Аймақтар • 12 Мамыр, 2022

Полицейлер «Жігіт сұлтанын» анықтады

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысының ПД «Жігіт сұлтаны» байқауын өткізді. Онда полицейлердің тек кәсіби және күштік қабілеті ғана емес, шығармашылық, көшбасшылық қасиеттері де сыналды. Басты шарт – мемлекеттік тілді қолдану шеберлігі болды.

Полицейлер «Жігіт сұлтанын» анықтады

Байқаудың бірінші ке­зеңінде спорттық сынақ­тар өткізіліп, қару қолда­ну даяр­лығы, жүгіру жылдам­дығы, қол қайраты, тирдегі нысана­ны ату дәлдігі сыналды. Қалған ке­зеңдер – интеллектуалдық және шығармашылық бағытқа арналды. «Өзін таныстыру», «Үй тапсырмасы», өнер және сұрақ-жауап сынақтарына қатысушылар мұқият дайын­далғандығын көрсетті.

Байқауға облыстық по­ли­­­ция аппараты жетекші бө­ліністерінің қызметкерлері қатысты. Жедел уәкілдер, тергеуші, криминалист, айда­уыл, күзет полицейі – бәр-бәрінің арасынан сынаққа қатысушылар болды. Қазылар алқасының құрамында «Қазақ тілі» ха­лықаралық қоғамы облыс­тық фи­лиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов, облыс әкімдігі­нің Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқар­масының бас маманы Фарида Тұяқова, СҚО ПД және Ұлттық ұланы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов, СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Сәуле Андағұлова болды.

Жеке өнерін көрсеткен­дер арасында Жедел-крими­налистикалық басқармасының криминалисі, полиция майоры Ниязбек Қожахметов көрермен қауымды таңғалдырды. Ол өрім өнерін бала кезінен үйренген екен, қазылар алдында қамшыны қысқа мерзімде шебер өріп берді. Сонымен бірге өрім әдістері туралы, қамшыны пайдалану ырымдары туралы да қысқаша баяндады.

Ән орындауда аға жедел уәкіл, полиция майоры Ринат Ыбраев «Отан Ана» әнін ерекше айтып, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Жігіт сұлтаны» байқауының қо­­рытындысы бойынша «Өнер­лі жігіт» номинациясында аға жедел уәкіл, полиция майоры Ринат Ыбраев үздік деп танылды. «Білімді мыңды жығар» номинациясы бойынша Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Әділ Шұғаев, «Жеңіске деген жігері үшін» номинация­сы бойынша жедел уәкіл, полиция капитаны Жастілек Есдәулетов, «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясы бо­йынша Тылдық қамтамасыз ету басқармасының полицейі, полиция сержанты Бахтияр Әубәкіров жеңімпаз деп танылды. Үздік шыққандарға сыйлықтарды ПД бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдылдинов тапсырды.

 

ПЕТРОПАВЛ