйін кез келген уақытта және шетелде жүріп те біліп отыруына толық мүмкіндік бар. Бұл жаңалық сотқа қатысушы­лар үшін өте ыңғайлы әрі сенімді ақпарат көзі болып табылады. Бәрінен бұрын сыбай­ластықтың жолы кесіледі. Әрине, кез келген сот ешуа­қытта ал­ды­на жүгінген тараптардың бәрінің талаптарын бірдей қанағат­тандыра алмай­ды. Міндетті түрде олардың бірі риза болмай қалады. Сондықтан соттың бұл жердегі ең басты міндеті әлгі қана­ғаттан­бай кеткен тарапқа шешімнің нелік­тен осындай болып шыққандығын жете түсін­діре алуында деп білеміз. Көзін жеткізіп, түсін­діріп бере алмаса, бір шикілік бар. Сарапшы­лар зерттеуіне қарағанда, еліміз­дің аудандық сот­тарында қаралған істер­дің 96 пайызға жуы­ғына екі тарап та қанағаттанар­лық баға бере­ді екен. Сон­дық­тан да облыс­тық және Жоғарғы Сот­тағы инстанцияларға екі пайыз ғана арыз түседі. Олар осы екі пайыз тараптың ары­зын тексеріп, қайта қарағанда нақты заңды әділдік­ке жетуі тиіс. Ол үшін сот жүйесінің өзі кіршік­сіз тазалыққа қол артып, адалдықтың шыңы­нан көрінуі керек. Әрине, судьялардың бәрі сүттен ақ, судан таза дей алмаспыз. Өйт­кені, заман солай болды ма, кім біледі, әйтеуір 2005-2008 жылдары парамен ұстал­ғандар саны айтар­лықтай өсіп, осы үш-төрт жылдың ішінде қылмыстық жауап­кершілік­ке 54 судья тартылған. Тек 2009 жылы бұл үрдіс төмендеп, төрт судья ғана сотталды. Ал 2010 жылдың осы өткен кезеңінде бірде-бір судья қыл­мыстық жауапкер­шілікке тартылған жоқ. Әрине, бұл дегеніңіз әр судья­мен тынымсыз атқарылған жұмыс­тың жемісі. Бірақ осы орайда ой­лан­дыратын да жәйттер жоқ емес. Жалпы, қазір респуб­лика бойынша 2567 судьялық орын бар екен. Ал судья болуға талпынып барлық тәжірибе мен сынақтардан, тіпті әділет біліктілік алқасының сыны­нан өткен, тек тағайындау ғана қалған болашақ судьялар саны 3 мыңнан асып кеткен. Бұл қалай? Бізде әлде әділқазылық етуге лайықты адамдар көп пе, әлде судьялыққа өту жол­­дары тым жеңіл ме? Немесе судья­лыққа өтудің басқа жолдары бар ма? Неге десеңіз, өзге елдерде мұндай жағдай кез­дес­пеген көрі­неді. Демек, бұл артық жа­сай­мыз деп асыра сіл­те­гендік қой. Ал дамыған елдер­де 100 үміт­кердің 95-і судья­лыққа өте ал­май қалады. Бізде болса керісінше, асып кетіп отыр. Нелік­тен? Күдік бірден жо­ғарыда аталған әділет біліктілік алқа­сына түсті. Сөйтсе, расында олардың сұрақ­тары өте жеңіл, компью­терлік тест тапсыру деген атүсті жүргізі­леді екен. Оны кейін өзгерту де қолда тұрған шаруа көрі­неді. Демек, мұндай судьяларды ірік­теу, сынақ­тан өт­кізудің бәрі Ж.Әбдиевтің айтуын­ша, ашық жүргі­зі­­луге тиіс. Әрбір үміт­кердің қанша сұрақ­қа қалай жауап бергені жұрт­тың алдында көрініп тұрса және қанша балл жинағаны белгілі болса, оны өз­герту мүмкін емес. Оның үстіне сұрақ­тарды күр­де­лен­діріп, сапаға мән беру қажет. Сонда осындай талаптардан өткен судья кейін өзінің білімімен де, мәдениетті­лігімен де, келісті кескіні­мен де бірден жұртқа әсер ете алады. Қазір жалпы республика бо­йын­ша 2430 судья қызмет атқа­ра­ды. Жүзден астам орын әр­қашан бос тұрады. Біреу зей­неткерлікке шыға­ды, біреу науқас­танады, біреу ауысады, қызмет­тен шыға­ды деген­дей алмасып жатады. Бірақ елі­міз­дің төрт бұрышындағы судья­лар­дың қайсы­сы ардан аттап қояты­нын алдын ала білу мүмкін емес. Көбіне қылмыс жасап, қолға түс­кен­де ғана олардың есімдері аталып жатады. Ал осы екі мың жарым­дай қызмет істеп жатқан судья­лардың бірде-бірінің қылмыс жасамай­тын­дай дәрежеде тұруы үшін не істеу керек? Ол үшін Жоғарғы Сотта арнайы сот мони­торингі атты бөлім ашылды. Осы бөлімде атал­ған судья­­лардың жұ­мы­сы сүзгіден өткізі­леді. Олардың әрбір қараған істері талқыға салына­ды. Шығарған шешімдері мен үкімдері кейін бұ­зыл­ды ма, жоқ па, арыздану­шылар болды ма, жоқ па дегендей сұрақ­тар есепке алынады. Егер бір судья­ның үш шешімі жоғары тұр­ған инс­танция­ларда бұзылар болса, оның бар жұмы­сы, білімі, мінез-құлқы тал­қы­­ға салынады. Жұрттың ол тура­лы көзқарасы, пікірі де сұрала­ды. Мәселен, үсті­міз­дегі жылғы бірінші жарты­жыл­дықта 63 судья­ның ісі мониторинг­ке түскен. Әри­не, олар­дың бәрін бірдей жұ­мыс­тан шеттету мүмкін емес, бірақ бұдан былай олар­дың әр ісі бақы­лауда тұрады. Осыны алдын ала сезінген әлгі 63-тің же­теуі өз еркі­мен қыз­меттен босануға арыз берді. Олар өздерін Сот жюриі­не жібер­меуді немесе Прези­дент Жарлы­ғы шық­қан­ға дейін ұста­мау­­ды сұрады. Әйтпесе теріс мінез­демемен шыға­рылса барлық жеңілдіктен жұрдай қалып, не қайта қызметке тұра алмайды, не дұрыс зейнеткерлікке шыға алмай қалады. 39 судьяның ісі облыстық сот деңгейін­дегі жал­пы отырыстар­ға қарауға жіберілді. Қалған он бір судьяның ісі Сот жюриіне салынбақ. Демек, бұл мониторинг деген адам тағдыры­на араласатын судья­лардың арасында нағыз адал жан­дардың қалуын қалыптас­тыратын, адалдар мен арамдарды сүзгіден өткізетін жаңа жүйе болып табыла­ды. Мұндай жүйеден іріктел­ген судьялар алдына келген тарап­тың бірінің де обалына қалмайты­ны анық. Ал сот әділ шешім шығарған соң ол туралы толық түсінік беруге қашанда әзір дейді Ж. Әбдиев. Оң шешім шыққанға дейін сот бүйтіп жатыр, өйтіп жатыр деп ерте бастан жалаулатып теріс әрі жалған дақ­пырт тудыру сот ісіне араласу, яғни қысым жа­сау болып табылады. Міне, жоғарыда айтқа­ны­мыздай, заңның талапқа сай орындалуы, судьялардың таразы басын тең ұстауы, ең алды­мен, Жоғарғы Соттың күнделікті атқарып жат­қан осындай қызметтерінің нақты жемісі деп білеміз. Александр ТАСБОЛАТОВ.